9 июня 2022 г. 14:40

Айтылған сөз – атылған оқ. Үкімет НЕГЕ 550 миллиард теңгені санап беруге мәжбүр?

Фото:

Украинада соғыс басталғанда, теңге құны құлдырап, билік азаматтарға теңгелік салымның үстінен 10% өтемақы беруге уәде еткен болатын. Бірақ күтпеген жерден теңге құны орнына келді. Ал Үкіметке уәдені орындау керек. Nege.kz сарапшылармен осы қызық құбылыс туралы сөйлесті.   

Келесі жылы бюджет қосымша 550 миллиард теңге шығынға ұшырайтын болады. Былтырғы дефицит 5 триллион теңге болғанын есепке алсақ, бұл бюджет үшін аз шығын емес.

Доллар қымбаттап кеткен ақпан айында мемлекет азаматтардың теңгелік салымдардан кетіп қалуынан кәдімгідей қорыққан еді. Ол біздің қаржылық тұрақтылығымызға қауіп төндіріп, дедолларизация бойынша бұған дейін атқарылған қыруар жұмысты жоққа шығаратындай көрінген. Сондықтан, Ұлттық банк пен Үкімет шұғыл түрде жеке тұлғалардың депозиттеріне өтемақы төлейтін «Теңгедегі салымдарды қорғау бағдарламасы» туралы мәлімдеме жасағаны есте.

Қазір оның ережелері әзірленіп, азаматтардың ұсыныс-тілектерін жинау үшін «Ашық үкімет» порталына жарияланды. Үкімет уәде бергендіктен, ол уәдесін орындауға құлықты екенін көріп отырмыз.

«Бұл дұрыс шешім болды. Ол кезде бұл жағдайдың неге апарып тірерін ешкім білген жоқ», – дейді Nege.kz шолушысымен өз пікірін бөліскен қаржы кеңесшісі Расул Рысмамбетов. Оның сөзінше, біз барлық азаматтардың теңгедегі депозиттерін шешіп алып, оны долларға айналдыруының алдында тұрдық. Оның отандық қаржы нарығына тәуекелі көп еді.

«Сондықтан келесі жылдың басында үкімет азаматтарға төлейтін 550 миллиард теңге – бұл жағдайда соншалықты көп құн емес. Одан да көп жоғалтуымыз мүмкін еді. Одан кейін, жыл әлі біткен жоқ. Теңге бағамының әлі қалай құбыларын ешкім болжай алмайды. Сондықтан, бір нәрсе кесіп айту қиын»

«Уәде берілгеннен кейін, ол орындалуы керек», – дейді Расул Рысмамбетовтың пікірімен келіскен экономист, «TikMill» брокерлік тобының сарапшысы Арман Бейсембаев.

«Мемлекет осылай жұмыс істеуі тиіс. Тек бұл процестер өте баяу жүреді. Және мемлекет өтемақы төлейін дегенше курс өздігінен түзеліп кетті. Бұл, әрине, Ресей Орталық банкі жүзеге асырған, бұрын-соңды болмаған шаралардың арқасында жүзеге асты».

«Бірақ, өтемақы төлеуден бас тарту біздің қаржы жүйесіне үлкен зиянын тигізеді. Себебі, билікке, мемлекетке деген халықтың сенімі түпкілікті жоғалады. Екінші жағынан алсақ, теңге бағамы соғысқа дейінгі дерлік деңгейге оралғанымен, теңгенің сатып алу қабілеті қазірдің өзінде айтарлықтай төмен екенін түсіну керек. Инфляция бір орында тұрмайды, ол жинақтарды жеп, өсуін жалғастыруда. Сондықтан, мұндай өтемақыға негіз бар және ол теңгелік депозиттердің банк жүйесінде кемінде бір жыл қозғалмай тұруын қамтамасыз етеді»

Депутат Аманжан Жамалов осы өтемақының төленуіне түбегейлі қарсы болып отыр. Оның мәліметінше, Ұлттық банк пен Үкімет төлейтін сыйақының көлемі 700 миллиард теңгеге жетуі мүмкін. Бұл – айналып келгенде халықтың өз қалтасынан шығатын бюджет қаражаты.

«Кімнің депозитінде 20 миллион, кімде 2 миллион теңге барын ешкім айта алмайды. Менің ойымша, соның ішінде 20 миллион теңгесі бар адамдар көбірек. Сондықтан, онсыз да кедей емес адамдарға тағы да салықтан түсетін бюджеттен ақша бөліп берейін деп отырмыз. Сол дұрыс па?!»

Аманжан Жамалов ертең бюджет қаралғанда бұл шараға қарсы дауыс беретін болады. Бірақ оның даусы ештеңе шешпейтіні түсінікті.

Теңгедегі салымдарды қорғау бағдарламасы бюджетке ауыр жүк артайын деп отырғанын сезіп отырмыз. Ең бастысы, ол қаншалықты тиімді болады? Мұны біз келесі жылдың наурыз айынан кейін айта аламыз. Әзірге банктердегі теңге салымдарының аз болса да, қысқарып жатқанын жасырмау керек.

Тегтер: