21 Маусым 17:21

ШҚО: Суға батып бара жатқандарды ақылды иттер құтқарады

Фото:

Шығыс Қазақстан облысында су жағалауларындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін құтқарушылардан бөлек, арнайы үйретілген иттер де жұмылдырыла бастады.

Алматы, NEGE. Өңір әкімдігінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, лабрадор тұқымды Алеся, Вильсон, Хит атты иттер түсуге қауіпті су жағалауларын күзетеді және зардап шеккендерді құтқаруға қатысады.

«Лабрадор тұқымы адамды жақсы көретіндігімен, ақылдылығымен әрі батылдығымен ерекшеленеді. Құтқарушы иттерді ашық түсті кеудешелері арқылы алыстан байқауға болады», - деді әкімдіктен.

Төтенше жағдайлар департаментінің ақпараты бойынша, жақын арада иттерді үйрету және суда құтқару машықтары бойынша сертификат алу мүмкіндігі мәселесі қаралатын болады.

«ШҚО Төтенше жағдайлар департаментіндегі кинолог мамандардың қызметтік иттерді дайындауда тәжірибесі мол. Біз республикада алғашқылардың бірі болып өзіміздің кинологиялық қызметімізді құрдық. Ал қазіргі уақытта құтқарушы иттер ҚР ТЖМ әрбір құтқару бөлімшесінде бар. Биыл біздің құтқарушы иттер төрт іздестіру-құтқару операциясына қатысты», - деді ШҚО ТЖД Өрт сөндіру қызметінің басшысы Марат Әбілсейітов.

Тегтер: