19 Сәуір 08:56

Қызылша дертінен балаларды қалай қорғаймыз?

Дерт
Фото: Фото: ғаламтордан

Соңғы айларда елімізде, әсіресе, ең үлкен мегаполис Алматы қаласында жұқпалы қызылша дерті балалар арасында көп тарады. Осы ретте Алматы қаласының тұрғындарын сақтандыру мақсатында қызылшаға қатысты кейбір деректерді айтайын.

Қызылша – бұл өте кең түрде таралған инфекциялық ауру. Көбінесе балаларда кездеседі. Оның белгілері айқын: дене қызуы көтеріледі, мұрынның, көздің және тамақтың шырышты қабаты қабынады, теріде бөртпелер пайда болады. Қызылша қазір ең жұқпалы аурудың бірі саналады.

Қызылша қалай жұғады? Инфекция негізінен ауа арқылы жұғады. Науқаспен байланыста болған кезде (сөйлесу, түшкіру, жөтелу кезінде) бұрын қызылша вакцинасы егілмеген және ағзасында иммунитеті жоқ адамдар тез жұқтырады. Қызылша вирусы өте құбылмалы келеді, қызылшаны науқаспен тікелей байланыста болмаса да, бір бөлмеде ауа жұтудың өзі жеткілікті. Бақытымызға орай, вирус тез өледі, сондықтан тұрмыстық заттар, ойыншықтар, киім-кешек арқылы жұқпайды.

Балалардағы қызылша белгілерін қалай анықтаймыз? Инкубациялық кезең (инфекция ағзаға түскеннен аурудың алғашқы көріністеріне дейін) 7-ден 17 күнге дейін созылады. Инкубациялық кезеңнің соңғы екі күнінде, катаральды кезеңде (3-4 күн) және бөртпелердің төртінші күніне дейін, яғни 9 күн ішінде басқаларға тез жұғады. Бірінші, катаральды, кезеңде (1-3 күн) қызылша респираторлық инфекция түрінде көрінетінін білу маңызды. Ол кезде безгек қысады, бас аурады, жөтеледі, мұрыннан су ағады, тамақ аурады.

Ауру үш кезеңнен тұрады: катаральды, бөртпе кезеңі және пигментация кезеңі. Қызылшаның алғашқы белгілері аурудың катаральды кезеңінде көрінеді. Бұл кезең ұзаққа созылмайды, тек 3-5 күн, және алғашқы нақты белгілердің пайда болуымен сипатталады: ұйқышылдық пен тез шаршау пайда болады. Жөтеліп, мұрыннан су ағып, сонымен қатар дене температурасы аздап көтерілуі мүмкін. Бұл кезеңде қызылшаның негізгі симптомы ретінде баланың тістерінің түбінде, ауыз ұуысында ерекше бөртпелер пайда болады. Мұндай айқын бөртпелердің шығуы ерте диагностикалауға және қажет болған жағдайда баланы жедел оқшаулауға көмектеседі. Балалардағы қызылшаның барлық белгілері аурудың динамикасында күшейеді: жөтел жиілейді, дене температурасы біртіндеп жоғарылап, қызуы 40 градусқа дейін жетуі мүмкін.

Бұдан кейін бөртпелер кезеңі катаральды кезеңге ауысады. Яғни бөрпелер құлақтың арты мен бас терісінен бастап біртіндеп денеге таралады. Бұл кезең – қызылша дертінің шегі саналады. Интоксикациялық және катаральды белгілер күшейіп, артериялық гипотензия, тахикардия, бронхит немесе трахеобронхит белгілері анықталады.

Үшіншісі – пигментация кезеңі. Яғни дұрыс ем алған жағдайда дерттің беті қайтатын кезең. Бөртпе пайда болғаннан бастап 3-4 күн ішінде науқастың жағдайы жақсарады. Дене температурасы қалыпқа келеді, бөртпе жоғалады, пигментация қалады (ол да уақыт өте келе жоғалады). Қалпына келтіру кезінде ұйқышылдық, ашуланшақтық және тез шаршау қалады.

ауру
Фото: ғаламтордан

Қызылшаның жауы – вакцина. Қызылшаның алдын-алу – баланың денсаулығы мен толыққанды дамуының маңызды компоненттерінің бірі. Сондықтан қызылшаға қарсы вакцина егу өте маңызды. Алғашқы вакцина 12-15 айлық дені сау балаларға егіледі. Вакцинаны қайта егу (ревакцинация) 6 жасында, мектепке барар алдында салынады.

Вакцинада баланың иммунитетін қалыптастыруға көмектесетін тірі әрі әлсіз қызылша вирустары бар. Мұны әр бала әртүрлі қабылдайды. Кейде дене қызуы 37,5-38 градусқа дейін көтерілуі мүмкін. Бұл вакцина егілгеннен кейін кейін 5-8 күн ішінде байқалып, бір-үш күнге созылуы мүмкін.

Вакцинациядан кейінгі реакциялар қызылша белгілеріне ұқсас болады, бірақ жеңіл әрі қысқа мерзімде жүреді. Балада бастапқы немесе қайталама иммунитет тапшылығы немесе онкологиялық ауру болса, вакцина салуға болмайды. Сондай-ақ нәресте иммунитетті едәуір төмендететін ауруға шалдықса, дененің қорғаныс функцияларын басатын дәрілерді қабылдаса да вакцина егілмейді.

Балаларымызды қызылшадан қорғаудың бірден-бір жолы вакцина алу және жеке бастың тазалығын сақтау екенін әрдайым есімізде ұстайық.

Ақбөпе ТОЙБЕК, эпидемиолог.