13 Наурыз 10:00

Ерлан Қарин: Жаңа Жолдауда «Жаңа Қазақстанның» келбеті айқындалады

Фото:

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қасіретті қаңтар» оқиғасы кезінде еліміз ақпараттық майданда ұтылғанын айтты. Бұл – ойланарлық, қорытынды шығарарлық сөз. Себебі қазір соғыстың тек майдан даласында ғана емес, ақпарат алаңында да жүретінін көзіміз көріп отыр. Ұлттық қауіпсіздікті сақтауға қалай ұмтылсақ, ақпараттық қауіпсіздікке де соншалықты көңіл бөлу керек.

Жақында ҚР Мемлекеттік хатшысы Ерлан Қарин мен бір топ қазақтілді сайттардың бас редакторлары кездесіп, ақпарат кеңістігіндегі мәселелер турасында пікірлесті. Кездесу соңында Ерлан Қарин журналистердің бірқатар сұрақтарына жауап берді.

– Ерлан Тынымбайұлы, Қаңтар оқиғасына қатысты айтылмай қалған жайттар бар ма?

– Қаңтар оқиғасы кезінде біз нені көрдік? Оқиғалардың толқын-толқынымен дамып отырғанына куә болдық. Ол туралы айтылды, бірақ тағы бір қайталап өту артық болмайды.

Бірінші толқында көшеге бейбіт шерушілер шықты. Бейбіт шерушілер мен полиция арасында ешқандай қақтығыс болған жоқ. Осы мәселенің басын ашып айтуға тиіспіз. Оқиға кезінде түсірілген бейне материалдарды қарасаңыздар, бұған көз жеткізу қиын емес.

3-8 қаңтар аралығында мен Маңғыстауда өңірлік штабтың үйлестіру кеңесі жұмысымен айналыстым. Ақтауда ешқандай қақтығыстар болған жоқ. Неге? Өйткені бейбіт шеруге қатысқан азаматтардың тарапынан полицияға немесе билік органдары өкілдеріне қарсы заңсыз әрекеттер, шабуылдар болмады. Бейбіт шерушілер заңсыз әрекет жасамаған соң полиция да күш қолданған жоқ. Бірде-бір қақтығыс тіркелмеді.

Алматыда да алғашқы күндері солай болды. Бірақ екінші толқында көшеге жастардың түрлі топтары шықты. Олардың арасына саяси экстремистер кіріп, түрлі ұрандар тастап, бейбіт шеруді радикалды бағытқа бұрып жіберді. Билік органдарымен қақтығыстар осы екінші толқында көрінді.

Үшінші толқында шерушілерге криминалды топтар мен радикалдар қосылды. Осы кезде бүлдірулер, қақтығыстар, дүкендерді тонау, мемлекеттік мекемелер мен құқық қорғау органдарының ғимараттарына шабуылдар басталды.

Яғни, Қаңтар оқиғасы кезінде біз саяси экстремизм, криминал және радикализм факторының бір-бірімен араласып кеткенін анық көрдік. Егер мұның алдын алмағанда төртінші, бәлкім, бесінші толқын да болар еді. Билік мұның жүзеге асуына жол бермеді.

– Ол қандай толқындар?

– Дәл сол күндері шетелде, халықаралық террористік ұйымдардың қатарында жүрген азамат еліміздегі жасырын жүрген топтарға үндеу тастап, қарулы жиһадқа шақырды.

Ол ірі халықаралық террористік ұйымның қатарында жүрген біздің елдің азаматы болатын. Кезінде, 2011 жылы біздің елдің бір азаматы қасындағы екі серігімен бірге Ауғанстанда еуропалық радикалдармен бірігіп, ұйым құрып, Атырауда теракт ұйымдастырған.

2012 жылы сол ұйымның тағы бір өкілі Францияның Тулуз қаласында теракт жасайды. Осыдан кейін америкалық және еуропалық барлау қызметтері оларға іздеу салады. Сол екі шетел азаматының көзі жойылды. Ал біздің екі азамат кейін қолға түсіп, Қазақстанға әкелініп, жиырма жылға сотталады.

Солардың арасынан тек біреуі ғана тірі қалып, 2012 жылы Сирияға кетіп, сол жақтағы халықаралық радикалды топтың құрамына кіреді. Міне, сол азамат содан бері әлсін-әлсін үндеу тастап келеді.

Еліміздегі Қаңтар оқиғасы кезінде ол арнайы видео-үндеу жасап, «жиһад басталды, қосылыңдар!» деп шақырған. Бұл – өте қауіпті жағдай.

– Бұл толқындардың арасында байланыс бар ма?

– Тергеудің мақсаты – осы толқындардың арасындағы байланысты анықтау. Сондықтан сол күндері таразы басында біздің мемлекеттілігіміз, тәуелсіздігіміз тұрды. Бұл – ешқандай да әсірелеу емес.

Қаңтар оқиғасы кезінде шетелдегі ортаазиялық радикалдары өзара ақылдасып, осы сәтті пайдаланып қалуды ойлап, Қазақстанға үш мың жиһадшы жібермекші де болған. Егер бұл сценарий жүзеге асқанда мемлекетіміз не болар еді?

– Мемлекеттік төңкеріс жасау әрекеті туралы не айтасыз?

– Бұл іске «аса құпия» деген гриф қойылған. Мән-жайды нақты айта алмаймын. Бірақ криминалмен, радикалдармен сыбайласқан кейбір күштер билікті басып алмақ болған. Түпкі мақсат осы.

– Ресей мен Украина арасындағы соғысқа қатысты Қазақстанның нақты ұстанымы қандай?

– Бұл мәселе қатысты біздің ұстанымды Мемлекет басшысы анық жеткізді. Біз екі тараптың тезірек бейбіт келісімге келгенін қалаймыз.

Қазір әлемде Ресеймен де, Украинамен де байланыс орнатып, таразының басын тең ұстап отырған басшы аз. Сондықтан біз осы ұстанымнан айнымауымыз керек.

Бұл кеше-бүгін басталған қақтығыс емес. Бірнеше жылдан бері шиеленісіп келген мәселе. Көпшілік бір нәрсені байқай бермейді, бұл тек Ресей мен Украина арасындағы мәселе емес, бұл – ірі халықаралық геосаяси қақтығыс. Біздің жағдайды осы мәселеге қатысты бейтарап болудың өзі оңайға соқпайды.

– Мемлекеттік хатшы ретіндегі құзыретіңіз кеңейді ме?

– Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі, Жастар кеңесінің жұмысын үйлестіру сияқты қосымша міндеттемелер қосылды, бірақ құзыретім кеңейген жоқ. Ал, жұмыс көбейді. Қазір Мемлекеттік хатшының ғана жұмысы көбейген жоқ, мемлекеттік қызметкерлердің бәрінің жұмысы көбейді.

Еліміз жаңа кезеңге аяқ басты. Міндет көп. Бәріміздің алдымыздағы ортақ мақсат – жаңа бағыттан ауытқымай, реформаларды жүзеге асыра беру.