4 Ақпан 13:54

4 ақпан – қатерлі ісікке қарсы күрес күні

Фото:

Жыл сайын 4 ақпанда Халықаралық обырға қарсы одақтың (UICC) бастамасымен Дүниежүзілік обырға қарсы күрес күні атап өтіледі. Мақсаты – халықтың онкологиялық аурулардың алдын алу және ерте анықтау туралы хабардарлығын арттыру, өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауды қалыптастыру, қолжетімді скринингтік тексерулер туралы ақпараттандыру.

Алматы, NEGE. Елімізде онкологиялық аурулардың көрсеткіші төмендер емес.  Қазір 180 мың адам түрлі ісікке шалдыққан. Дәрігерлер жыл сайын кесел белгісі бар 35 мың адамды анықтап, тіркеуге алады. Өкініштісі, ауруды біржола жеңіп, құлан-таза айығып кететендердің саны аз.

Әрбір жүзінші адам обыр дертімен күресіп келеді. Жыл сайын шамамен 15 мың адам жаман аурудың құрбаны болады. Ал мемлекеттен тегін ем-дом мен скрининг жүргізу үшін 40 млрд теңге бөлінеді. Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, 1800-ге тарта шығысқазақстандық, 1600-ден аса алматылық тұрғын ісік ауруына шалдыққан. Дерт дендеген өлкенің бірі – Қарағанды облысы. Мұндағы халықтың 1200-ден астамы обырдан емделіп жатыр.

Осы атаулы күнге байланысты Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтында обырға қарсы күрес күніне арналған шара өтті. Инстиуттың басқарма төрайымы Диляра Қайдарованың айтуынша, қазір сүт безі қатерлі ісігі алдыңғы орынға шыққан. «Қазір бәрі тегін. 70 жасқа дейін әйелдердің бәрі тексеруден өту керек. Егер белгісі байқалса, маманға жібереді. Сондай-ақ, тікішек ісігі бойынша жыл сайын 3700 адам тіркеуге алынады. Аурудың бұл түріне бірден-бір себеп – қызыл етті мейлінше көп тұтыну. Аптасына бір рет қана жеуге болады», – дейді Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының директоры.

Қазақстанда қатерлі ісіктің ең көп тараған түрлері: сүт безі обыры, өкпе обыры, асқазан обыры, жатыр мойны обыры және колоректалды обыры. Бұл дертті алдын алу мен емдеу үшін институтқа 2020 жылға 30 млрд теңге бөлінген.

Тегтер: