Әйгілі фотодағы қызды «менмін» дейтіндер көбейді
Желтоқсан көтерілісіне қатысты әйгілі суреттегі қыздар біз едік» деген Нұргүл Әбдіқадырқызы мен Роза Қалдыбекқызы Nege.kz порталына келіп, сұхбат берген. Сол кезде қыздардың екеуі де Киров атындағы университеттің (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университет – ред.) филология факультетінің студенттері болғанын айтты.
Алайда, осы сұхбат Nege.kz порталына жарияланған соң, әлеуметтік желіде қызу пікірталас өрбіді. Мәселен, желтоқсаншы Ерлік Омаров: «Адамдарға таң қалам. «Анау «мен», қасымдағы «досым» дейтіндерге айтарым, бұл фотодағы – Алматы ауыл шаруашылық институттың (АЗВИ) ұлдары мен қыздары. Ал ақ қалпақтағы қыз – маңғыстаулық Алмахан Есболаева. Оның жанындағы қыз бір топта оқыған Айгүл Қасымова. Алмаханның алдында тұрған – Бағлан Абдихаев. Олар менің көз алдымда сақталып тұр. Бұл фото 17 желтоқсан күні шамамен сағат 10-да трибунаның алдында түсірілген. Оның дәлелі Youtube желісіндегі соңғы түрлі-түсті видео. Онда біз, яғни АЗВИ-дің жігіттері кадрдың соңында шерулетіп Фурманов көшесіне түсіп бара жатырмыз. Осы сурет арқылы бүкіл курстастарымды, Алмаханды таныдым. Басқалар қалай «менмін» дейді? Бұл фотоны желтоқсаншы Гүлзатқан деген әйел де иемденген» дейді.
Ал, желі қолданушысы Анар Рахымжанова: «Екінші қатарда оң жақтағы ақ бас киімдегі Ақшагүл Жемісбаева. Ол сол кезде КазГУ-да оқыған. Оны көтеріліске қатысқаны үшін оқудан шығарып жіберген екен десе, желтоқсаншы Теміржан Айтбаев:
«Бірінші және екінші қатарда біздің Ауылшаруашылық институтының Топырақтану және агрохимия факультетінің 3-курс (біздің курс) студенттері бар, арасында мен де бармын. Желтоқсанның сол бір түнерген, ызғарлы күндерінде алаңда наразылық білдіріп, жиналдық. Мен 1,2,3-курс студенттерін жинақтап (курс старостасы едім), сап құрып, 1-жатақханадан (Жұмалиев-Октябрьская) Республика Алаңына бастап алып келдім. Бізді Алаңда мұздай қаруланған, сұсты әскер күтіп тұрды...» деп фотодағы жастар Ауылшаруашылық институтының студенттері екенін айтты.
Біз бұдан кейін Маңғыстау қаласында тұратын Алмахан Есболаеваға хабарластық. Ол бізге сол суретті WhatsApp желісіне жіберуімізді өтінді. Іле-шала «Мына суретті өзіме ұқсатып отырған жоқпын» деді де, сәлден соң «суреттегі менмін» деп қайта хабарлама жіберді. Ал өзімен телефон арқылы тілдескенде:
«Ақ қалпақпен тұрған суретті айтасыз ба? Егер білетіндер «мен» деп жатса, мен шығармын. Сол кезде Ауыл шаруашылық институтында оқыдым. Алаңда болдым. Жанымда Тамара Маңғыбаева деген қыз бар еді», – деді.
Сол сияқты 2017 жылдың 17 желтоқсан күні «Егемен Қазақстан» газетіне («Метель» операциясынан бір күн бұрын») шыққан мақалада әлгі әйгілі суреттегі қайсар қазақ қызы Ақшагүл Жемісбаева делінген.
«Тұтасып тұрған топтың екінші қатарында, ақ түсті бас киіммен, жылы жымиып тұрған бойжеткен – Ақшагүл. Ол кезде Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетінің 4-курсында оқып жүрген. Өзі оқу озаты, әрі комсомол, топтың старостасы еді» деп жазылған мақалада.
Біз Ақшагүл Жемісбаеваға да телефон шалдық.
– Осы мәселемен Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаровқа кірдім. «Біздің суретті пайдаланып, қаралап жатыр. Бір шара қолданайық» дедім. Бұдан кейін екі рет журналистік зерттеу жасалды. Құжатымның бәрін тексерді. Суреттегі мен екенім дәлелденді.
– Сонда суреттегі ақ қалпақ киген қыз нақты сіз бе?
– Иә. Біздің қыздар қазір «Бұл – Ақшагүл Жемісбаева. Бізбен бірге оқыған. Басқа ешкімге сенбеңіздер» деп ашық сабақ жүргізіп жатыр.
– Бұл суреттегі қызды «менмін» деген Нұргүл Әбдіқадырқызы, Алмахан Есболаеваны танисыз ба?
– Сол кісілердің телефон нөмірін бересіз бе? Телеарнадағы бір бағдарламаға шақырып, осы қыздардың басын қосайын деп едім. Ел-жұрт кім өтірік айтып жүргенін білсін.
Редакциядан: Сонымен, әйгілі фотодағы қыздар кім болды? Бұл фотоны иемденіп жүрген тағы неше адам бар? Оларға да мінбер ұсынуға дайынбыз.
Динара Мыңжасар