20 Сәуір 04:40

Нариман Курбанов Париж олимпиадасына жолдама жеңіп алды

Нариман Курбанов
Фото: Olympic.kz

Спорттық гимнастикадан Қазақстан құрамасының мүшесі Нариман Курбанов Париждегі Олимпиада ойындарына лицензия жеңіп алды, деп хабарлайды Olympic.kz.

Алматы, NEGE. Гимнастикалық ат снарядында сынға түскен Нариман Дохадағы әлем кубогі кезеңінде 4-орын алды. Оның жолдама жолындағы басты қарсыласы, тайпейлік Ли Чи Кай 2-орыннан көрінді.

Қазақстандық спортшы жалпы есепте 70 ұпай жинап, әлем кубогі кезеңдерін екінші орынмен аяқтады. Ал Олимпиада жолдамасы бірінші және екінші орын алған спортшыларға беріледі. Бірінші орынды 85 ұпай жинаған иорданиялық гимнаст иеленді.

"Нариман Курбановтың Олимпиадаға жолдама алғаны бізді қуантып отыр. Ол әлем кубогі кезеңдерінің қорытындысы бойынша екінші орынан көрінді.

Ал бүгінгі жарыста қола медаль иеленген ирландиялық Риз Маккленаган Олимпиада жолдамасын алып қойған. Сондықтан, әлем кубогінің жалпы есебінде үшінші орынға берілетін 20 ұпай Нариман Курбановтың еншісіне жазылды. Осылайша, біздің спортшы 70 ұпаймен Парижге жолдама алды.

Иә, орындау барысында аздаған кемшіліктер бар. Бірақ Олимпиадаға дейін мұның бәрін реттеуге тырысамыз. Бүгін Нариман жүлдегерлер қатарына қосыла алмады. Десе де, ол спорттық гимнастикадан әлемдік элита қатарына сенімді түрде енеді", - деді бас бапкер Александр Ким.

Айта кетелік, бұл спорттық гимнастикадан Қазақстан командасы жеңіп алған екінші лицензия. Бұған дейін Милад Карими көпсайыстын жолдама жеңіп алған болатын.