25 Тамыз 12:23

Назарбаев Зияткерлік мектептерінде қазақ сыныптары НЕГЕ қысқарды?

Фото:
Бұл сұрағымыз қазақ қоғамына, жалпы жұртшылыққа және төрдегі төрелерге бірдей арналады. Оған себеп, соңғы кездері орыс тілінде сөйлейтін жас ұрпақтың, баласын орыстілді мектепке беруге ұмтылған ата-ананың қарасының көбейгені. Ойландыратын, толғандыратын тақырып

.

Совет өкіметінің өзінде мұндай болмап еді!

Жақында Семейден қарындасым мен жиендерім Алматыға келді. Үйде, дастарқан басында отырғанда мектепке биыл баратын кішкентай жиенімнің орысша сөйлейтінін байқап, таң қалдым. Әкесі де, шешесі де – қазақ, таза қазақи отбасынан, бірде-бір орыс тұрмайтын ауылдан шыққан бүлдіршін ойын тек орысша жеткізеді. Қойған сұрағымды түсінбей, тосырқап қалды. Шешесі: «Аға, ол қазақша кей сөзді мүлдем түсінбейді», – дейді.

Қалайша? Сөйтсем, баланың тілі қолдағы телефонмен бірге шыққан екен. Ал интернеттегі бала қызығатын мультфильм, бейнероликтің түгелге жуығы орысша. Соны көріп өскен баланың тілі орысша болмағанда қайтеді? Енді сол жиенім дайындық тобына барғалы қасындағы балалардың бәрін орысша сөйлетіп жіберіпті. Өзге балалардың ата-анасы «сіздің қызыңыз орысша сөйлейді, балаларымыз оған еліктеп тек орысша сөйлеп кетті» депті.

Ең қызығы, жиенім сандарды ғана қазақша айтады екен. Оның себебі, дайындық сыныбына барғанда мұғалімнен сандарды қазақша айтып үйренген. Міне, бала қай тілде әлемді таныса, сол тілге бейімделіп, әлемді сол тілде қабылдайды. Бұл жағдайға ата-анасын жазғыруға бола ма?

Жыл сайын миллиондаған қаржы құйылатын «Балапан» телеарнасын 5-6 жастан асқан баланың көрмейтінін байқадым. Оның себебі көп, ең бастылары – контент жұтаң, қазақ тіліндегі отандық мультфильмдердің, анимациялық фильмдердің түсі солғын, сапасы төмен. Жарқ-жұрқ еткен YouTube-тегі анағұрлым қызық әрі сапалы контенттің қасында жіп ілесе алмайтыны анық. Ал баланың көңілін алдай алмайсың, оны бұрынғыдай алдай алмайсың. Не істеу керек?

«Балапан» телеарнасы. Фото: qazaqstan.tv

Солай болды екен деп жалғыз қазақ тіліндегі балалар арнасын жауып тастамасың ғой, әрине. Интернет, әлеуметтік желі көмегімен ақша тауып жүрген блогер, вайнерлерге балаларға арналған қазақша қызық әрі сапалы контент жасау жағын ойлану керек. Мүмкіндігі бар ата-ана да баласының, қала берді Отанының алдындағы жауапершілікті сезініп, интернетке балаларға арналған қазақ тіліндегі контент қалыптастыруға қолдан келгенше үлесін қосуға міндетті!

Ал мемлекеттің идеологиясының тұтқасын ұстаған азаматтар түкке тұрғысыз қылжақ бейне түсіретін блогер, вайнерлерге ақша шашқанша, осы жағын ойлап, мәселені ұйымдастыруды қолға алуы керек деп санаймын.

Одан кейінгі тағы бір жағымсыз құбылыс – орыс тілінде сөлейтін, орыс мектебіне баратын жеткіншектердің көбеюі. Күлмеңіздер, расымен солай. Жақында ұзақ жыл ұстаз болып жұмыс істеген, педагогика ғылымдарының кандидаты атанған апайымыз күйініп: «Тәуелсіздік алған соң 30 жылда қазақтілді жаңа буын қалыптаса ма деп қуанған едік. Бірақ қазір, керісінше, қайтадан баласын орыстілді мектепке апаратын ата-ана қарасы көбейіп барады. Ауламдағы бала атаулының бәрі, тіпті әке-шешесі кеше ауылдан келегеніне қарамастан орысша шүлдірлейді. Кеңес кезінің өзінде мұндай масқара болмап еді», – деп басын шайқап, жыларман болды.

Жақында ғана «Петропавлдағы № 21 мектептегі қазақ сыныптары жабылып, оқушылар таратылып жатыр екен» деген сөз әлеуметтік желіде желдей есті. Қалалық білім бөлімінің мамандары ата-аналарға ол мектепте сапалы білім жоқ екенін, балалардың болашағын ойласа, басқа жерде оқыту керектігін айтыпты-мыс. «Бұл қалай сонда?!» деп бәріміз шу ете қалдық.

Ауладағы балалар. Фото: ғаламтордан.

Кейін мектеп орнының басшылығы жағдайды түсіндірді. Олардың сөзінше, орыстілді мектептегі қазақ сыныбында оқитын баланың саны небәрі 6-7 ғана екен. Бұл мектеп үшін тиімсіз болса да, мектеп басшылығы қазақтілді сыныпты жаппау туралы шешім қабылдаған көрінеді. Бұған не дейміз? Қазақ ата-ананың өзі баласын қазақ сыныптарына бергісі келмейді. Өйткені көбі орысшаға жетік болғанымен, қазақшаға өздері шорқақ, баламызды қайтіп оқытамыз деп қорқақтайды. Ал әлгі орыс мектебіндегі қазақ сыныбында оқитын 6-7 баланың да тілі ақырында не толық орысша, не таза қазақша емес, дүбәра бірдеңе болып шықпасына кім кепілдік бере алады?

Петропавл қалалық білім бөлімінің сайтында көрсетілген қаладағы 38 мектептің саусақпен санарлығы ғана тек қазақ тіліндегі мектеп, қалғаны не аралас, не таза орыстілді мектеп екен. Сонда «Оңтүстіктен – Солтүстікке» деген бағдарламамен келген отандастардың баласын қайтпекпіз? Әлде ол көш те тоқтап қалып па еді?

«Өзім де болса сорлы едім, тас тиген соң не сорым»?

2021 жылғы 26 шілдеде ҚР білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың төрағалығымен ҚР Тұңғыш президенті – Елбасының «Өркен» білім беру грантын тағайындау жөніндегі республикалық комиссия  Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе, Көкшетау, Қостанай, Семей, Талдықорған, Тараз, Орал, Шымкент қалаларындағы физика-математикалық бағыттағы және Ақтау, Алматы, Атырау, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар, Петропавл, Өскемен, Шымкент қалаларындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектептерінің, Нұр-Сұлтан қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 2021-2022 оқу жылында қазақ және орыс тілдеріндегі 7 сыныптарынан бастап білім алуға іріктеу конкурсының қорытындысын шығарды.

Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетов.

Ең таңданарлығы, министр жетекшілік еткен комиссия қазақ тілінде жылда 4 сынып қабылдайтын, биыл да сонша сыныпқа тапсырыс берген Алматы, Талдықорған қалаларындағы физика-математика бағытындағы зияткерлік мектептеріндегі қазақ сыныптарын үшеуге кемітіпті. Жоғарыда айтқан Петропавлдағы Назарбаев Зиятерлік мектебінде де биыл қазақтілді сынып саны үшке кеміп қалғаны туралы дерек жетті бізге. 

Бұл қаншалықты рас екенін нақтылау үшін Назарбаев Зияткерлік мектебінің ресми сайтына кіріп едік, қай мектеп қанша бала қабылдағаны туралы бұған дейін жарияланған дерек белгісіз себеппен алынып тасталған секілді. Әйтеуір тұрған жерінен таппадық.

Онсыз да қазақ балаларын ана тілінде оқыта алмай жатқанда министр А.Аймағанбетовтің бұл қай сасқаны?!

Алматы, Талдықорған, Петропавл қалаларындағы (басқа қалаларда да осындай жағдай болуы әбден мүмкін) қазақ балалары министрге не жазып қойды? Қазақстандағы ең ірі мегаполисте, еліміздегі ең ірі облыстың орталығында және онсыз да мемлекеттік тілдің үні әзер естілетін солтүстіктегі қалада тұратын қаншама қазақ баласы мемлекеттік гранттың көмегімен ана тілінде сапалы білім алу мүмкіндігінен неге қағылады?

Назарбаев Зияткерлік мектебіндегі орыстілді сыныптар қысқармаған. Тіпті кейбір мектепте орыс сыныбы биыл көбейді деген деректі естідік. Бұл балаларыңды орысша оқытуға дайындаңдар, мемлекеттің саясаты кешегі кеңестік идеологияның иіріміне оралды дегеннің белгісі ме?

Бала қай тілде алдымен тәрбие, сосын білім алса, сол тілдің өкіліне, жанашырына айналады. Тіл мен діл – егіз ұғым. Діл дегеніміз –қоршаған ортаның, алған білімі мен тәрбиесінің әсерімен әлемді тануы және әлемді қабылдау қабілеті. Ал тіл – сол білім мен тәрбиені беретін құрал. Тілі басқа қазақтың ділі де басқа. Сонда біз қай елдің ұрпағын тәрбиелеп жатырмыз?

Әділ Ұзақбай, Алматы.

Тегтер: