4 Желтоқсан 12:04

Қордайдағы қақтығыс: Сот отырысы басталды

Фото:

Тараздағы тергеу изоляторында Жамбыл облысында болған қақтығысқа қатысты сот отырысы басталды.

Тараз, NEGE. Сот Тараз изоляторында Айдарбек Замбаевтың төрағалымен өтіп жатыр. Ол үшін арнайы бөлме дайындалған. Сондай-ақ, залда 60-қа жуық адвокат бар. Процестің барлық қатысушысы коронавирусты анықтайтын тест тапсырды.

Сот алдында 51 адам жауап береді. Олардың 33-і қамауда, 16-сына кепіл түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалған, ал екеуі ешқайда кетпеу туралы қолхат берген. 366 адам осы іс бойынша жәбірленуші болып танылды.

Айта кетейік, 8 ақпанда Жамбыл облысы, Қордай ауданының 3 ауылында 2 мыңдай адамның қатысуымен жаппай тәртіпсіздік болған еді. Салдарынан 11 адам қаза тауып, 168 тұрғын үй мен сауда нысандары, сондай-ақ 100-ден аса көлік қиратылған еді. Наурыз айының соңында арнайы операция қақтығысқа белсенді қатысқандарды ұстаған. Ал қыркүйек айында сотталған 7 адамға қатысты сот процесі болып, оларға 3 жылдан 8 жылға дейін жаза тағайындады.

Алайда, Қордайдағы тәртіпсіздік бойынша Жамбыл облысы, Алматы және Шымкент қалаларында жүргізілген арнайы операция кезінде 25 адам ұсталған еді.

Сол кезде облыстық штаб: «185 адам зардап шекті, оның 34-і ауруханаға жатқызылды. Сондай-ақ, 39 тұрғын үй, 20 коммерциялық нысан және 47 автокөлік өртенді. 7-13 ақпан аралығында Қордай, Қарасу, Аухатты, Сортөбе бақылау-өткізу пункті арқылы Қырғыз Республикасына 23 131 адам өткен, 21 261 адам келген», - деп хабарлады.

Ауылдарды тазалау жұмыстарына 250 адам және 53 бірлік техника жұмылдырылып, 680 тонна құрылыс қоқысы шығарылған. Жоғалған құжаттарды қалпына келтіру үшін Сортөбе ауылдық округі әкімдігінің ғимаратында мобильді халыққа қызмет көрсету орталығы құрылып, 54 туу туралы куәлік, 48 жеке куәлік, балалардың 1193 қосымша анықтама парағы, 15 жылжымайтын мүлікке құжат, 8 неке туралы куәлік, 1 төлқұжат берілгенін айта кетейік. Одан бөлек 778 зардап шеккен отбасыға гуманитарлық көмек көрсетіліп, 57,2 тонна азық-түлік пен алғашқы қажетті тауарлар жеткізілді. 

 Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл оқиғаны арандатушылар өз пайдасына жаратқысы келгенін мәлімдеген болатын.  

Тегтер: