15 Сәуір 19:15

«Қорғастағы былықты Үкімет пен Жетісу облысының әкімі білмейді дейсіз бе? Біледі!» – Белсенді

Кеден
Фото: Фото: ғаламтордан

Қоғамдық белсенді Санжар Боқаев Қазақстан мен Қытай арысындағы «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығына (ШЫХО) барып, ондағы былық-шылықты әлеуметтік желіде жария етті. 

Белсендінің айтуынша, халықаралық орталықтың Қытай жағы жарқырап-жайнап тұр, сауда қайнап тұр. Ал Қазақстан жағы тым сүреңсіз. Аяқталмаған құрылыстар, күл-қоқыс.

«Осының бәрі қазақстандық шенділердің парақорлығының кесірі. Ал Қытайда біздегі сияқты ұрлық жасамайды», – дейді белсенді.

Сондай-ақ С.Боқаев халықаралық орталықта қытайлық инвесторлармен кездескен. Қытайлық инвесторлар «Қорғас» ШЫХО басшылығы олардан ірі көлемде пара талап еткенін ашық айтады.

«Қытайлар Қазақстан жағына ақша салғысы келмейді. Өйткені «пара сұрайды, бопсалайды» дейді. «Кім?» деп сұрасам, «ШЫХО басшылығы» деп жауап берді. Қытайлық инвесторлардың айтуынша, бұрынғы басшылар да, қазіргі басшы да пара сұрайды. Білесіздер ме, Ерсін (Басқарма төрағасының міндетін атқарушы Ерсін Оразаев – ред.) әлі орнында отыр. Мұны Антикор, ҰҚК, облыс әкімі білмейді дейсіз бе? Бәрі біледі!», – дейді С.Боқаев.