«Жас кәсіпкер» жобасының жемісін көріп отырған жас аспаз
2019 жыл елімізде «Жастар жылы» деп жарияланғаны белгілі. Осы ретте «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өз алдына жеке кәсіппен айналысып, табысты болғысы келетін жастарға қолдау көрсетуді ұйғарған. Соның бірі – түрлі кейстер мен бизнес-тренерлер арқылы жүзеге асқан «Жас кәсіпкер» оқу жобасы.
«Бастау» жобасы аясында іске асқан жобаға талап бойынша 18-29 жас аралығындағы жігіттер мен қыздар қатыса алады. Олар іскерлік бойынша білім алып қана қоймай, нәтижесінде жеке кәсіп ашуға мүмкіндік алды. Яғни, жобаға қатысқандар сүйікті ісін жандандыру жолында алғашқы капитал ретінде грант неесе жеңілдетілген қаржыландыруға қол жеткізді. Сол жастардың алғашқы легінде TikTok желісінде «Қара бала» деген атпен танылған Баяшат Әлібек те бар.
Жас аспаз 1997 жылы Қытайдың Тоғызтарау ауылында туған. 2018 жылы Алматыға ат басын бұрған. Бүгінде қос дәмхананың қожайыны Баяшатың лағман әзірлеуде он жылдық тәжірибесі бар.
«Қытайда түрлі тағамдар түрін жасаудың қыр-сырын үйренген едім. Арасында жергілікті халықтың сүйіп жейтін теңіз өнімдері де бар. Ал Алматыға алғаш келгенде жұртқа қай тамақ түрін даярласам екен деген ойға қалдым. Сөйтіп, өзімді дамытып, нарықты зерттеп алу мақсатында түрлі курстарға қатыуға бел байладым. Нәтижесінде өзімнің қолымнан келетін іспен айналысуға бекіндім. Себебі, мен лағманның жасалу жолын жақсы меңгерген едім. Оның үстіне Қазақстанда лағманға деген сұраныс анағұрлым жоғары көрінді», – дейді «Жас кәсіпкер» жобасының қатысушысы.
Айта кетейік, атамекеніне ат басын бұруға асыққан Баяшаттың Қытайда самсаханасы болған екен. Әсіресе «жаужүрек» атты самсасы жергілікті тұрғындар арасында танымал болса керек. Ал Алматыға келудегі себебін болашағына алаңдағанымен байланыстырды. Сондықтан ол кәсібін тастап, танысы мен туысы болмаса да бар құжатын жиып, елге келуге асыққанын жеткізді.
Алматыға келе жатқан жолда Баяшаттың айы оңынан туып, жолай Бердібек атты бейтаныс ағамен танысқан. Жолсерігінің түсетін жері болмағанын бірден ұғынса керек, әлгі ер ағасы елге жақындағанда «өзімнің қазақ бауырым екенсің ғой» деп үйіне түсуін өтініпті. Үй иесі қонақ баланың аспаздық өнері барын білген соң шағын аудандардың біріндегі дәмханаға жұмысқа орналастырған. Десе де дәмді тағам әзірлеудің шебері уақыт өте келе жеке дара кәсіп жасауды жөн көрген.
«Менің жас шамам талабына сай келгендіктен «Жас кәсіпкер» жобасына бір үмітпен құжаттарымды тұрғылықты мекенжай бойынша Халыққа қызмет көрсету орталығына тапсырдым. Арада көп уақыт өтпей, оқуға кірісетінімді хабарлады. Сөйтіп, айналдырған екі аптаның ішінде кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгердім. Соңында жобамды қорғадым. Кәсіп көзін ашудағы идеям комиссия мүшелеріне ұнағандықтан, 505 мың теңге көлемінде грантқа ие болдым», – дейді жас аспаз.
Жеке шотына түскен қаражатқа Баяшат лағман әзірлеуге қажетті құрылғылар мен ыдыс-аяқтар сатып алған. Сөйтіп, өзі әзірлеген өнімді әлеуметтік желі арқылы жарнамалай бастапты. Сондай-ақ лағманның айналасында басқа табыс көздерін табуды да жөн көрген.
«Инстаграм және TikTok желілері арқылы осы тағам түріне қажетті дәмдеуіштер саттым. Бұдан өзге лағман дайындайтын онлайн, офлайн курстар ашуды қолға алдық. Нәтижесінде онлайн жүйе бойынша бір жылда 5 мыңнан артық шәкіртке, ал офлайн жүйе бойынша 500-ден аса ас әзірлеуге құштар жандарға білгенімді үйреттім. Олар қазіргі таңда еліміздің түрлі аймағында жұмыс істеп жүр. Алды жеке дара өз алдына дәмхана да ашып үлгерді», – дейді ол.
Баяшат алғашқы дәмханасын «Дара бала» деп атаған. «Алғашқы орынды 3 ай іздедім. Бір оқырманым жазды. Осы жерде орын бар деп. Келіп көрдім, ұнады. Ақырындап бастап кеттік», – дейді лағман жасаудың шебері.
Арада бір жылға жетер-жетпес уақыттан соң Қара бала екінші дәмханасын ашқан. Бүгінгі таңда он сегіз адамды жұмыспен қамтып отырған жас аспаз жұмыс өнімді болғандықтан үшінші лағман орталығын ашпаққа даярланып жүр.
Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі тұрғындарға дәмді лағманынан дәм татырғысы келетін Баяшат еліміздің әр өңірінен дамхана ашқысы келетінін айтып қалды. Осылайша аталмыш тағамның он сегіз түрін әзірлей білетін аспаз қазіргі таңда өзіне келуші қонақтарға лағманның бес түрін ұсынып жүргенін алға тартты.
«Кәсіп бастаймын деген адамға қыруар қаражат қажет деген қате түсінік. Қолға түскен азын-аулақ қаражатты ұқсата білген жан оның ерте ме, кеш пе жемісін жейді. Бастысы, мемлекет тіршілік жасаймын деген жастарға қолқабыс болып отыр. Мәселе тартынбай, қолдан келетін тіршілікті айналдырып әкетуің қажет. Кәсіп түбі – нәсіп дейді», – «Жас кәсіпкер» жобасының жемісін көріп отырған Баяшат Әлібек.