25 Маусым 13:30

СҚО-да коронавирусты жұқтырғандардың көбі той-томалаққа қатысқан

Фото:

Солтүстік Қазақстан облысында қауіпті вирусты жұқтырғандар саны артып келеді. Соның салдарынан 5 аудан мен 2 елдімекенге кіріп-шығуды шектеуге тура келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Алматы, NEGE. СҚО-да карантин талаптарын қатаңдатуға қатысты бүгін облыстың бас санитар дәрігері Серікбай Қасмақасовтың қатысуымен онлайн брифинг өтті. Серікбай Қасмақасовтың айтуынша, өңірде коронавирусты инфекцияға қатысты жағдай тұрақсыз. Осы уақытқа дейін вирусты жұқтырудың 711 дерегі тіркелсе, оның 40% - 287 адам дәрігерлерге ауырып қаралған. Бүгінде сырқаттар өңірдің барлық аудандары мен Петропавл қаласында тіркелді.

«Соңғы үш күнде ауырғандар бойынша өсім 46%, яғни 216 адам. Сырқаттанғандардың үштен бірі науқастармен қарым-қатынаста болған. Эпидемиологиялық тергеу барысында вирустың түрлі отбасылық мерекелерде – құдалық, той және баталарда көптеп жұғатыны анықталды. Отбасылық іс-шараларды өткізуге тыйым салынғанымен, оның қауіпті екені үнемі айтылып жатқанымен көпшілік бұл мәселеге әлі күнге мән бермей келеді», - дейді облыстың бас санитар дәрігері.

Қазір СҚО-да эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына байланысты Айыртау, Ақжар, Ғабит Мүсірепов, Тайынша, Уәлиханов аудандары және Жаңажол мен Таман елдімекендері карантинге жабылған. Блокпостар қойылып, кіріп-шығу шектелді. Індеттің көптеп таралуына тосқауыл қою мақсатында СҚО-да демалыс күндері карантиндік шектеу шаралары күшейтілмек.

«Бұған дейін арқаны кеңге салып, инфекцияның барлығына шүбә келтіргендер енді қауіптің барлығына күмән келтірмейді деп ойлаймын. Біз барлығымыз санитарлық талаптарды қатаң сақтауымыз қажет. Қоғамдық орындарға, салтанатты іс-шараларға, әсіресе балалармен бармаңыздар. Әлеуметтік ара қашықтықты сақтап, маска тағыңыздар. Қолдарыңызды жиі сабындап жуып, денеңіздің, отбасы мүшелерінің температурасын жиі өлшеңіздер. Барлығымыз бірігіп күрескенде ғана қауіпті індетті жоямыз», - деді Серікбай Қасмақасов.

Тегтер: