Ұлттық спортқа қызығушылық артып келеді
Қазақтың көнеден жеткен ойындары бүгін тек естелік емес, тірі құндылыққа айналды. Ұлттық спорт қоғамның рухани діңгегін бекемдеп, жаңа буынның болмысын айқындайтын қуатты құралға айналып отыр.
Астана, NEGE. Даланың төсінде дүбірлеткен бәйге, көкпардағы көкжал тартыс, асықтың сарт еткен үні – қазақтың жадында ғана сақталған жәдігер емес, бүгінгі өмірдің тамыр соғысымен үндесіп тұрған тірі құндылық. Кешегі бабадан жеткен салт-дәстүр енді жаңа сипат алып, ұлттық спорт түрлері қоғамдық өмірдің ажырамас бөлігіне айналды.
Қазіргі таңда ел көлемінде ұлттық спортпен жүйелі айналысатындар саны 666 мыңнан асты. Бұл дене шынықтырумен шұғылданатындардың шамамен 9,6%-ы. Яғни, көне ойындар қайта түлеп, бұқаралық сипат алып келеді. Бұрын этнографиялық мұра ретінде қаралған асық ату, көкпар, тоғызқұмалақ, бәйге бүгінде дербес дамып жатқан спорт саласына айналып отыр.
Мемлекет тарапынан да бұл бағыт назардан тыс қалған жоқ. Өткен жылы ұлттық спортты қолдауға шамамен 6 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражат тек жарыстар ұйымдастыруға емес, ауыл мен қала арасындағы мәдени байланысты бекемдеуге бағытталды. Өйткені ұлттық ойын жәй ғана сайыс емес, ол – ұлттың коды, тарихи жадының ажырамас бөлігі.
Бүгінде елімізде 11 ұлттық спорт түрі ресми түрде басым бағыт ретінде мойындалған. Олардың қатарында көкпар мен аударыспақ секілді ат спорты, қазақ күресі сияқты күш пен жігерді талап ететін өнер, сондай-ақ тоғызқұмалақ секілді зияткерлік ойын бар.
Соның ішінде құсбегілік, тоғызқұмалақ, қазақ күресі және асық ату ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енгізілген.
Ұлттық спорттың өрісі тек ел ішіндегі аламанмен шектелмейді. Биыл 31 тамызда Қырғызстан аумағында VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Бұл додада қазақтың көкпары ресми бағдарламаға енгізілді. Алғашында жоспардан тыс қалғанымен, Қазақстанның табанды ұстанымының арқасында толық форматта бекітілді.
Ауқымды жарысқа 89-дан астам елден 3000-ға жуық спортшы қатысады деп күтілуде. Ашылу рәсімі Бішкек қаласында өтіп, негізгі бәсекелер Ыстықкөл жағасында жалғасады. Жалпы саны 43 ұлттық спорт түрі қамтылып, оның ішінде қазақтың көкпары мен қырғыздың көк-боруы қатар ұйымдастырылады.