12 декабря 2019 г. 17:19

Арнайы прокурорлардың ісі: бұл әлі соңы емес

Фото:

Адвокаттар Олеся Кексель мен Бауыржан Ғаббасовқа қатысты тергеудің тоқтатылуына байланысты сотқа шағымданбақ. (Время газеті, Дело спецпрокуроров: это еще не финал)

Осы тақырыпқа:   Қожамжаров Кексельді НЕГЕ қорғаштайды? 

Қарағанды қаласының Саран қалашығында жылу есептегіштерді ұрлау бірқатар даулы оқиғаларға ұласты. Оған Энергетика вице-министрі Анатолий Шкарупа мен тағы екі адам айыпталып жатыр. Бас прокуратураның жанындағы арнайы прокуратура қызметінің бастығына дейін лауазымдарға ие болған, жемқорлардың қас дұшпаны Олеся Кексель тергеушінің кабинетінде «мені азаптады» деген азаматтың таққан айыбы үшін жауап беріп, ақталып жатқаны бұрын-соңды болған іс пе еді?! Рас, өткен жұмада полиция «қылмыстық оқиға жоқ» деп сотқа дейінгі тексеруді тоқтатты. Бірақ бұл іске нүкте қоюға әлі ертерек.

Олеся Кексель мен Бас прокуратураның жедел тергеу қызметі тобының қызметкері Бауыржан Ғаббасовты тергеуге, қорғану құқығымен куәгерлер ретінде беттестіруге сүйреп жатыр. Мұның белгілі болғанына бір ай да болған жоқ. Азаптады деп айыптаған – кәсіпкер Нұрлан Нәбиев. Қант диабетімен ауыратын бизнесмен өзіне және серіктестеріне жала жабуға мәжбүр болғанын айтады. «Сыбайластары» – Анатолий Шкарупа мен «ТКШ даму қоры» АҚ басқармасының бұрынғы төрағасы Қайсар Байдалы. Жоғарыда аты аталған арнайы прокурорлар оны тамақтан, судан, тіпті, дәрі-дәрмектен қағып, қысым жасап, қоқан-лоққы көрсеткен. 

Бұл ақпарат жария болған соң, іле-шала Саран жылу есептегіштеріне, басқа салаларға қатысты көптеген қызық жайттардың құлағы қылтиып шықты. Мәселен, Кексель мен Ғаббасовтың бұрынғы басшысы, қазіргі сенатор Қайрат Қожамжаров бұрынғы қоластындағы қызметкерімен (Кексельмен - ред) әлі күнге дейін байланыста екені жайып салды. Сенатор Кексельдің сөзінен полицейлердің тергеуді тоқтатқанын біліпті-міс. Мұны ол Олеся Иванқызын Нәбиевпен беттестіріп жатқан кезде айтқан. Бұл сөзі шындыққа мүлде сәйкес келмейді. Сондықтан ІІМ баспасөз хатшысы сенатор сөзіне дереу терістеме беруге мәжбүр болды.

Осы тақырыпқа: Ескіден келе жатқан егес

Бұған дейін де сенатор Қауіпсіздік кеңесінің отырысында «Шкарупаның 215 миллион теңге ұрлауға қатысы бар» дегенді айтып қалған. Алайда сарапшылар «104 миллион» деп көрсеткен іс сотқа түсті.

Өткен жазда еліміздің заңгерлері арасында «Олеся Кексель адвокаттардың қатарын толтырмақ» деген сыбыс тарады. Бірақ ол лицензия алушылардың тізімінен табылмады. Есесіне, оның басына бұлт үйіріле бастаған кезде, бұл тақырып қайта алдымыздан шықты. Қарағанды облысының адвокаттар алқасының төрағасы Оқас Әбікенов Олеся Кексельдің астанада офисі орналасқан Bartenev & Partners атты адвокат кеңсесі жанында тағылымдамадан өткені туралы ақпаратты растады. Бірақ прокурор болып жүріп, сынақ мерзімінен өткеніне ол аса қысыла қоймаған секілді! Өйткені, Кексельдің өз еркімен қызметтен кету туралы өтінішіне сәуір айының аяғында ғана қол қойылған, ал прокуратураның кадр резервінен маусым айының басында шығарылған. Кексель адвокаттық жұмысының қыр-сырын үйренуді наурыз айының (!) соңғы күндері бастап, қыркүйек айында аяқтапты.

– Ондай болады. Ол қызметінен (құқық қорғау органдарынан) кетуге бел буып, екінші айда адвокатурада тағылымдаманы бастауы мүмкін. Тағылымдама жетекшісі оған тапсырма береді. Стажер сот процестеріне қатысып, қандай да бір құжаттарды әзірлейді, – деп түсіндірді Оқас Әбікенов. – Кексель тағылымдамадан сәтті өткен. Тергеуде он жыл өтілі бар адам ретінде біліктілік емтиханынан босатылған. Бірақ ол әлі лицензия алған жоқ. Үш жылдың ішінде алуға құқығы бар.

– Олеся Иванқызының өзі Серік Ахметовтің ісінде тергеуші болғаны мәлім. Экс-премьерді қорғаған адамның адвокат кеңсесіне баруы қаншалық қызметтік әдепке сай келеді?

 – Бұл жерде заңға томпақ келетін ештеңе де жоқ. Тек азаматқа айыптаушы үкім шығарған сот оны кейін қорғай алмайды. Басқаларына болады. Оның үстіне, Ахметов ісін Кексельдің жалғыз өзі емес, бірнеше қызметкерден тұратын жедел тергеу тобы тергеді. Бәлкім, оның бұл іске тікелей қатысы болмаған шығар.  

Оқас Әбікеновтің айтуынша, Олеся Иванқызы заңға сәйкес жарты жылдық тағылымдаманың ақысын төлеген. Бірақ адвокаттар арасында Әбікеновтың көзқарасын бәрі бірдей қолдап отырған жоқ.

– Прокуратурада жұмыс істеп жүріп, Кексельдің тағылымдамаға қабылдануы қызық жайт екен, – дейді Анатолий Шкарупаның қорғаушысы Нұрлан Бейсекеев. – Мемлекеттік қызмет және құқық қорғау органдары туралы заң бар. Онда қызметкердің басқа қызметпен айналысуға құқығы жоқ екені айтылған. Меніңше, Әділет министрлігі мұндай тағылымдамалардың заңдылығын тексеріп, оны жарамсыз деп тануы керек. Стажер тек қана күндізгі бөлімде тәжірибеден өтуі тиіс. Егер арнайы прокурор қызметін атқарып, сол үшін жалақы алып жүрсе, Кексель қалай сотқа барып, оған жетекшілік ететін адвокатпен істі қараған? Бұл жалғыз жайт емес. Мен адвокаттық лицензияға осындай жолмен қол жеткізген бірнеше қызметкерді білемін.

– Сонда тағылымдамадан өту барысын ешкім бақылап отырған жоқ па? Бәрі сенімге құрылған ба?

– Солай болып тұрған сыңайлы. Бұған ешқандай жаза қарастырылмаған. Егер Әділет министрлігі қандай бір шара қолданғысы келмесе...

– Сіздің қорғауыңыздағы адамға тоқтала кетейік. Сенатор Қожамжаровтың түсініктемесінде, Кексель мен Ғаббасов дауы Анатолий Шкарупаның жемқорлық ісін жабуға тырысқан қорғаныс тәсіліне байланысты көтерілді деген нұсқа айтылды. Айталық, Нәбиевтің берген куәлігі жарамсыз дәлел деп танылсын дейік. Бұл жағдай айыптаудың ұстанымын жоққа шығаруы мүмкін бе?

 – Заң бойынша, адам тек дәлелдердің жиынтығы бойынша ғана кінәлі деп танылады.  Сонымен қатар, барлық күдіктер айыпталушының пайдасына шешіледі. Бір адамның куәлігі істі бүлдіре алмайды. Өйткені, басқа адамдардың да берген кәуліктері, мамандардың қорытындысы және алдағы сот барысында айтамыз деп отырған басқа да жайттар бар, – дейді Нұрлан Бейсекеев.

– Бұл жерде әңгіме тергеудің рұқсат етілмеген тәсілдері туралы болып отыр. Айтпақшы, біздің арнайы прокурор Бауыржан Ғаббасовқа тағар кінәрат-талаптарымыз көп.  Шкарупаға бұлтартпау шараларын таңдағанда сотты алдады. Ол «Анатолий Валераұлы қашып кетуі мүмкін, Нұр-Сұлтан – Мәскеу рейсіне билет алып қойған» деген болатын. Бірақ оған айғақ келтіре алмады. Өйткені, шын мәнінде ешқандай билет болмаған. Авиакомпания менің сауалдарыма осылай жауап берді.

Біздің қолымызда Шкарупаның барлық сөздерін тексеруге міндеттеген Генпрокуратураның атына жазылған тергеу сотының жеке қаулысы да бар. Алайда Бас прокуратура бұл тергеу туралы бізге ешқандай ақпарат бермеді. Мен оның тоқтатылғанына сенімдімін. Сотқа тағы да шағым түсіруге тиісті қаулы ала алмай отырмын. Оның үстіне, Саран қалалық соты, біздің көзқарасымыз бойынша, Шкарупаға бұлтартпау шарасын ұзарту мәселесін әлі шешпеген. Енді ол бір айдан бері, біздің пікірімізше, заңсыз қамауда отыр.

Сондықтан біз мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа ашық хат жазып, біздің ісімізді бақылауға алуын сұрадық. Бұл біздің президент әкімшілігіне жасаған жалғыз өтінішіміз емес. Бірақ жария болған біріншісі – осы.

Біз кәсіпкер Нәбиевті қорғап жүрген адвокат Хамида Айтқалиевадан «қарсыластарыңыз «жалған ақпар берді» деп жауап соққы жасамай ма?» деп сұрадық.

– Өз құқығын пайдаланған Нәбиевтің мәлімдемесін жалған ақпар деп қарастыруға болмайды. Кез келген сот мұны қорғаныс тактикасы деп бағалайды. Мұндай мәселелер бойынша қалыптасқан сот тәжірибесі бар, – деп түсіндірді Хамида Айтқалиева. Оның сөзіне қарағанда, Кексель мен Ғаббасовтың жеңісті тойлауына әлі ерте:

– Тергеушінің қаулысы қолымызға түскен сәттен бастап, сотқа шағым беруге шешім қабылдадық. Тергеушінің 19 желтоқсанға дейін тергеу мерзімін ұзартуға өтініш жасағаны мәлім. Ол бірқатар тергеу әрекеттерін, Нәбиевке соттық-психиатрлық сараптама жасауға ниетті. Бұл – Ыстамбұл хаттамасы бойынша арнайы тергеу (азаптаудың психологиялық айғақтарын анықтау үшін). Алайда Бас прокуратура мерзімді тек 6 желтоқсанға дейін ғана ұзартты. Егер сот «іс заңсыз тоқтады» деп тапса, ІІМ-нің оны аяғына дейін жеткізуге уақыты болады. Жауап алу кезінде, беттестіру кезінде не болғанын ашып айта алмаймын. Мен тек қана Кексель мен Ғаббасовтың кінәсін мойындамағанын айта аламын. Алайда, менің көзқарасымша, олар Нәбиевтің шындықты айтып тұрғанын растады.

Ирина МОСКОВКА, фото автордікі, Қарағанды

Тегтер: