19 августа 2020 г. 14:56

Айдос Сарым: Беларусь бізге сабақ болуы керек

Фото:

Беларусьте өткен президент сайлауы халықаралық дау-дамайға ұласар түрі бар. Еуропарламент сайлау нәтижесін мойындамай, қайта сайлау өткізуге пәрмен беріп отыр. Беларусь көшелерінде әлі күнге дейін «Лукашенко, кет!» деген ұран жаңғырып тұр. Талап әділ – «Сайлауда жеңілдің бе? Ендеше, орныңды босат!».

Жеңілгенін мойындап, қарсыласына қол беріп, қағаз-қаламын қорапқа салып, көтеріп кете салған диктатор тарихта болған емес. Болмайды да. Александр Лукашенконың олардан еш ерекшелігі жоқ. Өліспей беріспейтінін қадап ескертті. Екі тараптың егесі нағыз текетіреске айналды. Бүлінгеннен бүлдіргі алу – алпауыт елдердің ежелгі әдеті. Бұған Сирия мен Украина жақсы дәлел. Сарапшылардың пікірінше, тыныштығымен танымал Беларусьті қиын-қыстау кезең күтіп тұр. Саясаттанушы Айдос Сарым Nege.kz порталына берген сұхбатында Беларусьтің қалай тығырыққа тірелгенін, одан шығар жолдың кедір-бұдыры көп екенін тарқатып айтып берді.

– Беларусьтегі жағдайға бүкіл әлемнің назары ауды. Қарсылық шиеленісіп барады. Әрі қарай не болмақ? Түйін қалай тарқалмақ?

– Сауал көп. Бәрі билікте отырған жекелеген адамдардың психологиясы мен нақты мүдделеріне қатысты болып тұр. Лукашенко тығырыққа тірелген кезде не істемек? Бір митингте: «Мені өлтірсеңдер ғана, жаңа сайлау өтеді», – дегенді айтты. Бұл райынан қайта ма, жоқ па? Мынадай сөзді айтқан адам өзін-өзі қамшылайды, жинақталады.

Басқа қалаларда ол өз жақтастарының митингісін өткізбек. Бұл қаншалықты нәтиже береді? Лукашенконың жақтастары жиналған жерге қарсыластары келіп, арты кикілжіңге ұласып кетпей ме? Бұған арасына кіріп, тас лақтырған бір арандатушы жетіп жатыр. Өйткені, жағдай ушығып тұр. Біреу бензин құйылған құты немесе «молотов коктейлін» лақтыруы мүмкін.

Пассионарлы, жігерленген көшенің бүгінгі нөпірі керемет. Бейбіт шеруден белсенді қарсылыққа, күш көрсетуге, зорлық-зомбылыққа ұласпай ма, басқа ойыншылар өз пайдасына қарай орта жолдан килігіп кетпей ме деген де қауіп  бар.

– Ахуал соншалықты қиын ба? Қандай сценарийлер болуы мүмкін?

– Шынын айту керек, елдің тағдыры қыл үстінде тұр. Әскери диктатурадан бастап азаматтық соғысқа дейінгі сценарийлер айтылып жатыр. Оның үстіне, көршілес мемлекеттердің геосаяси ойындары басталып кетті. Бүгінгі күні Еуроодақтың, Еуропарламенттің «Лукашенконың сайлауын мойындамаймыз, персона нон-грата деп жариялаймыз» деуі оның Ресей мен Қытайдан басқа тығылар жері қалмағанын көрсетеді.

Рас, Лукашенко қоғамның қолдауынан айырылды. Беларусьтар оны мойындамайды. Өйткені, ол қисынға келмейтін қателіктер мен қылмыстарға жол берді. Сайлаудағы қателігі және сайлаудан кейінгі қылмыстары, полицияның, омонның халыққа күш көрсетуі, тіпті, Лукашенко жақтастарының қарсыластар жағына өтуіне түрткі болды. Ешкімге біреудің баласын тоқпақпен ұрғаны ұнамайды.

Украинаның, Беларусьтің, Ресейдің, Орталық Азияның және Қазақстанның сарапшылары зум конференция өткізгенбіз. Сонда мынадай болжам айтылды. Мысалы, Беларуське ықпалы бар бір мемлекет болса, ол – Ресей. Ресей тым белсенді болып, сырттан қысымды күшейтіп, экономикалық тұрғыдан жаулап алуға ұмтылса, онда беларусь әскерилерінің өздері төңкеріс ұйымдастыруы бек мүмкін.

– Елдегі наразылыққа қарамастан, Лукашенко биліктен кетпейтінін қадап айтты. Тек күштік құрылымдарға ғана сүйеніп, билігін сақтап қала ала ма?

– Қарабет диктаторлардың билікте қалу-қалмауы да қызықты дүниеге айналып кетті. Халқын қынадай қырған Асад Ресей әскерінің күшімен Сирия билігінде әлі отыр. Ресейдің ақшасымен Венесуэлада Мадуро отыр. Оның қарсыласы Гуаидо сайлауда жеңген сияқты. Бүкіл әлем оны мойындап та үлгерді. АҚШ-та, Еуроодақ та «Гуаидо заңды қызмет өкілі» дегенді айтып қалды. Тіпті сырттан жасалған әртүрлі жағдайлар болды. Соған қарамастан Асад он жылдан бері, Мадуро бес-алты жылдан бері тағынан түскен жоқ. Беларусьте де бұл сценарий жүруі мүмкін. Бүкіл үдерістерге қарайтын болсақ, бұл Ресейге тиімді секілді. Жағдай ушыға ма, жоқ па, дөп басып айту қиын.

Лукашенко режимін құрған кезде әскери және полициялық компонентіне көп назар аударғанын жақсы білеміз. Бүгінгі күні жүз мың адамға бес жүз полицейден келетін болса, Беларуьте 1 500 адамға жақын. Үш есе көп. Әрине, полицияға да психологиялық қысым көрсетіліп жатыр. Қанша дегенмен, Беларусьте полиция беделді қызметтің бірі. Жалақылары жақсы. Қоғамның еркетотайы демесек те, әлеуметтік жағынан жақсы қорғалған. Жеме-жемге келгенде: «Бала-шағамның жағдайы қалай болады», – деп ойланатын адам екіұдай күйде болуы мүмкін. Билікке басқа адам келсе, полицияның санын қысқартуды талап етеді.

– Елдегі осы саяси текетірестің түпкі тамыры неде?

– Беларусьте болып жатқан жағдай – жаңа экономика мен ескі экономика арасындағы тайталас. Беларусьте осы кезге дейін ешқандай нарықтық реформа жүргізілмеген. Кеңес дәуіріндегідей колхоз, совхоздар әлі жұмыс істеп тұр. Кәсіпорындардың дені мемлекетке тиесілі. Ресей «жекешелендірейік, бізге акцияларын сат» деп талай араласқан болатын. Лукашенко ешкімді жолатпай, қаз қалпында сақтап келді. Оның басты қателігі – саясаттан бұрын экономикасын жөндемегенінде.

Елде жаңа экономика пайда болды. Әсіресе, көшеге шыққандардың көпшілігі – шағын және орта бизнесте істейтін жаңа экономиканың адамдары. Беларусьте жақсы дамыған кластердің бірі – сандық технологиялар. ІТ-мамандары ТМД аумағында ең мықты саналады. Соның көбісі – жастар. Олар жаңа реформалардың болғанын қалайды. Сондықтан отыз жылдың ішінде беларусьтердің Еуропаны, Шығыс Еуропаны аралап көргені анық. Көп азаматтары Польшада, Германияда және Ресейде жұмыс істеп жатыр. Бұлар – өз экономикасына сыймаған, нарықтық экономиканы, өзгерістерді қалап отырған адамдар. Мұның өзі үлкен сынақ. Бұларды байқамаған, мұрнын шүйіріп, назар аудармаған Лукашенко өзіне-өзі көр қазды деп айтуға болады. Бұдан он-он бес жыл бұрын жасаған тірлігі халыққа ұнаса, мемлекеттік кәсіпорындар халықтың басым көпшілігіне еңбек орнын қамтамасыз етсе, бүгінгі күні ол халықтың өлшеміне, әрі қарай дамуына сай келмей отыр. Ал кешегі сайлау Лукашенконың өз халқына сай еместігін көрсетті. Кешегі халықтың қолдауына ие Лукашенко бүгін тек күштік құрылымдар қолдаған Лукашенкоға айналып кетті. Пассионарлы көше Лукашенконы кетіреміз деп бекініп отыр. Мұндай кезде Лукашенконың айла қолдану, маневр жасау мүмкіндігі де қалмай барады.

– Лукашенко өткен күзден бастап көктемге дейін Путинмен ұзақ келіссөз жүргізді. Осы келіссөздер барысында қызыл кеңірдек айтыс-тартыс болды. Қатқыл әңгімелер айтылды. Тәуелсіздігімізді бермейміз деп Ресейге қатты шүйлікті. Осындай жағдайда Кремль  Лукашенконы қолдауға қаншалықты мүдделі?

– Ондай науқан жүріп те жатыр. Менің ойымша, Кремль Лукашенконы төңкерем деп отырған жоқ. Әбден әлсіретіп, халықтың қолдауынан айырып, «бізден басқа сүйенерің жоқ» дегенді ұқтырғысы келетіні анық. Жалпы, сайлаудың өз пайдасына қарай, қылмыспен өтуіне өтуіне Ресей өте мүдделі болды. Бұл Беларусьтің Батысқа қарай жасаған қадамдарын жоққа шығарып, шайып кетті. Басқа сүйенер, сыйынар ешкімі қалмады. Беларуське тікелей ықпал ете алатын – Ресей ғана. Басқа ешкімнің әлеуеті жоқ. Сондықтан жағдай ушығатын болса, Лукашенкоға толыққанды арқа сүйей алмайды. Ол өздері ойлағаннан да әлсіз боп шықты.

Ресейдің екі жолы бар. Бірі – Лукашенконы әбден тізерлетіп, өз дегеніне көндіру. Беларусьтің егемендігінің 95 пайызын өзіне жүктеп алу. «Біздің салықтық, кедендік жүйеге көшесің,  кәсіпорындарыңды жекешелендіресің, акциясын сатасың» дегендей талап қояды. Екіншіден, Беларуське санкция салынса, оның кәсіпорындарын Ресей мен Қытайға ғана сатып алуға мүмкіндік болады. Санкциядағы елге батыстың кәсіпкерлері бас сұға алмайды. Бұл да Беларусь үшін үлкен қауіп.

Беларуське Ресей әскерінің кіруі – сценарийдің бірі. Лукашенко бір сөзінде: «Сырттан қысым болса, Ресей мен ҰҚШҰ әскерін кіргіземін» дегенді айтып қалды. Бұл да жақсылықтың нышаны емес.

Сосын неше түрлі ақпараттық ойындар басталып кетті. Украиндардың, басқаның ойындары, түрлі қысымдары бар.

Ресей Беларусьті Батысқа қысым жасау құралына айналдырып алды. Жақында Меркель мен Путин кездеспек. «Мені тыңдамасаңыздар, Беларусьті ірітіп, ушықтырып жіберемін» деген әңгімелерді айтып саудаласып жатқанға ұқсайды. Бұл да – үлкен мәселе. 

– Беларусь оппозициясының жеңіске жетерлік қауқары бар ма?

– Батыс «сайлауды мойындамаймыз, ол заңсыз адам» деп шешім қабылдап тастады. Көшенің нөпірі қатты. Қойған талабы біреу ғана, ол – «Лукашенко, кет!». Мұндай жағдайда әртүрлі сценарий болуы мүмкін. Негізгісі, уақытша бір адамды әкеліп, таққа отырғызып, әлсіздігін пайдалануы мүмкін. Батыстың айтып отырғаны – осы. Қалай болғанда да, «ұлттық келісім» секілді үлкен мәміле алаңын жасау керек. Беларусьте оппозициялық партиялар, парламенттік оппозиция деген атымен болған емес. Бүгінгі көшенің нақты ұраны мен саяси бағдарламасы жоқ. Лукашкенко кеткен соң, бірінші қадам – мынадай, екіншісі анадай болады деген нақты жоспары да жоқ.

Басты мәселе, қандай келісім болады? «Екі айда конституцияны өзгертіп, күзде сайлау өткізейік» деу үшін де Лукашенкомен келісімге келуі керек.

Оппозиция: «Саяси трансфер жасау комитетін құрдық. Сайлауда біз жеңдік, орныңды босат», –  дейді. Лукашенко оны мойындамайды. Ол: «Конституциялық реформа жасайық. Сайлау сосын болсын», – дейді.

Бір жағы көнсе, екінші жағы көнбейді. Оппозицияның төңкеріп жіберуге мүмкіндігі аз. Немесе азаматтық соғыс болуы мүмкін. Ертең Лукашкенко осы уақытқа дейін араластырмаған әскерді көшеге шығарса, не болмақ? Бейбіт шерушілердің шыдамы таусылып, белсенді әрекетке көшсе ше? Лукашенко кеткен күннің өзінде не болады?

Бізде көп реформалар 90-жылдары жасалды. Ресейде бірнеше жыл бұрын қолға алынған зейнетақы реформасына қараңыз. Кеше ғана Қырымды алып, Донбастағы әрекеттерімен 86 пайызға дейін рейтинг жинаған Путиннің беделі зейнетақы реформасынан кейін мүлде құлдырап кетті. Осының бәрін ескерсек, Беларусьті күтіп тұрған сынақ көп. Отыз жылда жасалмаған реформаны қысқа уақыт ішінде жасауға мәжбүр болады. Бұған халық дайын ба, жоқ па? Бұл – үлкен түйткіл. Байқасаңыз, өкінішке қарай, айтылып жатқан ұранның ішінде болашақ экономика жайында бірде-бір сөз жоқ. Сценарийлер көп, бірақ көбісі беларусьтар үшін аса жақсы емес. Беларусь халқы жеңіске жеткен күннің өзінде ертең күйбең тіршілік басталған кезде не болмақ?

– Беларусьтен қандай сабақ алуымыз керек?

– Беларусьтен көп сабақ алатын жеріміз бар. Мысалы, Беларусь дүрбелеңі сыртқы күштердің көкпар ойынына ұласып кетпей ме? Бұл елді алпауыт елдердің бірі жұтып жібере ме деген қауіп те бар. Сондықтан, қай тұрғыдан алсақ та, Беларусь бізге сабақ болуы керек. Елдегі саяси үдерістердің дұрыс жүруі маңызды. Айталық, Қырғызстанда екі төңкеріс болды. Бұл жақсы ма, жаман ба, білмеймін. Бірақ бір пайдасы – елде сан алуан саяси күштер бар. Парламентте де отыр. Бұл – елдегі кез келген кикілжіңді жұтып, қорытып, бейбіт жолға бағыттай алады деген сөз. Парламентте бір бірімен айтыса бастайды, келісе бастайды. Қажет болса, жаға жыртысар. Бастысы – мәселе бейбіт шешіледі. Халықтың өзі де революциялардан шаршап қалды.

Беларусь бұл тұрғыдан біршама ерекше ел. Біздегідей де үдерістер болмаған. Біріншіден, қоғамдық саяси оппозицияны мемлекеттің өзі қолдап, дамытуы керек. Сонда ғана үлкен қауіп-қатерден қорғануға мүмкіндік аламыз.

– Әңгімеңізге рахмет!

Тегтер: