29 Наурыз 17:50

Ажар ҚАНАЕВА, абьюз бойынша сарапшы: Менің тәжірибемде татуластыру деген жоқ

Психология
Фото: Фото: elements.envato.com

Қоғамда тұрмыстық зорлық-зомбылық өршіген сайын жаңа терминдер, жаңа маман иелері пайда бола бастаған. Абьюзер деген кім? Абьюздің түрлері қандай? Бұл жөнінде NEGE тілшісіне абьюз бойынша сарапшы Ажар Қанаева айтып берді. 

– Ажар, абьюз бойынша сарапшы болуыңызға не түрткі болды? 

– Өзім де дәл сондай абьюз күйеуге тұрмысқа шықтым. Басында бар жағдайымды жасады. Сырт көзге керемет көрінетін. Ал үйде, жеке қалғанда кәдімгі монстрға айналып кететін. Әйтпесе, мамандығым – программист. Ақыр соңында ажырасып, психологияны терең оқуға бет бұрдым.

Салтанат Нүкенованы өлтірген Бишімбаевтың іс-әрекетінен өз күйеуімді көргендей боламын. Бәлкім, кетіп қалмағанда мені де өлтіріп қоятын ба еді, кім білсін? «Әр нәрсенің қайыры бар» демекші, кәсіби біліктілігі жоғары психологтардан дәріс алдым. Әлі күнге білімімді жетілдіріп келемін. Себебі, бұл әуелі өз жарамды емдеуге керек болды. Енді қазір айналамдағы жаны қиналған, күйзеліске ұшыраған әйелдерге көмек беруге тырысып жүрмін.

Әуелгіде тәжірибе жинақтау үшін жақын құрбыларыма, таныстарыма тегін кеңес бердім. Өзім алдыма 100 сағат тегін кеңес беремін деген жоспар қойдым. Сол әйелдің кейбірі алғыс ретінде ақша жібере бастады. Бұл сала арқылы нәсіп табамын деп ойлаған жоқпын. Бірақ жанымдағы жанашырларымның «Қаншама білім алып жатырсың. Адамдарға көмектесуің керек қой» деген сөзінен кейін кәдімгідей кеңес беруге көштім. Қазір онлайн кеңесім сағатына – 25 мың. Менің көмегіме жүгінген қатты күйзелістегі клиенттеріме әлі күнге дейін тегін кеңес беріп тұрамын.

– Жалпы, абьюзерді қалай тануға болады?

– Абьюзер деген кім? Бұл – сізді моральді түрде басатын, кемсітетін және құнсыздандыратын адам. Ол оны қулықпен және манипуляция түрінде білдіртпей жасауы мүмкін. Тіпті, ашық түрде қысым көрсетуі мүмкін. Абьюзер адамды өзін дәрменсіз сезуге итермелейді және өзін-өзі бағалауын түсіреді. Абьюзердің қолына түскен адам моральді түрде басылып қалады. Олардың жанында жарақат бар. Басқа адамның жылағанын, бақытсыз күйге ұшырағанын қалайды. Қазір соты болып жатқан Бишімбаевтың да әрекеті сол. Өзінің әйелін ұрып өлтіріп, кінәсін мойындағысы келмейді.

Ғылыми тұрғыда абьюзге айналудың екі табиғи себебі бар. Біріншісі, туа бітеді. Бала патологиямен өмірге келеді. Миының ішінде физиологиялық жағынан өзгеріс болады. Яғни, психикасы бұзылған. Екіншісі – отбасындағы тәрбие. Сәбидің бойындағы тұлғалық бұзылу 5 жасқа дейін қалыптасады. Тіпті, 6 айға дейін-ақ сана-сезімді ата-анасынан қабылдай алады екен. Бала туғаннан сондай болмаса да, отбасынан, қоршаған ортадан сіңіруі мүмкін.

Айталық, анасы күнкөрістің қамымен ерте жұмысқа шығып кетіп, аналық махаббатына бөлемесе, эмоционалдық жақындық болмаса баланың бойында тұлғалық бұзылу туындайды. Одан бөлек өзі де абьюз күйеуінен қысымында жүрген ана балаға қалай көңіл бөлсін? Үшінші, бала ата-ана, ересектердің тарапынан зорлық көрсе, психикасы бұзылады. Көптеген абьюзер бала кезінде сексуалды зорлық-зомбылық құрбаны болуы мүмкін. Алайда, абьюзерлік тек ер адам мен әйелдің арасындағы қарым-қатынаста ғана емес, әріптес, сыныптас не жақын бауырыңыз, тіпті ата-анаңыз тарапынан да жасалуы ықтимал.

Психолог
А.Қанаева. Фото: әлеуметтік желіден

Сізге хабарласатын қазақ әйелдері көп пе?

– Қазір маған хабарласып, көмек сұрайтындар өте көп. Соңғы кезде Қазақстаннан тыс, соғыс болып жатқан Ресей мен Украинадан да жазады, қоңырау шалады. Сол жақтан Еуропаға, АҚШ-қа кеткендер де кеңесіме жүгінеді. Аудиториям көбіне орыстілді. Өзім абьюз жайында киноларды талдаймын. Баян Есентаева түсірген «Бақыт» фильмін қазақтілді аудиторияға арнап талдап едім. Бірақ қазақ аудиториясы күткенімдей белсенді болмады. Қазақ әйелдері Бишімбаевтың қолынан қаза тапқан Салтанат Нүкенованың қайғылы оқиғасынан кейін хабарласа бастады. Инстаграм парақшама жазылған 100 оқырманнан 1 адам кеңес алған шығар.

Айталық, Ресейден, Украинадан хабарласатындар ішінде психологиялық, қаржылай абьюзден зардап шеккендер болса, біздің елімізде қол көтеру, ұрып-соғу сияқты физикалық және психологиялық абьюзерден зәрезап болғандар көп. Абьюзерден қорлық көрген әйел өз ісіне қанағаттанбайды, көңілі толмайды. Үнемі өзін басқалармен салыстырады, кінә сезімі мазалайды. Өзін бірінші орынға қоймайды. Яғни, көп жағдайда өз уақытыңызды бағаламайсыз, жұмыстарыңызды басқалар үшін кейінге қалдырасыз және сізге біреудің өтінішіне «жоқ» деп айту қиын. Шешім қабылдаудан қорқып, оны біреудің мойнына ілуге тырысасыз немесе ұзақ уақыт бойы белгісіздік күйінде қалуды жөн көресіз. Көп нәрсеге шыдау – бұл романтикалық қарым-қатынасқа, жұмысқа және достармен қарым-қатынасқа қатысты.

Абьюздің түрлеріне тоқтатып өтсеңіз...

– Абьюздің қаржылай-экономикалық, психологиялық, физикалық, эмоционалдық, сексуалдық түрі бар. Қай адам абьюздің қандай түрінен зардап шегетінін түріне қарап ажыратуға болады. Бірақ кей адамнан анықтау қиындау. Ал психологиялық, эмоционалдық абьюзден қорлық көргенін сөйлесу арқылы білесің. Мұндай әйелдердің өзіне деген сенімділігі төмендеп кетеді. Керісінше, қазақ әйелдерін «Ертең ажырассам, қалай күн көремін? Аш қалмаймын ба? Одан да өле салғаным артық» деген ойлар шырмап алады.

Егер физикалық абьюз болса, демек осы қарым-қатынастың ішінде абьюздің барлық түрі бар деген сөз. Ал енді әйелдердің бір тобы көбінесе қаржы жағынан қысым көреді. Мұның ішінде қашан да психологиялық абьюз бой көрсетеді. Бір адам екінші адамға тәуелді болса, абьюзердің айтқанынан шыға алмайды. Әсіресе, қазақ отбасында әйел күйеуінен бөлек, ата-енесі және туыстарымен дұрыс қарым-қатынаста болуы керек. Бұл адамды мүжи береді.

Орта жастағы әйелдердің ішінде психолог маманға баратыны сирек. Бір айта кетерлігі, психологтардың өзі екі түрге бөлінеді. Біздегілер «қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпына сүйене отырып, айналаңдағы барлық адамға жағынып, жағдайын жасау керексің» десе, шетелдік мамандар «алдымен өзіңді бірінші орынға қой. Өзіңді ойламасаң, қажеттіліктеріңді орындамасаң, бақытты бола алмайсың», – дейді. Сол үшін көп әйел шыдамдылық пен төзімділік таныта жүріп, құрбанға айналғанын білмей қалады. Құрбан болу – диагноз емес, адамның эмоционалды жағдайы.

Маған көмек сұрап хабарласатын әйелдің көбі жоғары білімі болса да: «Күйеуім ұрып-соғады. Бірақ ол ақша табады. Керектінің бәрін алып береді», – деп қорғап шығады. Тәптіштеп сұрай келе киімі де, қажетті заттары да жоқ екенін білесің.

Психолог
Фото: әлеуметтік желіден

Демек, қазақ әйелдері абьюзер күйеуінің дегенінен шықпай жүреді де, соңы қайғылы жағдайға ұласып жатады дейсіз ғой.

– Абьюзер еркек әйеліне әуелі психологиялық қысым көрсетуден бастайды. Күйеуі қаржылық тұрғыдан қысып, бірақ ұрмаса оған бола келмейді. Тек ұрып-соққанда ғана көмек сұрайды. Ал ұру, денесіне зақым келтіру – соңғы стадия. Бұл кезде абьюзер төрт-бес бала туған әйелінің ешқайда кетпейтініне сенімді болады. Бәрін сұрай келе, зерттей келе күйеуі басынан солай екеніне көз жеткізесің. Күйеуінің қарым-қатынасы үйленген күннен дұрыс болмаған. Психологиялық абьюзден басталып, соңы асқынған түріне бір-ақ әкелген.

Біріншіден, абьюзер ер адам тыйым салуды ұнатады: ол өзінің «құрбанына» тыйым салатын нәрсенің бәрін өзі істейді. Екіншісі – эмоцияны ұстай алмау. Қандай да бір жағдайға байланысты екі адам ұрыса бастаса, абьюзер даусын қаттырақ шығарып, эмоциясын ұстай алмай, айғайлай бастайды. Абьюзердің тағы бір белгісі – жеке кеңістікті бұзуы. Яғни, адам телефонмен сөйлесіп, бір адаммен хат алмасып отырса, абьюзер ол кіммен сөйлесіп жатқанын тексеріп, тіпті ол адаммен сөйлесуіне не кездесуіне тыйым салуы мүмкін. Тағы бір белгі – қызғаныш. Егер «құрбан» біреумен жақсы араласса, абьюзер қызғанып, ақыр соңында сол адаммен араласуына мүлде тыйым салуы мүмкін. Сосын абьюзер физикалық тұрғыда мықты екенін көрсетіп құрбанға жиі қоқан-лоқы көрсетіп тұрады.

– Абьюздер біз білмейтін қандай тұзақтар құра алады?

– Абьюз үш тұзақ құрады. Бірінші – неке. Кейбір абьюзер болашақ жарының алдында іштегісін жасырып жүреді. Құсын қолына қондырған үйлену тойының ертесіне-ақ аузын жаба бастайды. Кей абьюзер мінезін үйленген сәттен көрсетпейді, оның өзіндік циклы бар. Әуелі көңілі толмай тиіседі, араға уақыт салып болмашы нәрсені сылтау етіп айқай-шу шығарады. Ұрыстың соңы қол көтерумен аяқталады. Екінші – ақша.

Әйел тұрмысқа шығып, бала көтергеннен кейін эмоционалды зорлық-зомбылыққа ұшырайды. Әйел декреттік демалысқа шыққан соң күйеуі эмоционалдықпен қоса қаржылық қысымды күшейтеді. Үшінші – изоляция.

Күйеуге шыққан әйелдің сыртқы ортамен, құрбыларымен араласуға уақыты болмайды. Себебі, күйеуі, ата-енесі, туыстары бар, қонақ күтуден қолы босамайды. Тұрмысқа шыққан соң сыртқа шығу қысқарады, бала көтерсе одан сайын шектеледі, өмірге бала келсе алдынан ақшалай тәуелділік шығады да мүлдем ешқайда бармайды. Егер әйел оған дейін қажеттілігін өзі тауып жүрсе, кез келген абьюзер өз «құрбанын» жоғалтпауға тырысады. Абьюзер ішіндегі жиналған агрессиясын шығарған соң уақытша басылып қалады. Онысын жуып шайып, кешірім сұрап, сыйлық алып береді.

Төртінші тұзақ – бала. Әйел адам балалы болғанда нағыз тұзаққа түседі. «Құрбан» мен абьюзер арасында бала болса, бұл әйел мейлінше ажыраспауға, некені сақтауға тырысады. 

Психолог
Фото: әлеуметтік желіден

– Сіздің кеңесіңізден кейін ерлі-зайыптының қарым-қатынасы жақсарып кеткен фактілер болды ма, әлде абьюзер күйеуінен біржола құтылғандар көп пе?

– Негізі әйелдер маған некені сақтап қалу үшін келмейді. Себебі, мен отбасылық психолог емеспін. Көмегіме мұқтаж болып келген әйел күйеуінен таяқ жейтінін, үнемі кемсітетінін, еркіндігін шектейтінін айтса, қайта достастырғаннан пайда жоқ. Менің тәжірибемде – татуластыру деген жоқ. Әрине, күйеуі соншалықты қауіпті, қайғылы жағдайға әкелмесе де, өзара келіспеушілігі төмен отбасына өз тарапымнан қарым-қатынасты жақсартуға байланысты не істеу керегін айтып, кеңесімді беремін. Бұл бұрынғыдан да тату-тәтті өмір сүріп кеткен кейс.

– Сот отырысы өтіп жатқан Қуандық Бишімбаевтың қылмыстық ісіне қатысты пікіріңіз қандай?

– Бишімбаевқа қарасаң, бет-әлпеті, тұрқы қылмыскерге ұқсамайды. Оқыған, білімді азамат. Бірақ ол психикасы бұзылған – психопат. Ол да ел-жұртқа жақсы боп көрінеді. Шын мәнінде, ол өзінің қандай екенін осы қайғылы жағдай арқылы көрсетті. Мұндай адамдар ешқашан кінәлі екенін мойындамайды, өзін кінәлі сезінбейді. Психопаттар сау адам сияқты. Не істеу керегін жақсы біледі. Олар екі түрге – барлық жағынан жолы болған және жолы болмаған деп бөлінеді. Жолы болған психопаттар өлімнен басқасының бәрін істейді. Арандатады, алдайды, сатады, өтірік айтады, жалған жала жабады. Сол арқылы мақсатына жетеді.

Ал Бишімбаев жас кезінде-ақ министр атанды, билікке қол жеткізді. Ақша да болды. Бұған дейін істі болып, сотталды да. Осы тұрғыдан алғанда Бишімбаев – жолы болмаған психопат. Себебі, басынан өткен қателігінен сабақ алмады. Психопат адам Құдайдан, өлімнен қорықпайды. Психопаттар рецидивист келеді. Ол толыққанды жазасын алуы тиіс. Егер тағы да сытылып шықса, келесі жолы бұдан да ауыр қылмыс жасауы мүмкін.