Аркадий Дубнов: Жолдауда Ресей туралы бір рет қана сөз болды
ТМД елдері жөніндегі Ресей сарапшысы Аркадий Дубнов Орталық Азия елдеріне де, Қазақстанға да жақсы танымал. Ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауын тыңдап, алғашқы әсерін әлеуметтік желілерге бөлісіпті. Осы жазбасын Ресейдің белді ақпарат көздері бірінен соң бірі жариялап жатыр.
«Қызым саған айтам, келінім сен тыңда» деген сөз бар қазақта. Ресейлік сарапшының пікірі осыны еске түсіреді. Біздің ел, біздің президент және оның Жолдауы туралы сөз еткенмен, сөзінің жүйесі ресейліктерге қарай айтылғаны анық көрінеді. Сырт көз – сыншы, жазба мәтінін сәл ғана ықшамдап назарларыңызға ұсындық. Сонымен, Дубнов не дейді?
«Қазақстанда мемлекетке қарсы жасалған ең ауыр қылмыс не екенін білесіздер ме? Ол – мемлекеттік органдардың кәсіпкер қызметіне, жеке бизнеске заңсыз араласу. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауында мәлімдеді.
Осылай екен. Басты қылмыс – Қазақстанның әскери зауыттарының құпиясын жауға ашып беру емес, аумақтық шегіну мүмкіндігі туралы мемлекетке қарсы дискуссиялар емес, міне мынау: қарапайым әрі бәріне түсінікті жайт, адамдардың заңды түрде өмір сүруі үшін ақша табу құқығына қол салу.
Бізде, Ресейде мұны естудің өзі құлаққа түрпідей тиеді...
Бір жыл бұрын Қазақстанда Елбасының ықтиярымен билік транзиті болды. Назарбаевты екінші президент Тоқаев алмастырды. Пандемия Қазақстанға өте ауыр тиді. Тіпті, көршілерімен салыстырғанда да.
Іс жүзінде екі билік орнаған жағдайда, мұрагер билігін қолдануға тура келді. Елбасының отбасы етегінен тартты. Үлкен қызы, Сенат төрағасы Дариға Назарбаев ашық кетті...
Ковид басқа амал қалдырмады. Онымен күрес батыл қадам жасауды талап етті. Дариға қызметінен кетті. Онымен Қазақстанды әлемдік экономиканың алғашқы ондығына кіргізуді жоспарлап отырған әкесінің де ғаламдық амбициясы қоса кетті...
Тоқаев енді осыған баса назар аударып отыр. Мұнысы ерекше қызық болып тұр. Ол назарбаевтық жоспарларды бірде-бір рет алға тартпады. Қарапайым нәрселерді ғана сөз етті. Экономика, жоқ, қымбатты Леонид Ильич айтқандай, «үнемді» емес, «азаматтардың әл-ауқатының артуына жұмыс істеуі керек».
Оның сөзіне қарағанда, «игіліктер мен міндеттерді әділ бөлісу» қажеттілігі де қарапайым нәрсе.
Тоқаевтың өзі күтпеген жерден президент үшін ерекше ашық болды. Мінекей, ковид дәуіріндегі қашықтан жұмыс істеудің алғашқы нәтижелері: мемлекеттік аппаратқа көп шенеунік қажет емес екен. 2021 жылдың аяғына қарай оларды 25 пайызға қысқартуды жоспарлап отыр.
Тоқаевтың сөзіндегі «үдерістен нәтиже үстем» деген большевиктік тезис қана қолайсыздық тудырады...
Бұл енді, жай, сөз арасында айтылған жайт...
Тоқаевты түсінуге болады. Президенттік мерзімінің аяғына дейін, яғни 2024 жылға дейін оған нақты нәтиже керек. Ол өзіне дейін дауыстап айтуға ұялып келген нақты мәселелерді көтеріп отыр:
– Қазақстанда көлеңкелі бизнестің ЖІӨ-нің үштен бірін құрайтыны жайында.
Бұл – сыбайлас жемқорлықтың орасан зор астауы. Экономиканы мемлекеттен тыс ету керек.
– Елде әрбір алтыншы отбасы бала сүйе алмай отырғаны жайында.
2021жылға қарай арнайы экстракорпоральды ұрықтандыру бағдарламасын іске асыру керек.
– Заңдылық пен әділеттілікті қамтамасыз ету жөнінде.
Бұл құқыққорғау және сот жүйесін реформалауға қатысты.
Тоқаев, тіпті, адам құқығы мәселесіне жеке басымдық беретінін де айтты. Жолдауда нақтылық көп. Демагогия аз. Әдеттен тыс жағдай.
Жолдауда Ресей туралы бір рет қана сөз болды. Екі жағында 30 миллион адам тұратын шекаралық облыстар туралы сөз қозғаған кезде ғана.
Ал басқа елдер туралы мүлде сөз болған жоқ.
Тоқаев өз еліндегі шаруа туралы ғана сөз қозғады.
Бұл қамқорлық таңқалдырады».