19 Сәуір 16:55

Алматыда жаңа базар салынады

Алматы әкімдігі
Фото: Алматы әкімдігі

Ерболат Досаев «Алматы-1» базарын модернизациялау барысымен танысты.

Алматы, NEGE. 1938 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан базар саудагерлер мен келушілерге ыңғайлы жағдай жасау үшін модернизацияланады. Базардың ауданы 7 мың шаршы метр, онда жылытусыз және инженерлік желілерсіз контейнерлік типтегі 570 сауда нүктесі бар.

Модернизациялау аясында тоңазытқыш камералар, лифттер, эскалаторлар, автотұрақтар, мейрамхана ауласы және басқа да қолайлы жағдайлар жасалады. Кешен шығыс стилінде салынады. Контейнерлерден саудагерлерді көшіру үшін бірінші корпустың құрылысы жыл соңына дейін аяқталуы керек. Жоба жүзеге асақан кезде 2 мыңнан астам жұмыс орны ашылады, сауда алаңы 28 мың шаршы метрге дейін ұлғаяды.

Жерді қазу және темірбетон жұмыстары аяқталды, бірінші корпустың бірінші және екінші қабаттарының металл қаңқасы тұрғызылды. Жалпы инвестиция сомасы 7,3 млрд теңгеден асатын жобаны 2027 жылға дейін толық аяқтау жоспарлануда.

Қала әкімі инфрақұрылым мен қала тұрғындарының өмір сүру жағдайларын жақсарту үшін жобаны іске асыруды жеделдетуді тапсырды. Сауда қызметі туралы Заңға сәйкес қалада 33 нарық жаңғыртылды, тағы 9-ы 2025 жылға дейін жұмысты аяқтауы тиіс.