3 Ақпан 17:43

Махамбет Досмұхамбетов Индер ауданының тұрғындарын онлайн қабылдады

Фото:

Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов Индер ауданының тұрғындарын жеке сұрақтары бойынша онлайн қабылдады, деп хабарлайды Атырау облыстық коммуникациялар қызметі.

Атырау, NEGE. Тұрғындардың көтерген сауалдары тұрғын үй мәселесі, каналдардың көзін ашу, аудандық ауруханаға күрделі жөндеу жүргізу бағытында болды.

«Біздің тұрып жатқан баспана 1950 жылы салынған, бүгінгі таңда апатты жағдайда, осыған байланысты жаңа баспанамен қамтуға көмек сұраймын»,-деді аудан тұрғыны, көп балалы ана Мейіз Рахимова.

Индер ауданының әкімі Мейірім Қалауи қазіргі кезде ауданда мұндай жағдайдағы 19 үй бар екендігін, бүгінгі таңда жаңа тұрғын үй құрылысының құжаттары рәсімделуде екенін, алдыңғы кезекте қиын жағдайдағы отбасылар алатынын және бұрынғы баспанасының көлемімен сәйкестендіріп берілетінін, сондай-ақ сауал қоюшы кезектің алдыңғы легінде бар екендігін жеткізді.

Сонымен қатар, индерлік Мұрат Ильяс Бағырлай, Ақсай каналдарының көзін ашу қажеттігін айтты. Өйткені, ауданға қарасты елді мекендердің малдарының суарылатын бірден-бір су көзі аталған каналдар екендігі айтылды. Аудан әкімі бұл сауалдың бақылауда екенін, мәселенің аяқсыз қалмайтынын мәлімдеді.

«Халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында бар күш-жігерімізді салуымыз қажет. Халықтың көтеріп отырған сауалдары заң шеңберінде шешілу керек»,- деді өңір басшысы Махамбет Досмұхамбетов.

Тегтер: