25 Шілде 09:10
...

Шымкент: 500-ге жуық жоғары технологиялы медициналық көмек көрсетіліп, 1 миллионнан астам адам сақтандырылған

Шымкент
Фото: gov.kz

Шымкентте тұрғындардың міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде қамтылу қарқыны артуда. Қазіргі таңда қала тұрғындарының 80 пайыздан астамы, яғни 1 миллионнан астам адам сақтандырылған. 

Шымкент, NEGE. Бүгінгі күні 700 мыңнан астам адам жеңілдік санатында енгізілген, олардың жарнасын мемлекет төлеуде. Алайда 237 492 азаматтың сақтандыру мәртебесі жоқ. Оның ішінде 56 мыңнан астам азамат әлеуметтік осал топты азаматтар санатында. 

МӘМС туралы заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, жарна төленбей қалған жағдайда азаматтардың сақтандыру мәртебесі 3 ай ғана сақталатын болса, енді 5 жыл бойы тұрақты жарнасы төленген адамдарға жұмысынан айырылған жағдайда бұл мәртебе 6 айға дейін сақталатын болады. Яғни, азаматтар уақытша табысынан айырылып қалса да, медициналық көмексіз қалмайды. Бірақ кейіннен сол уақыттағы қарызы өтелуі керек болады. Сонымен қатар, ресми жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар да сақтандыру жүйесіне жергілікті бюджет есебінен қамтылады.
Шымкентте жыл басынан бері міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында 1,8 миллиард теңгеден астам қаражатқа 500-ге жуық жоғары технологиялы медициналық қызмет көрсетілді. Кардиохирургия мен нейрохирургия салаларындағы мұндай операциялардың құны бірнеше миллионнан бастап 70 миллион теңгеге дейінгі қаражатты құрайды. Жалпы биылғы жылы қалада қымбат бағалы әрі күрделі 1500 -ға жуық операцияны қаржыландыру жоспарланған.

Шымкент
Фото: gov.kz

Жаңадан енгізілген өзгерістерге сәйкес, 2026 жылдан бастап онкологиялық скринингтер ТМККК тізіміне өтеді және МӘМС жүйесінде сақтандырылған мәртебесіне қарамастан барлық азаматтар үшін тегін болады. Бұған қоса, бұрын тек туберкулез бен АИТВ-ға ғана тегін тексеру жасалса, енді оған қоса созылмалы вирусты гепатиттер мен бауыр циррозы, қатерлі ісіктер, психикалық және мінез-құлықтық бұзылыстар, орфандық аурулар, жедел миокард инфаркті, инсульт ауруларына күдік туындаған жағдайда консультативтік-диагностикалық көмек те тегін көрсетілетін болады.

Ал, 2026 жылдан бастап МӘМС-тің базалық пакетіне амбулаторлық диализ, сондай-ақ динамикалық бақылауды қажет ететін созылмалы аурулардың 12 тобы бойынша консультативтік-диагностикалық көмек, амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету, жоспарлы түрде стационарлық және стационарды алмастыратын көмек кіреді.
Жыл басынан бері медициналық ұйымдарда шымкенттіктерге МӘМС есебінен 3,5 миллионнан астам консультациялық-диагностикалық қызмет көрсетілген. Сонымен қатар, қаржыландырудың қомақты бөлігі мамандандырылған стационарлық көмек көрсету және жоғары технологиялық операцияларға жұмсалады. Медициналық мекемелерде биылғы жылы 137 мыңнан астам науқас стационарлық ем алған. Оның ішінде 120 мыңнан астам адамға көмек МӘМС есебінен көрсетілсе, қалғаны тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында емделген. Ал күндізгі стационарда 18 мыңға жуық тұрғын ем алған.