10 Маусым 12:40

Ресми айлығы – миллион доллар! ERG Бақылау кеңесінің төрағасы Алдияр Қазтаев НЕГЕ Қазақстанды сүлікше сорып отыр?

Фото:

ERG корпорациясының 40 пайызы Қазақстан Үкіметіне қарасты болса да, олигарихтардың Еуразиялық үштігі елімізді корпорацияның еш жұмысына араласа алмайтын қылып қойған. Nege.kz деректері бойынша, Машкевич бастаған олигархтар Алдияр Қазтаевты номиналды басшы қылып тағайындап, ресми жалақысын 1,5 миллион доллар қылып бекіткен. Люксембург салығын төлегенде қолына айына 1 миллион доллар алады.

Бір қызығы, ERG-ның Қазақстандағы өндіріс орындарында орташа жалақы – 250 мың теңге. Сонда олардың Люксембургте отырған номиналды басшысы Алдияр Қазтаев қазіргі бағаммен ай сайын 432 миллион теңге, яғни Қазақстандағы қарапайым жұмысшылардан 1800 есе көп жалақы алып отыр.

Бір қызығы, ERG-дағы Қазақстанның 40 пайыз үлесін ескерсек, біз өз қалтамыздан Қазтаевқа жыл сайын 2 миллиард теңге төлеп келгенбіз. Қаржы министрлігіне осы жөнінде сауал жіберсек, құзырлы министрлік оны коммерциалық құпия деп тауып, жауап бергісі келмеді.

ERG баспасөз-қызметі де Nege.kz сауалдарына бір айдан бері жауап таппай отыр.

Қазтаев мәселесінен бөлек, ERG Стати ісі бойынша Люксембург сотына шалынып, оның бізге төлеуі тиіс дивидендтерінен Қазақстанға 2017 жылдан бері бір тиын түспей келеді. 5 жыл бойы Қазақстанға тиісті қаржы тек арнайы шотта қордаланып жатыр. Оның көлемі қанша деген сұраққа Қаржы министрлігі де, Әділет министрлігі де жауап бермеді. ERG-ге қатысты мәліметтердің барлығын «құпия» деп, көпшіліктен жасырып отыр. НЕГЕ?

Біздің бар білгіміз келетіні, 5 жылдан бері арнайы шотта жиналып жатқан Қазақстанға тиесілі қаржының көлемі. Ол бюджеттің Стати ісі бойынша қанша қаржыдан қағылып жатқанын анықтауға мүмкіндік береді. Құзырлы министрліктер бізді көзге ілмей отырғандықтан, Қазақстан Республикасы Мәжіліс депутаттарынан осы істі бақылауға алып, арнайы депутаттық сауал жолдауын сұраймыз.

ERG-ден «Назарбаев фонд» жеке қоры мен «Тұңғыш президент қорына» тікелей ақша аударылып отырған деген мәліметке жолықтық. Редакция ақпараттың анық-қанығын анықтай бастады. Осы орайда, сауалымызға ешқашан жауап бермейтін ERG баспасөз-қызметіне мақаланың ішінде тікелей сұрақ қоюға мәжбүрміз:

ERG өз тарихында «Назарбаев фонд» жеке қоры мен «Тұңғыш президент қорына» қаржы аударды ма? Аударса, қандай мақсатта? Аударылған қаржының сомасы қанша? Ол Қазақстанға тиісті дивидендтер есебінен жүрді ме?

Бұған дейін Nege.kz Назарбаев университеті басшылығы мен ондағы ақша операцияларына бұрынғы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасы Кәрім Мәсімовтің қатысы болғанын жазған. Университеттің «Назарбаев фонд» жеке қорына бағынышты екенін, ал Мәсімовтің «Мемлекеттік опасыздық» бабымен тергеліп жатқанын ескерсек, «ERG-дің «Қаңтар оқиғасын» қаржыландыруға қатысы бар ма?» деген заңды сұрақ туындайды.

Осы сұрақтарға ERG баспасөз-қызметі жауап береді деп үміттенеміз.

Тегтер: