11 Қараша 12:29

Ревакцинация: Қандай вакцина салдыруға болады?

Фото:

Сонымен, Қазақстанда 22 қарашадан ревакцинация басталмақ. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі А.Цой Үкімет отырысында хабарлады. Оның айтуынша, халықтың тәуекел тобына кіретіндердің ревакцинациядан өтуі 2 кезеңмен жүзеге асады.

«Бірінші кезекте тәуекел тобына кірген адамдар екпе алғанын, бірінші вакцинация мерзімін ескере отырып, осы жылдың соңына дейін халықтың әлжуаз тобы ревакцинациядан өтеді. Олар – медицина қызметкерлері, педагогтер, медициналық-әлеуметтік мекеме қызметкерлері мен контингенті, жабық балалар мекемелері, күштік құрылым қызметкерлері», – деді Алексей Цой. 

Айта кету керек, бүгінгі мәлімет бойынша коронавирусқа қарсы вакцинаның I компонентін 8 455 353 адам, II компонентін 7 727 793 адам салдырды.

Ревакцинация  дегеніміз не?

Әлемдік тәжірибеге сәйкес, кез келген вакцинаның екі компонентін алған адам 6-9 айдан кейін тағы да екпенің қосымша дозасын алу ұсынылған. Себебі, вирустың беті қайтар емес. Онымен қоймай кейбір вакцина жаңа штамдарға қарсы тұра алмайтын көрінеді. Бұдан кейін Президент Қ.Тоқаевтың өзі: «Басқа елдердің көбі ревакциналауды бастап кеткен. Біз наурыз айында бастадық, демек бізге де ревацинация уақыты жетті», – деп тапсырған еді.  

Демек, бұған дейін екпенің екі компонентін алған адам 6-9 айдан кейін үшінші дозасын алуына рұқсат етілген. Мысалы, «Спу­тник» екпесін алғандар 9 айдан кейін Sinopharm, CoronaVac, Hayat-Vax, QazVac және Pfizer екпелерін, ал Sinopharm, CoronaVac, Hayat-Vax және QazVac алғандарға 6 ай уақыт өткен соң Спутник пен Pfizer-ді қабылдауына болады. Сондай-ақ, Pfizer-ді салғызған адамдар жарты жылдан кейін Sinopharm, CoronaVac, Hayat-Vax, QazVac пен Спутникті ектіруіне де болады.

Ревакцинация бір рет қана жасалады. Яғни, бір дозасы ғана салынады. Дәлірегінде, екпенің екі дозасын алған адамдар үшіншісін де дәл сол вакцинаны алам десе, ешкімнің дауы жоқ. Алайда, мамандар алдыңғы екі дозасы «Спутник» болса, ревакцинация жасатқанда екпенің жаңа түрін қабылдау әлдеқайда тиімді болатынын айтуда. Бұл, керісінше, иммунитетті белгілі бір деңгейге дейін көтеріп, екпенің вирусқа қарсы күшін ұзақ уақытқа дейін сақтай алады.

Фото: РИА «Новости»

Тағы бір ескерер жайт, «Спутник» екпесін өндірушілердің берген нұсқауы бойынша, вакци­на­ның осы түрін алғандар, бұдан бұрын да айтылып жүргендей, үшінші дозаны 9 айдан кейін жасатқаны жөн. Ал қалған вакциналардан кейін ревакцинация жаса­ту 6 айдан ғана қарас­тырыл­­ады.

«Екпенің үшінші дозасын алуды ұзақ күттіре берудің қажеті шамалы. Өйткені шетелдермен барыс-келіс көбейген тұста бір елдегі вирус екінші елге таралмайды деген түсінік жоқ. Адамдар үнемі қарым-қатынас үстінде жүреді. Шетелге барып-келуші­лер­дің толассыз қозғалысы коронавирусты тасымалдайды. Бұл дегеніңіз – вирус та туризм, экономикалық, сауда-саттық жұмыс­тарына байланысты қарым-қаты­нас жасау арқылы тарала береді. Шекарамызды жауып тастай алмайтынымыз тағы түсінікті. Дәл қазір аурудың алдын алудың амалы – екпе алу», – дейді Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы басқарма төрағасының орынбасары Айнагүл Қуатбаева.

Екпе түрін өзіңіз таңдайсыз

Үшінші дозаны ал­дың­ғы кезекте дәрігерлер мен әскери­лер, құқық қорғау қызмет­кер­лері мен созылмалы аурулары бар жасы 60-тан асқан есепте тұрған кісілер, мұғалімдер, ересектер мен балалардың жабық мекемелерінде істейтін жұмысшы­лар қамтылады.

«Қазір екпе дозасы жеткілікті», – дейді министрліктегілер. 15 қарашада Comirnaty (Pfizer) вакцинасының алғашқы топтамасы жеткізіледі. 

