4 Желтоқсан 17:30

Елеске айналған ЕМС. НЕГЕ ЕМС «Проблемалық кредиттер қоры» сатып жібергеннен кейін ғана мол пайдаға кенеле бастады?

Фото:

Қаржы министрлігіне қарасты Проблемалық кредиттер қоры өзінің балансындағы, Алматы мен Астанадағы ірі бизнес орталықтарға иелік етіп отырған «Estate Management Company» акционерлік қоғамын былтыр құпия режимде жеке инвесторға асығыс сатып жіберген болатын. Енді мемлекеттің қолында тұрғанда шығыннан көз ашпаған компания жекеге өткеннен кейін қырып пайда таба бастады. НЕГЕ?

ЕМС 2016 жылдың тамыз айына дейін «Кронос Қазақстан» деп аталып, БТА банк иелігіндегі жеке фирма болатын. Артынан БТА Банкті мемлекет құтқарып, оған 2 триллион теңге қаржы құйғанда, БТА активтері мемлекет меншігіне өтті.

Сол уақыттан бері ЕМС арнайы құрылған, Қаржы министрлігіне бағынатын Проблемалық кредиттер қорының еншілес ұйымы саналып келді. Бірақ 2022 жылдың тамыз айларында EMC «REM Invest» жекеменшік фирмасына жабық есік жағдайында сатылған болатын.

Проблемалық кредиттер қоры бұл активтің қаншаға сатылғанын, конкурстың қалай өткенін әлі күнге дейін құпия ұстап отыр.

Бірақ, NEGE дереккөзі мәміле құны шамамен 100 миллион долларға жеткенін айтады. Долларды бюджеттік параметрмен 470 теңге деп есептесек, бұл шамамен 47 миллиард теңге.

Мемлекет ЕМС-ді дұрыс басқара алмағанын оның 2022 жылғы аудиттелген қаржылық есебінен анық байқауға болады. Не әдейі дұрыс басқармай шығынға ұшыратып, соны сылтауратып арзанға сатып жіберген.

Мысалы, мемлекетке бағынып тұрған 2021 жылы «Estate Management Company» акционерлік қоғамы 33 миллион теңге шығынға ұшыраса, жекеге өткен 2022 жылы 2,2 миллиард теңге таза пайда тапқан. 2021 жылы выручкасы 3,7 миллиард теңге болса, 2022 жылы ол төрт есеге өсіп, 14,3 миллиард теңгеге жетеді.

«Estate Management Company» АҚ 2022 жылдың қорытындысы бойынша аудиттелген қаржылық есептілігі. Аудитор: SFAI Kazakhstan

Ал биыл компанияны иелігіне алған Дархан ҚЫЗАЙБАЕВ оның балансындағы Алматыдағы сауда үйін 1,5 миллиард теңгеге, 32 пәтер, жел телімдері мен паркингтерді 1,6 миллиард теңгеге сатып, тағы 3,1 миллиард теңге шығарып алды.

Проблемалық кредиттер қоры «Байтерек» холдингінің кебін кие ме? «Бәйтерек» те өз балансындағы Қазақстанның инвестициялық қорын дәл осылай сатып, артынан қылмыстық іс қозғалып, құқық қорғау органдары бұл жекешелендіруді заңсыз деп тапқан болатын. Енді инвестқорды сатып алған кәсіпкерлер шытырлатып дивиденд санаудың орнына, күн ара тергеушілермен жолығуға мәжбүр.

Қалың бұқара, сарапшылар, журналистер «Estate Management Company» акционерлік қоғамының қалай сатылғаны бойынша барлық ақпаратты ашық көруі тиіс. Ең құрығанда Қаржы министрлігі осы мәмілені жасырудың себебін хабарлайды деген үмітіміз бар. Әйтпесе осы іске қатысты күдік артып барады. Депутаттар іске қосылса, құқық қорғау органдары да назар аударатыны сөзсіз.

Тегтер: