«Mama Pro» қоры ерекше баланың аналарына кәсіп тауып береді
Елімізде мүмкіндігі шектеулі балалар саны жыл санап артып келеді. Оның ішінде бір жылда туабітті және тұқым қуалайтын 3500-дей бала өмір есігін ашатынын ескерсек, бұл көрсеткіш көбею үстінде деген сөз.
Мәселен, 2021 жылы 13 мыңнан астам бала «мүгедек» мәртебесін алса, бұл тізім жыл сайын 6 мыңға толығып отыр. Әр ата-ана баласының денсаулығы туралы ақауды біле сала емдік шараларды бастап кетеді. Қазіргі заманда үкіметке қол жайып отыру мүмкін емес. Осыған орай, ашылғанына алты жылға жуықтаған «Mama Pro» қоры талай анаға мүмкіндік бергенін айта кету керек.
Қордың ашылу тарихына келсек, бұл істі ерекше бала тәрбиелеп отырған үш ана – Айжан Әлжанова, Әсия Тикеева және Гүлсім Семенова қолға алған. Мұндағы мақсат – мүгедек баласы бар ата-аналар мен олардың туыстарының да білім деңгейін көтеру, ақпараттандыру, әлеуметтік жағдайын жақсарту, тәжірибе алмасу.
«Әу баста аналар білім алып жатқан кезде балалары пайдалы дүниемен айналысатын тағы бір бөлме болса екен деген ой келді. Содан АҚШ елшілігіне, Soros Қазақстан қоры гранттарына ұсыныс жіберілді. Олар құптап, алғашқы қаржылай грантқа ие болдық. 2018 жылы Астанада, 2019 жылы Алматыда ашылды. Алена Ким бастаған топ алғашқыда ерікті түрде жұмыс істедік. Бүгінде Алматы қаласындағы бөлімшеде 6 адам бар. Бәріміз де ерекше баланың анасымыз. Қазақ және орыс тілінде оқыту курсын жүргізетін екі тренингтік орталық ашылды», – дейді «Mama Pro» қорының Алматыдағы бөлімшесінің жетекшісі Әйгерім Бекболат.
«Mama Pro» қоры ұранын – «Баланы оңалту ананы сауықтырудан басталады» деп қойғаны да бекер емес. Бұған дейін 100-ден астам мүмкіндігі шектеулі баласы бар аналарға кәсіп ашуға және еліміздің түкпір-түкпіріндегі 1300-ге жуық әйелге білім алуға жағдай жасаған қордың төрт қалада бөлімшесі жұмыс істейді. Атап айтқанда, Астана, Алматы, Өскемен, Шымкент қаласында ашылған бөлімшелер арқылы қаншама ана оқыту курсымен қамтылып, психологиялық қолдауға ие болды. Мәселен, қор жетекшілерінің айтуынша, «Mama Pro» орталығындағы мүмкіндігі шектеулі баласы бар аналар кәсіп ашу бойынша түрлі курс оқыған.
«Бизнеске қатысты «Кәсіпкерлік негіздері» курсын 20 күн оқып, білім алған ана соңында өзінің бизнес жобасын қорғап шығады. Қазіргі заман талабына сай қажетті мамандықтар, соның ішінде цифрлық сауаттылық, есепші, SMM, жеке брендті қалыптастыру, тағы басқа кәсіпті игеріп, кәдеге жаратып келеді.
Екінші – психологиялық қолдау курсы. Яғни, аналармен 12 психолог пен психологиялық-терапевтік топ тегін жұмыс істейді. Үшінші – ерекше балалардың бауырларына арналған «Сиблингтер» жобасы.
Бұл жоба іске қосылғалы бергі аз уақытта Астана және Алматы қалаларында 150 бала білім алды», – дейді Әйгерім Бекболат.
Алайда, «Mama Pro» қоры жетекшілерінің айтуынша, мемлекет тарапынан ешқандай көмек жоқ. «Алматы қаласы әкімдігінен бірнеше рет орын сұрадық. Жалға алып отырған бөлмеміз кішкентай ғана. Бір жағында аналар курс бойынша білім алады, екінші қуысындағы жабдықталған бөлмеде балалар ойнап отырады. Тренинг орталығының ерекшелігі – аналар білімін жетілдіргенде, бала күтішулері мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс істейді. Соңғы кезде біздің орталыққа сұраныс өте жоғары. Сондықтан бізге кеңірек бөлме ауадай қажет», – дейді қор өкілі.
Мүмкіндігі шектеулі балалардың анасына мемлекет тарапынан айтарлықтай қолдау керек. Әсіресе, баланың диагнозы туралы хабарлаған сәтте анаға ауыр соққы боп тиеді. «Баладан бас тартыңыз. Бұл сізге қиындық тудырады» дегенді естігенде көп ана депрессияға түсіп кетеді. Содан кейін де кей ана уақытын жоғалтып алады.
«Еліміз әлі күнге толыққанды инклюзивті қоғамға жатпайды. Себебі, мүгедек балалар үшін жағдай жасалмаған. Соның салдарынан қалада емін-еркін жүре алмаймыз. Бір жерге бару үшін дұрыс жол қайда бар екенін алдын ала жоспарлаймын. Тіпті, жерасты, жерүсті жолдарында жаяу жүргіншіге арнайы жол жасалмаған. Ұшақпен жүру де, кезекте тұру да қиындық тудырады.
Құжат рәсімдеу де уақыт алады. Осының бәрі автоматтандырылса екен деген үміт бар. Мысалы, билетті онлайн сатып алғанда баланың ID құжатынан-ақ біліп, оған мүмкіндігі шектеулі адамға белгіленген жерден орын берілуі керек. Бірақ біз бұл орынға бөлек ақша төлейміз.
Сондай-ақ, кей мүмкіндігі шектеулі балалар кәдімгі мектепте оқығысы келеді. Алайда, біздегі білім ошақтары ерекше балаларды оқытуға дайын емес. Сондықтан біздің қоғам инклюзивті ортадан алыстау өмір сүреді», – дейді «Mama Pro» қорының өкілі.
Айта кету керек, мүмкіндігі шектеулі баланың мүгедектік бойынша жәрдемақы алуын да автоматтандыру мәселесі өзекті. Мұны рәсімдеудің өзі уақытты алады, жүйкені жұқартады. Сол сияқты ерекше бала өмірге келгендігі туралы анықталған кезден-ақ анализдерін де үйден алу керек.
«Біздің мемлекетке ерекше балалар керек еместей көрінеді. Сәбиім өмірге келгенде медицина мамандарынан «бас тартыңыз» дегенді естігенде, бұл қоғамға мұндай баланың керек еместігін байқадым.
Бұл біздің қоғамның қандай деңгейде екенін көрсетеді. Шын мәнінде, анаға қолдау сол алғашқы сәттен керек емес пе? Егер біз қолдау мен көмекті сезінсек, инклюзивті қоғамдастыққа біртабан жақындар едік. Бұл түсінік өзгермей, ештеңе де оңалмайды.
Мұның бәрін басына түскен адам ғана біледі, көтереді. Ешкімнің жаны ашымайды, назары аумайды. Сондықтан біз, аналар белді бекем буып, күш-жігерімізді жиып өмірге деген талпынысымызды шыңдай білуді үйрендік», – деді Әйгерім Бекболат.
Ал «Mama Pro» орталығының жетекшісі Гүлсім Семенова: «Бұл мүмкіндігі шектеулі балалары бар аналардың ойға алған жоспарының жүзеге асып, өмір сүруге деген құлшынысын арттырады. Егер білім алып, өз кәсібін ашып, жүргізуге көмек берсек, сол отбасындағы өмір сүруді сәл де болса жеңілдетуге өз үлесімізді қостық деп санаймыз», – дегенді айтты.
Былтыр «Mama Pro» қорының тренингтік орталығы Өскемен қаласында да ашылып, өз кәсібін ашып жатқан аналар қатарының артуына септігін тигізіп келеді. Бір өзбен айтқанда, қор аналар қолға алған бастамаға қолдау көрсетіп, арманына қанат бітірді. Оларға психологиялық тұрғыда ғана емес, кәсіпке деген қабілетін шыңдады. Тіпті, қордың жемісті жұмысының арқасында көңілі қам аналардың өзіне деген сенімділігі артып, экономикалық әлеуетін көтеруге мүмкіндік алды.