«Балалардың, жүкті және бала емізетін әйелдерді коронавирус инфекциясына қарсы вакцинациямен қамтамасыз ету мақсатында 4 млн 230 мың доза вакцина сатып алынды. Бұл 2 млн 115 мың адамды қамтуға мүмкіндік береді. 12-17 жастағы балалар, жүктілік мерзімі 16-37 апталық әйелдер және бала емізетін әйелдер босанғаннан кейін 42 күннен соң вакцинациялауға жатады», – деді министр Цой.

Фото: ortcom.kz

Сондай-ақ, ол Comirnaty (Pfizer) вакцинасын сақтау ерекшелігін ескере отырып, 51 мұздатқыш сатып алынғанын және 16 өңірге жеткізілгенін айтты.

«Әрине, адамның таңдауы Pfizer болса, оған да қарсылық жоқ. Екпенің бұл түрі жеткілікті деңгейде. Бірақ ал­дың­ғы кезекте балалар мен аналар­ды қамтып алуымыз керек. Бұл біздің елімізде осы топтағы­ларға қауіп­сіздігі дәлелденіп, тиімділігі көр­сетілген Pfizer вакцинасы ғана», – деді.

Алматы ревакциналауға дайын ба?

Мамандардың айтуынша, алты айдан кейін вакциналанған антиденелердің деңгейі төмендейді, яғни аурудың ықтималдығы артады. Ескеретін жайт, вакцинация немесе ревакцинация алдында антиденелер тапсыратын сынақ жоқ.

Алматыдағы орталық қалалық клиникалық аурухана директоры­ның орынбасары Эльвира Ибра­гим­ованың айтуынша, егер сынақ­ты өз бетінше тапсырғысы келетіндер болса, оны өз қалауы бойынша жасауына рұқсат. Бірақ бұл медицина тарапынан немесе вакцинациядан бас тартуға себеп бола алмайды. Себебі ревакцинация үшін антиденелердің деңгейі маңызды емес.

Вакциналану ерікті түрде жүреді. Екпені қалада жұмыс істейтін 137 егу пунктінің кез келгенінен алуға болады. Антиденелер деңгейін алдын-ала анықтау қажет емес. «Спутник V», QazVac, Vero Cell вакциналарының дозасы жеткілікті.

Бүгінде екпенің бірінші компонентін 1 002 324, екіншісін 940 084 қала тұрғыны алды. Вакцина салдырған алматылықтардың 121 018-і 60 жастан асқандар.

Леспек Құтымбетов, Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты Аса қауіпті жұқпалы аурулар зертханасының меңгерушісі, вирусолог-ғалым:

Ревакцинация – иммунитетті әрі қарай жалғастыру

– Ешкімді мәжбүрлеуге болмайды. Бірақ адамның өз түсінік мәдениеті болуы керек. Ол ертең өзінің ауырып қалуы мүмкін екенін білуі тиіс. Жазылып кетсе, өте жақсы. Ауырғанның өзінде, індетті қоздырушы саналады. Айналасына, туған-туыстарына, қоғамдық орында қоздырғышты таратып жүреді. Бұл кезде маска да көмектеспейді. Кейбіреулер ауырып жүрсе де, үйінде жатпайды. Әркім өз денсаулығын ғана емес, басқаға зиянын тимеуін ойлауы қажет.

Қай вакцина болса да, зияны жоқ. Ол тек адамның ағзасына пайда әкелсін деп жасалады. Қаншама сынақтан өтіп, содан кейін халыққа салуға жіберіледі. Интернетте вакцинаның теріс жағы туралы жалған мәліметтер көп. Оның бәрі – өтірік.

Ағзада иммунитет көпке жетпейді. Өмір бойы имммунитет сақталатын ауру (шешек) бар, бірақ ол аз. Жұрт тұмаудың екпесін жыл сайын алып үйреніп қалды. Ал ковид вирусының биологиялық қасиеті өзгеше. Вакцинадан пайда болатын иммунитет 6 айдан аспайды.

Ревакцинация – иммунитетті әрі қарай жалғастыру. Бәрімізге белгілі, коронавирус мутациясы өзгеріске түсіп жатыр. Қазірдің өзінде британдық, үнділік, нигериялық штамдар бар. Олардың генетикасында өзгеріс бар. Кейбір вакцинаның жаңа туындаған штамдарға әлі келмейді. Яғни, оның күшіне вирус көне бермейді, бірақ өлім-жітімге әкелмейді. Ал отандық ғалымдар өндірген QazVac екпесінің ерекшелігі – вирусқа толыққанды төтеп береді. Тіпті, жаңа штамның бәріне бұл вакцинадан пайда болған иммунитет қарсы тұра алады.

Тегтер: