23 Сәуір 16:12

Шыңғыс Мұқан: Дамитын адам кітап оқиды

Шынгыс
Фото: Ашық дерек көздері

Кітап оқу да – мәдениеттің бір түрі. Қазір не көп, кітап дүкені көп. Бірақ ондағы әдебиеттердің дені Мәскеуде орыс тілінде шыққан. Біздің баспагерлердің шығарған өнімдері бір бұрышты ғана алатын еді. Десе де, соңғы кездері қазақ тілінде шыққан кітаптардың саны да сапасы да артып келеді. Отандық авторлардың еңбегін айтпағанда, шетелдік озық әдебиеттер қазақ тіліне тікелей аударылып, көпшіліктің көңілінен шығып жатыр. Бұл қазақ тілінің қолданыс аясын кеңіте түсері хақ. Баспагер Шыңғыс Мұқан еліміздегі кітап оқу мәдениетінің қалыптасу және дамуы жайлы NEGE-ге пікір білдірді.

– Баспагер ретінде кітап оқу мәдениеті жайындағы сіздің пікіріңіз бізге өте қызық болып тұр. Жалпы, жұрттың назарын кітапқа аудару үшін насихат керек пе? 

– «Мазмұндама» баспасы – 2008 жылдан бері халықаралық бесселлер кітаптарды аудару арқылы қазақ тілінің мазмұнын дамытуды мақсат еткен баспа. Кітап оқу мәдениетін насихаттау – біз үшін өмірлік маңызы бар іс. Бұл бұл мәселе төңірегінде көп ойланып, көп зерттеулерді оқыдық. Қазір кітап оқу мәдениетін арттыру бойынша кітап-кофеханасын ашып жатырмыз. Мұның негізгі мақсаты – кітап оқуды насихаттау.

Диетологтардың айтуынша, балаларыңыз жеміс-жейдек жемесе, оны дастарханның басына үзбей қою керек екен. Бір-екі күннен кейін ақырындап жей бастайды. Дәмін татып, бойын үйреткен соң, ол дәстүрге айналады. Сол сияқты халық кітап оқымаса, кітапты барлық жерге қою керек. Кеңселерде, тұрғын үйлердің бірінші қабатында тұруы қажет. Компаниялардың офистерінде кітап бұрыштары болуы шарт. Адамдар жиі баратын емханалар, мектептердің дәлізінде және тағы да басқа жерлерде кітаптар ұдайы тұруы қажет. Сонда адамдар кітап оқи бастайды. Біздің мақсатымыз да сол.

– Кітап кофеханасын ашыпсыз. Ондағы мақсатыңыз не?

– Қазір біз кофеханада үш мың, төрт мың кітап қойдық. Келіп кітап алған адамға кофені тегін береміз. Мақсатымыз – тамақ, кофе беріп, адамның қарнын тойдыру емес, кітап оқыту. Өйткені, кітап арқылы ғана адам дамиды. Адам дамыса, мемлекет, қоғам да дамиды. Сондықтан баспамыз кітап оқу мәдениетін дамыту үшін жұмыс істеп жатыр.

– Адамдарды қалай кітапқа деген қызығушылығын арттыруға болады?

– Кез келген нәрсені өсіріп жіберуге де, өшіріп жіберуге де болады. Инстаграмдағы миллион жазылушылары бар адамдар кітап оқи бастаса, бүкіл ел кітап оқып кетер еді. Біздің әрекетіміздің 70-80 пайызы – өзіміздің саналы әрекетіміз емес. Түп санамыз өзіміз істеп жатқандай болады. Бірақ адамдар көргенін, естігенін істейді.

Бізде кітап оқу мәдениеті енді қалыптасып, дамиды деп ойлаймын. Тәуелсіздік жылдары кітаптар көп шықты. Бірақ мемлекеттің қолдауымен. Бірақ одан кейін кітап шығару ісі төменгі деңгейде болды. «Мәдени мұра» секілді бағдарламалардың аясында қаржы бөлінсе, кітап шығады. Бөлінбесе, шықпайды. Бір анығы, кітап шығару ісі мемлекеттің аузына қарап отыра берсе, көп алысқа ұзамайды. Мұны халықтың өзі қолдап, мүдделі болуы тиіс.

– Бізде кеңес дәуірінде кітап оқу мәдениеті болды. Ең кітапқұмар ел болдық. 90-жылдары нан тауып жеуді ойлады. Кейін жағдай жақсарған кезде интернет шықты. Әлеуметтік желілер сананы жаулады. Кітаптан қол үзудің бір астарында осы жағдай жатқан жоқ па?

Ол кезде адамның көңілін аулайтын көп нәрсе болмады. Теледидардың өзінде екі-үш арна ғана көрсететін. Сосын халық кітап пен газетке бас қойды. Қазір елдің назарын өзіне аударатын дүние көп. Интернеттің пайда болуымен саны күрт өсті. Сондықтан адамның уақыты азайып кетті. Дәстүрлі кітаптар назардан тыс қалып қойды. Қазір кітап түгілі газеттер оқылмайтын болды. Телеарналардың өзі көрермендерінен айырылып қалды.

Десек те, ғалымдар мен жазушылардың қағазға түсіргені кітап болып шығады. Мейлі, қағаз түрінде болса да, электронды түрде болса да. Сапалы дүние, сапалы мазмұн кітапта. Әлеуметтік желідегі көңіл сергітетін нәрсе емес, бұл. Дамитын адам кітап оқиды. Дамымайтын адам Тик-токты қарайды.

– Шетелде оқып келдіңіз. Біраз елді көрдіңіз. Ол жақта кітап оқу мәдениеті қандай? Бізбен салыстырып айтып бере аласыз ба?

– АҚШ-та екі жыл тұрдым. Америкалықтар – әлемдегі кітапты көп оқитын халықтардың бірі. Кітапты өте көп басып шығарады. Бестселлерлердің көбі осы елде шығады. Ғалымдары мен жазушылары көп. Өйткені, бұл елде кітап – үлкен нарық. Ғалымдары мен жазушыларының еңбегіне халық тарапынан сұранысқа ие болса, кітап шығарушылар да көбейеді. Кітап нарығы жақсы қалыптасқан. Кітап жазып, миллионер болып кетуге болады.

Ал бізде кітап жазып, күн көру қиын. Бұдан да бір жерге күзетші болып тұрған оңайырақ. Сондықтан қазақстандық ғалымдар, жазушылар интеллектуалды еңбегін сатып күн көре алмайды. Себебі, нарық қалыптаспаған. Ол үшін жазған дүниелері сұранысқа ие болуы керек.

Кезінде мемлекеттің қолдауымен біреу жүз мың данамен кітап шығарып, бүкіл кітапханаларға таратып тастайтын еді. Қаламақысы жазушыға бір-екі жылға жетуші еді. Қазір бәрі нарыққа келіп тіреледі. Сұраныс болу үшін халық кітап оқу керек. Бәрі бір-біріне тығыз байланысты.

– Кітап оқу мәдениетін қалай қалыптастыруға болады?

– Ұлттық деңгейде көтеру керек. Президенттен бастап кітап оқуы қажет. Мәселен, АҚШ-та «Обама оқыған он кітап» деген тізімдер үнемі жарияланып жатады. Рас, Мемлекет басшысының кітап оқып отыруға уақыты аз. Десе де, ондай тізімді жылына бір мәрте шығарып тұруға болады.

Мәдениет министрлігімен келісім жасап, миллиондаған жазушылары бар жұлдыздар өздері оқыған кітаптарын айтып беріп, насихаттауы қажет. Ел алдында жүргендер кітап оқи бастаса, адамдар көргенін қайталайды. Олар да кітапқа бас қояды. Қоғамдық көліктердің ішіне кітаптың жарнамаларын ілу керек.

– Бізде қазіргі кезде қандай кітаптар жақсы оқылады? Қайсысы оқылмай жатыр?

Бұрын адамдар көркем әдебиетті көп оқитын. Соңғы кездері танымдық, психологиялық, бизнес әдебиеттер танымал. Өзіміздің шығарған кітаптарға келсек, адамдардың 50 пайызы көркем әдебиет, 50 пайызы танымдық әдебиет оқитынын байқаймыз. Арасында балалар әдебиеті бар.

Ал ілемде көркем әдебиет көбірек оқылады.

– Кітап оқу мәдениеті бізге қашан қалыптасады? Қандай болжам айтар едіңіз?

Меніңше, алдағы он жылда баспа нарығы, кітап оқу мәдениеті қазіргіден әлдеқайда дамиды. Өйткені, қазір баспалар жақсы кітаптар шығарып жатыр. Ел оқуы үшін алдымен сапалы дүниені ұсыну қажет. Ұсыныс болмаса, сұраныс та болмайды.

Әр баспаның өзінің маркетингі бар. Оқырмандары бар. Өздерінің шығарған кітаптарын насихаттау арқылы жаңа оқырмандарды табады. Олар оқудың ләззатын алады. Кітап оқу қазіргіден әлдеқайда көп болады деп ойлаймын.

Қазір біз бір кітапты 1000-2000 мың данамен шығарып жатсақ, он жылдан кейін 5000-10000 данамен шығаратын боламыз.

Әңгімеңізге көп рахмет!