14 Ақпан 12:18

Бақытбек талдап айтты ма, жалған айтты ма?

Фото:

Қордайдағы қақтығыс бұқараны былай қойғанда, жоғары билікті де әрі-сәрі күйге түсірді. Шұғыл құрылған комиссия құрамында жүріп, наразы жұрттың назын тыңдаған Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл күні кеше «болмыс-бітімі» өзгешелеу мәлімдеме жасаған. Өзгешелеу дейтініміз, депутаттың дегенін – талайлар демін ішіне алып отырып тыңдады. Себебі ол өзі айтпақшы, «бір жарым ғасырдан артық қордаланған біраз мәселенің қатпарын ашып» тастаған. Осыған байланысты Nege.kz тілшісі дереу депутатқа хабарласып, бірнеше сауал қойған еді.

Алдымен депутаттың дерегі туралы бірер сөз. «Есебім болсын, айта отырайын» деп бастаған ол, Қордайдағы көрген-білгені мен естіген-түйгенін жіліктеп, 10 тарауға жіктейді. Соның бірқатарында дүнген жастарына сын айтады: «Дұңғандардың балаларының бірде біреуі Қазақстанның Қарулы күштеріне бармайды, әскери борышын өтемейді...», «Басты жол Масаншы ауылының орталық көшесі арқылы өтеді. Жергілікті тұрғындар оған жақын үй салып тастаған, жолға кесе-көлденең машиналарын қойып қояды да, қазақтардың өтуіне кедергі келтіреді...». «Дұңғандарда тәрбиенің басым бөлігі мешітте беріледі. Ал оның басты уағызшысын Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы сайламайды...».

Бірақ әділін айту керек, депутат дүнгендерге қара күйені баттастыра жақпайды. Жер емген, еңбекқор халық екенін, жастарының ішімдікке жуымайтынын сөз етеді. Керісінше, жиынға ұрттап алып келген бірер қазақ жігітін үйлеріне қайтарғанын айтады.

Ал Nege.kz депутатқа қандай сауалдар жолдады? Бізді қызықтырған мәселе де – осы төңіректен аса алыс емес. Дүнгендердің жергілікті билікке, құқық қорғау органдарына қандай да бір өкпе-назы бар ма? Олар бұл туралы не деді? Өзіңіз көтерген мәселелердің ертең қатаң тексерілуіне қаншалықты күш сала аласыз? т.б.

Алдымен қайдан екенімізді сұрап, сауалымыздың жөнін ұққысы келген соң, бірнеше сауалды телефонына жөткеп жібергенбіз. Бірақ бірнеше рет есіне салсақ та, депутаттан бір тәулік шамасында жауап ала алмадық. Есесіне, кеше кешкісін «31» арнаның жаңалықтары Бақытбек Смағұлдың «өтірігін шығарған» ақпарат берді. Арнаның мәліметіне сенсек, Қорғаныс министрлігі былтыр Қордай ауданынан 342 бозбала әскерге алынғанын, оның 35-і этникалық дүнген екенін хабарлаған. Яғни, депутаттың дерегі – жалған.

Сондай-ақ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбай да депутаттың «Дұңғандарда тәрбиенің басым бөлігі мешітте беріледі. Ал оның басты уағызшысын Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы сайламайды...» деген уәжін жоққа шығарды.

Телеарна Бақытбек Смағұлдың тірнектеп жиған 10 тарауының да тас-талқанын шығарған жоқ. Дегенмен бірді-екілі осындай ресми деректердің өзі депутатты «өтірікші» жасауға жарап тұр. Әсіресе, дәл қазіргідей, ел дүрлігіп тұрған кезеңде, сөз салмағының қандай боларын кім-кімде жақсы түсінсе керек.

Ендеше, мұның сыры неде? Ауған соғысының ардагері ашумен артық-кем айтып жіберуі мүмкін бе? Біздің бұған сенгіміз келмейді. Себебі жауласқан жұртты бітістіріп, тыныштықты тұрақтандыруы тиіс комиссияға сөзінен сүрінетін адам таңдалмауы тиіс. Әлде шамырқанғанда шыққан ащы шындықты сол «тұрақтандырудың» тауқыметі жұтып жатыр ма? 

Мұны білетін екі адам болса, соның бірі – Бақытбек Смағұлдың өзі. Қанша дегенмен, оқ пен оттың ортасынан өткен батыр кісі ғой, мүмкін мұның себебін бүгін-ертең өзі де айтып қалатын шығар...

Тегтер: