20 Ақпан 11:10

Дүниежүзілік Банк VS Үкімет. Жаңа премьер уәдесін НЕГЕ орындай алмауы мүмкін?

Бектенов
Фото: Фото: Nege.kz

Дүниежүзілік банк «2024 жылы қарай Қазақстан экономикасының өсімі 3,4% болады» деп болжайды. Алайда, Мемлекет басшысы Үкіметке «жыл сайын кем дегенде 6% экономикалық өсім көрсетіңдер» деген тапсырма берген болатын. Сол кезде ғана 2029 жылға қарай Қазақстанның ішкі жалпы өнімі 450 миллиард долларға жетпек.

Бәріне кінәлі мұнай бағасы болып отыр. «2024 жылы мұнай өндірудің болжамды деңгейден төмен түсуі жағдайында экономиканың өсімі өткен жылмен салыстырғанда 3,4%-ға дейін баяулайды деп күтілуде», – деп жазады Дүниежүзілік банктің «Қазақстан экономикасы – 2023-2024 жылғы қыс» баяндамасында.

Зерттеуге сәйкес, 2025 жылы нақты ішкі жалпы өнім 4,5-5%-ға өседі. Өйткені жұмыс істеп тұрған кен орындарындағы өндірістік қуатты кеңейту экспорттың ұлғаюына әкеледі және 2025 жылдан бастап мұнай-химия өнеркәсібінің қанатын жая бастайды. Бірақ біз үшін 2024 жыл 3,4 пайыздық өсіммен ғана аяқталатын болса, онда 2025 жылы кемінде 8-9 пайыз өсім көрсету қажет болады. Бұл – өте қиын міндет.

Үкімет отырысы
Фото: ҚР Үкіметі

Жаңа Үкіметтің алдағы проблемалары мұнымен аяқталмайды. Біз импортты ұлғайтып жібергендіктен, 2023 жылдан бастап ағымдағы шот дефицитті бола бастады. Бұл инфляция мен теңге бағамына зиян әкелері сөзсіз. Дүниежүзілік банктің пайымдауынша, ағымдағы шот тапшылығы 2024 жылы ішкі жалпы өнімнің 3 пайызы деңгейінде болмақ. Демек, еліміздегі алтын-валюта қорының мүмкіндігі тек 7 айға жетеді деген сөз.

Қазақстан бюджетін әлеуметтік әрі қысқартуы қиын етіп жасаған. Бюджет шығыстарының жыл сайын өсіп бара жатқаны да содан. Себебі, бюджет қызметкерлері, мұғалімдер жалақысы, зейнетақы, шәкіртақы инфляцияға қарай индексация жасалып отыруы тиіс. Мұндай жағдайда жыл сайынғы бюджет шығындарының өсуін тоқтату мүмкін болмайды. Ал бюджеттік тапшылықты жабу үшін Ұлттық қор ақшасын алудан басқа амал жоқ. Сол себепті, Ұлттық қор да өсе алмай отыр.

Қосымша құн салығын 16 пайызға өсіру идеясынан бас тартқан соң, Олжас Бектенов басқаратын үкімет үшін «Қосымша 2,5-3 триллион теңгені қайдан аламыз?» деген диллема туып тұр. Жалпы Мемлекет басшысы Үкімет алдына жоғары KPI қойғаны анық. Бірақ өйтпесе де болмайды, соңғы жылдары біз стагнацияға дейін құлдырап кеттік.

Бірақ осы тапсырма орындала ма? 2024 жыл кемінде 6 пайыздық өсіммен аяқталмаса, жаңа үкіметте де жаңа жылдық көңіл-күйдің болмайтынын болжауға болады.