20 Тамыз 20:24

«Әкім болу билік емес...». Амандық Баталовтың жазбасын жұрт түсінбей қалды

Фото:

Алматы облысының әкімі Амандық Баталов әлеуметтік желідегі парақшасына өзінің әкім болып тағайындалғанына 7 жыл толғанын жазды. Көпшілік мұны қоштасу деп түсінді.

Талдықорған, NEGE. Амандық Ғаббасұлы Фейсбуктегі парақшасында былай деп жазды: «Бүгін еліміздің Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың маған сенім артып, Алматы облысының әкімі етіп тағайындағанына 7 жыл толып отыр. Кейін Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев та бастаған ісімді жалғастыруға мүмкіндік беріп, сенім білдірді.

Мен әкім болуды лауазым, билік деп емес, ең бірінші зор жауапкершілік, халыққа қалтқысыз қызмет ету деп қабылдадым. Осы уақыт ішінде Үкіметтің қолдауымен, әріптестерімнің және жетісулықтардың көмегімен жұдырықтай жұмылып, қаншама жұмыстарды бірлесіп атқардық.

Ауыртпашылықтар да болды, жетістіктерге де жеттік. Қиындықтарды ортақ мақсатқа деген жауапкершілігімізбен, ынтымақ-бірлігімізбен еңсердік. Игі істерімізге бірге қуандық. Мен үнемі Жетісу халқының, әріптестерімнің және жақындарымның қолдауын сезіндім. Бұл маған небір қиын сәттерде күш-қуат берді, жауапкершілігімді бұрынғыдан да терең сезінуге мүмкіндік берді. Жер жаннаты Жетісуда қызмет ету, үлкеннің батасын, халықтың алғысын алу менің тағдырымның ерекше сыйы деп білемін.

Биыл – ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы, үлкен белес. Еліміз асулардан аса берсін! Тәуелсіздігіміз баянды, заманымыз тыныш, жұртымыз аман болсын!».

Көпшілік мұны қоштасу деп ұғып, түрлі коммент жазып жатыр. Мәселен, Samat Nordman Nurtaza деген желі қолданушы: «Амандық Габбасұлы! Қоштасып жатқан жоқсыз ба? Сіз Алматы облысына керек адамсыз. Бар болыңыз, біз сізге ылғи да тілекшіміз!», – деп жазса, оған Ақтамберді Назымұлы: «Кететін уақыт та болды ғой Сәке. Бір адамның орынтаққа ұзақ отырғаны дамуды тежейтінін көрдік қой. Жаңашылдық керек. Амандық Ғаббасұлының еңбегін жоққа шығармаймыз. Бірақ әр нәрсе өз уақытымен болғаны жөн», – деп жауап қайтарыпты.

Комменттер арасында әзіл не шын екені белгісіз «Ең үздік әкім!», «Тағы 7 жыл басқарсаңыз Нұр үстіне Нұр болар еді» деген жазбалар да бар.

Амандық Ғаббасұлы Баталовтың жасы 69-да. 2001-2008 жылдары Алматы облысы әкімінің орынбасары, 2008-2014 жылдары облыс әкімінің бірінші орынбасары, ал 2014 жылдан бері Алматы облысының әкімі қызметін атқарып келеді.

Тегтер: