18 Қараша 11:16

«Самұрық-Қазына» қоры осы жылдың соңына дейін жаңа Тұжырымдама әзірлейді

Фото:

Соның негізінде елімізде шығарылатын парниктік газ көлемі азайып, көміртек бейтараптығы арта түспек.

Төмен көміртекті даму Тұжырымдамасында 2031 жылға қарай парниктік газдардың шығарылымын 10%-ға азайту және 2060 жылға дейін көміртек бейтараптығына қол жеткізу міндеттері айқындалмақ. Бұл туралы «Самұрық-Қазына» АҚ стратегия, тұрақты даму және цифрлық трансформация жөніндегі тең-басқарушы директоры Ернат Бердіғұлов брифинг барысында мәлімдеді.

Ернат Бердіғұлов «Самұрық-Қазына» қорының 2022-2031 жылдарға арналған стратегиясына кеңінен тоқталып, алдағы уақытқа белгіленген міндет-межелерді атап өтті. Бұл ретте қор басшылығы ел тұрғындарының мүддесі үшін активтерді тиімді басқарып, сол арқылы олардың ұзақ мерзімді құндылығын арттырып, экономиканың тұрақты дамуын ынталандыруға ден қоюды көздейді.

Қазіргі таңда Қор Қазақстан Республикасының ішкі нарығында инвестициялар тартуға басымдық беріп отыр. Соның нәтижесінде жаңа жұмыс орындарын құруға, жаңа технологияларды енгізуге мол мүмкіндік жасалады.  

«Біздің басты міндет жаңа өндіріс орындарын іске қосып, шикізаттық емес тауарлар өндірісін екі есеге арттыру. Бүгінде газбен, сумен қамту, көлік және энергетика салаларындағы басымдыққа ие 11 инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асыруға кірістік», – деді «Самұрық-Қазына» АҚ стратегия, тұрақты даму және цифрлық трансформация жөніндегі тең-басқарушы директоры.

Ернат Бердіғұлов журналистердің сұрақтарына жауап беру барысында жақында өткен «СОР26» климаттық саммитіне қатысты пікір білдірді. Атап айтқанда, «Самұрық-Қазына» үшін тұрақты даму саласындағы маңызды аспектілерді тілге тиек етті.

«Бастысы, парниктік газдардың шығарылымын азайту жоспары ойдағыдай жүргізіліп жатыр. Жаһандық деңгейде энергоауысу теңгерімді әрі біртіндеп жүргізілуі шарт екенін бәрі ұғып отыр», – деді Ернат Бердіғұлов.  

Қазіргі таңда елде өндірілетін электр қуатының 70% көмір жағу арқылы алынады. Газ, көмір және электр қуатының тарифтері өте төмен болғандықтан, Қазақстан экономикасы энергияны тұтыну көлемі бойынша әлемде 12-ші, ал көміртекті тұтыну бойынша 5-орынды иеленеді. Алдағы уақытта көмір жағу көлемін біртіндеп азайту қажет.

«Біз теңгерімді сақтай отырып, «таза» көмір станцияларын салуды қарастырамыз. Оларда отын ретінде байытылған көмір пайдаланып, ауаны ластамайтын технологиялар, соның ішінде көміртекті аулап, сақтау тетіктері енгізіледі. Мұндай технологияларды қазірдің өзінде зерттеп, оларды еліміздің өңірлерінде сынақтан өткізу мүмкіндіктері ойластырылуда», –дейді Ернат Бердіғұлов.  

Жаңа климаттық міндеттер Қор үшін күшейтілген талаптарды қоюмен қатар, тың мүмкіндіктерге жол ашып отыр. Декарбонизация жөніндегі шаралар активтердің ұзақ мерзімді құндылығын, ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру кезіндегі инвестициялық тартымдылықты арттырып, қызметкерлерінің қоршаған ортаны қорғауға деген көзқарасын өзгертеді.

Тегтер: