№12 аурухана дәрігерлері: Бізді құрбандыққа шалды

Алматы қаласындағы

12 орталық клиникалық ауруханасында 182 дәрігердің коронавирус жұқтырып алуы қоғамда дүрбелең туғызды. Осындай қиын сәтте басшының ауысуы да ақ халаттыларға ауыр тиген.

Nege.kz редакциясына Алматы қаласындағы №12 орталық қалалық клиникалық ауруханасының дәрігерлерінен ұжымдық хат келді. Індетке қарсы күресте алдыңғы шепте жүрген олар өздерін осы жағдайдың құрбаны санайды.

«Әлем бұрын-соңды болмаған жағдайға алғаш рет тап болды. Мұндай кезде жұмыс істеудің нақты жарғысы мен алгоритмі жоқ екені түсінікті. Осы мәселемен біз де бетпе-бет келдік. Өкініштісі, біздің жағдай түсініксіз ішкі саяси шиеленістерге ұласып кетті. Құдды бір екі оттың арасында қалғандаймыз. Ең сорақысы, кейбіреулер осыны пайдаланып, өз қара басының қамын күйттеп, мақсатына жетуді көздеп жүр»  дейді дәрігерлер.

Әңгіме Алматы қаласының Денсаулық сақтау басқармасы мен Қоғамдық денсаулықты сақтау департаментінің (СЭС) арасындағы келіспеушілік жайында. Осы екі мекеменің нұсқауы үнемі бір-біріне қарама-қайшы болған соң, жұмыс дұрыс үйлестірілмейді, тіпті бұл дәрігердің қиын жұмысын одан әрі қиындата түсті.

Орталық аурухана қаладағы басқа клиникалар сияқты Денсаулық сақтау басқармасының бұйрығына бағынады. Алайда, басқарма төтенше жағдай режимі енгізілген сәттен аяқастынан шешім қабылдағанымен қоймай, оны ауызша жүргізе бастаған.

Сондай бұйрықтың бірі – клиникаға өкпе қабынуы және  ЖРВИ (жедел респираторлық-вирустық инфекциялары) белгілері бар науқастар мен аяғы ауыр әйелдерді қабылдауды міндеттеуі. Оларды жайғастыратын арнайы стационар да қарастырылмаған. Тек екі аптадан кейін ғана шағым ескеріліп, ЖРВИ белгісі бар аяғы ауыр әйелдерді Адам репродукциясы орталығына, ал өкпе қабыну диагнозымен келгендерді Алматы қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасына жатқызу туралы шешім шығыпты.

«Алайда, Орталық аурухана науқастарды қабылдауға мүлдем дайын болмады. Ол ол ма, қажетті құралдармен жабдықталмаған еді. Бұл мәселе туралы біздің басшылық басқармаға талай рет айтса да, құлақ аспады. Яғни, қазіргі жағдайда әрбір қызметкер толық көлемде арнайы киім және жеке қорғаныш құралдарымен қамтасыз етілуі керек. Бірақ басқарма: «Біз провизорлы аурухана емеспіз. Сондықтан адамдарды шошытудың қажеті жоқ» деп жауап берген.

Соған қарамастан, клиника басшылығының өзі бұған дейін медициналық маска, көзілдірік, қолғаппен ғана жұмыс істеп келген қабылдау бөлмесіндегі қызметкерлерді арнайы киіммен қамтамасыз етті.

Медициналық қызметкерлер өзінің коронавирус жұқтырған науқастармен қарым-қатынасқа түсуі мүмкін екенін СЭС-ке ескерткісі келсе де, ұзақ уақыт тексерілмей жүріп қалды. Күмән ойдың келетіні де түсінікті, себебі науқастың бәрі қабылдау бөлмесі арқылы келіп жатты. 

«Алайда, олар тек науқаспен тікелей қарым-қатынаста болған қызметкерлерді ғана тексеруден өткізуге шешім шығарған. Бір айта кетерлігі, Бостандық ауданы СЭС қызметкерлерінің арасында вирус жұқтырып алғандардың бар екенін білсе де, олардың біздің мамандармен байланыста болған-болмағаны жайында зерттеу жүргізбегені ашынтады»  дейді дәрігерлер.

Орталық аурухана ұжымы кешегі күнге дейін бас дәрігер қызметін атқарған Алмас Жұмашевтің орнынан алғанына наразы. Тіпті, ДСҰ-ның өзі 60 жастан асқан кісілердің үйден шықпауын талап еткен уақытта бас дәрігер лауазымына зейнет жасындағы адамның келуі орынсыз дейді. Ақ халаттылардың айтуынша, жаңа басшы Марат Абдуллаев вирусқа қарсы қалай күресу керектігін де білмейтінге ұқсайды.

«Ол ауруханада қорғаныш киімінсіз, тіпті медициналық маска тақпай жүрді. Түнгі сағат 12-де карантинде жатқан медициналық қызметкерді тазалау жұмысына салған»  делінген хатта.

Дәрігерлердің пікірінше, бұрынғы бас дәрігер Денсаулық сақтау басқармасы мен СЭС арасындағы дауда екі түйенің арасындағы шыбынның күйін кешкен. «Оны үнемі бозкілемге белдесуге шақырады да тұрады. Тіпті, ол қандай жағдай болғанын да қоластындағы қызметкерлерге айтуға уақыты жетпеді» дейді.

«Шыны керек, ұжымның ішін дүрдараз қылған жағдайға байланысты қызметкерлерге бірауыз түсініктеме айтуға мүмкіндігі болмады. Алайда, осы жағдайдың арқасында екі басқарма дегеніне жетті. Басшылық екі басқарманың көмегінсіз-ақ қызметкерлер мен науқастардан анализ талдауын алып, тексеруге жіберді», – деп жазған дәрігерлер.

Анализ талдауы төңірегіндегі жағдай бөлек әңгіме. Қысқаша айтатын болсақ, қызметкерлерді бірнеше тәулік ұстап, олардың талдау нәтижесін беруді үш күнге созған. Аурухана эпидемиологы мен директор орынбасарын оң нәтижемен жатқызған соң, жұмысты жұқпалы ауруханадан жүргізуге тура келді.

Дәлірегінде, дәрігерлер жауапты мемлекеттік мекеме арасындағы өзара ауызбірліктің жоқтығынан зардап шеккісі келмейді. Оларға басшылықтан бар керегі – көмек көрсету. Бүйте берсе, онсыз да қысым мен зәбір көріп жүрген медициналық қызметкердің бұл жүйеде жұмыс істеуге деген ынтасы төмендейтіні анық.

Аурухана қызметкерлерінің айтуынша, қазір әртүрлі диагноз бойынша және ота жасалған науқастар ем алып жатыр. Оларды үйге шығарайын десе Денсаулық сақтау басқармасы рұқсат етпеген. Бұдан кейін әлгі науқастар мен медициналық қызметкерлердің коронавирус жұқтырып алмауына кім кепіл? Себебі, олардың бәрі қалалық аурухананың індет жұқтырып алған 110 қызметкерімен қарым-қатынаста болды. Демек, ережеге сәйкес, олар оқшауланып, эпидемиологтың бақылауына алынып, төсек режимінде жақсы тамақтануы керек. Алайда, медицина қызметкерлерінің науқастарға күтім жасау жұмысы екі еселеніп, тынығып алуға да, тамақтануға да уақыты шектеулі. Мұндай жағдайда мамандардың жүйкесіне салмақ түсетіні сөзсіз. Әзірге қала билігі тарапынан көрсетілген жалғыз көмек – әскери жиналмалы төсек қана.

Фейсбук әлеуметтік желісіне жазба қалдырып, мән-жайды баяндаған аурухананың экс-басшысы Алмас Жұмашев: «Денсаулық сақтау басқармасының бұйрығымен пульмонологиялық және респираторлық вирусы бар науқастарды қабылдадық. Біз қарсы тұрып, мұның «жарылатын мина» екенін айтсақ та, ескертуімізді құлаққа ілмеді» депті.

P.S. Дәрігердің жаппай коронавирус жұқтыруына не себеп? Бұл туралы 31 телеарнаға сұхбат берген Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов қазір тексеру жұмысы басталғанын жеткізді. «Қызмет көрсету және тауарлардың қауіпсіздігін бақылау комитеті төрағасының орынбасары Нұрхан Сәдуақасов мырзаны жібердік. Ол жұмысқа кірісті. Бәрін зерттеу керек. Қажет болса, басқа арнайы мемлекеттік органның көмегіне жүгінеміз. Біздің ауруханалар бұл індетке көптен бері дайындалды. Әр мекеме басшысының міндеті – науқастардың қауіпсіздігі. Сондықтан құрылып жатқан комиисияға қоғам өкілдері, журналистер кіріп, зерттеуге үлес қосуға болады. Егер әр азаматтың медициналық қызметке көңілі толмаса әр өңірде құқық қорғау органдарына жазбаша шағымдануы керек. Әлеуметтік желідегі жазбалар заң жүзінде қаралмайды да. Қазір эпидемиялық жағдай асқынып тұр. Сондықтан дәрігерлерге кәсіби парызын орындауға мүмкіндік беру керек. Оларды тікелей бақылауда ұстау да көмек емес» деп жауап берді министр.

Қазір оқып жатыр

Атырау облысында дронға ұқсас техниканың бөлшектері табылды

«Шаршап кеттім»: Еркебұлан Тоқтар жеңілістен кейін үзіліс алатынын айтты

Шымкентте дәріханалардағы егу бөлмелерінде 4 адам қайтыс болған

Екінші әйелін шәкіртіне берген Құрбанәлі Ахметке айыппұл салынды