14 ноября 2019 г. 17:22

Айқын ҚОҢЫРОВ: Сенбе, қорықпа, сұрама

Мемлекет алданып қалған үлескерлердің қарасын азайтуға қанша күш салса да, бұл әрекет көзбояушылыққа көбірек ұқсайды

(www.time.kz). Нәтижесінде алданған, шығынға батқан азаматтардың саны, керісінше, өсіп барады.

Ұзақ уақыт бойы үлескерлердің мәселесімен айналысып жүріп, әркез азаматтарымыздың аңқаулығына қайран қаламын. Экономика тұрақты болады, пәтердің шаршы метрінің бағасы өседі дегенге, биік мінбелерден қарыз алудан қорықпауға шақырған сөздерге, жарқ-жұрқ еткен жарнамаға сеніп, құрылыс аяқталғанда үстінен 100 пайызға дейін пайда көреміз деген дәмемен үлескерлік құрылысқа барын салды.

2008 жылы әлемді шарпыған дағдарыс талайдың жоспарын күл-талқан етті. Құрылыс нарығы құлдырап, жапа шеккендердің қатары күрт көбейгенде мемлекет құрылыс салушылар мен үлескерлердің бір бөлігіне көмек қолын созуға мәжбүр болды. Үкімет заңды күйшейтті, алайда бірқатар қуаяқтар тұрғын үй-құрылыс кооперативтерін құру, инвестициялық келісімшарт және біріккен қызмет туралы келісімшарттарды жасау арқылы құрылыс бизнесіне қайта ауыз сала бастады. Бұл халықтың ақшасын жымқырудың және ең қызығы, заңмен тыйым салынбаған жеңіл жолы. Үлескерлік құрылыстың қалтарыс-бұлтарыстарын ел 2012 жылы ақ тез ұмытып кетті.

Парламенттегі жұмысыма кіріскенде алданған азаматтардың көбейгенін байқадым. Сонау 2008 жылы басталып, «сақалды құрылысқа» айналған тұрғын үй кешендері астанада да жетіп артылады. Үлескерлік құрылыс саласындағы дау-дамай заңнамаға толықтырулар енгізуге мәжбүр етті. Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру Қорын құру туралы шешім қабылданды. Қор үлескерлік құрылысқа қаржысын салған азаматтардың тәуекелін азайтатын сенімді тетікке айналуы тиіс еді. Ол былай жүзеге асады: құрылыс салушы компания салынып жатқан нысанның құнының бір бөлігіне тең қаржыны қорға құяды, оның қарымтасына қандай да бір қиындық туған жағдайда қор құрылысты өзі аяқтайды деген кепілдікке ие болады.

Алайда осы саладағы оқиғалар бұл қордың жұмысының тиімділігіне күмән келтіреді. Мұны елордадағы «Бағыстан» деген аты дардай тұрғын үй кешенінің басындағы жағдай қуаттайды. Қордың кепілдігіне сеніп, осы нысанға ақшасын құйған үлескерлер бүгінде шығынға батып, кейбірі тіпті қайыршының күйін кешуге шақ тұр. Үлескерлік туралы келісімшартта және үлескерлік құрылыс туралы заңда көрсетілген мерзім әлдеқашан аяқталғанымен, үй сол күйі салынбады. Пәтерінің кілтін әлі алмаса да, азаматтар ипотекалық несиесін, оның сыртында жалдамалы пәтерінің ақысын төлеуге мәжбүр. Әрине, банктердің қарызды қайта құрылымдау жағын қарастырып жатқаны қуантарлық іс, алайда бұл қадам мәселені түбегейлі шешпейді.

Үлескерлердің қатысуымен салынып жатқан нысандардың басым бөлігі Қордың кепілдігімен тұрғызылып жатқаны өзге нысандарға да қауіп төндіреді. Үкімет бұл мәселені парламент мінберінен ашық мәлімдеуге міндетті. Жергілікті атқарушы органдардың  да бұл мәселеге қатысты ұстанымы көңіл көншітпейді. Керісінше, бұл орайда өздеріне дейінгі шенділердің міндеттемелерін орындамау секілді тағы бір проблема туады. Олай дейтініміз, «Бағыстан» тұрғын үй кешенінің төңірегіндегі түйткіл астаналық әкімдіктің инженерлік құрылымдар саламыз деген өздері берген уәдені орындамауына келіп тіреледі.

Бір қарағанда, бұл жерде байбалам салатындай ештеңе жоқ секілді көрінуі мүмкін. Өйткені кез келген мәселеде тәуекел мен қауіп қатар жүреді. Бірақ үлескерлер мен ипотекалық борышкерлердің мәселесін зерттей келе, капитализмде пайданы азғантай топ көреді де, ал проблемаларды қоғамға итере салады деген ойға қаласың. Барлық дау-дамайлы мәселені ел бюджетінің есебінен шешеміз, яғни, бар былықты өз қалтамыздан өтеуге мәжбүрміз.

Үлескерлік құрылыс нарығындағы жағдайды дұрыстау мақсатында жергілікті атқарушы органдар арнайы мемлекеттік бағдарламалар әзірледі және түрлі жеңілдіктер жасады, одан бөлек Ұлттық қордан ақша бөлді.

Әрине кері талап қойып азаматтардың шығындарын өтеуге де болады, бірақ тәжірибе көрсеткендей, мемлекетпен соттасып абырой таппайсың. Сондықтан менің беретін кеңесім: «Азды алмаған, көптен құр қалады!» деген мақалды жадыңызда ұстаңыз. Дегенмен капитализм заманын «Ешкімге сенбе, қорықпа, сұрама!» деген ұран жақсы сипаттайтын сияқты. 

Айқын ҚОҢЫРОВ, Мәжіліс депутаты.

Тегтер: