19 Қараша 16:27

Қазақ еттен қалай қағылды?

Фото:

Жеті атасы мал баққан қазақтың бүгінгі ұрпағы ұртын толтырып ет шайнай алмайтын жағдайға жақындап келеді. Өйткені ет өндірісіндегі кері кеткен мәселелерге жауап беретін адам табылған емес. Мемлекеттің қыруар қаржысы жұмсалған бағдарламалардың сұрауы жоқ. Шектеуге қарамастан мал шетелге сатылып жатыр.

Сан мен жоспар

Ресми деректерге қарағанда, бүгінде Қазақстанда 18 млн уақ мал бар деп есептеледі. Бұл жан басына шаққанда, бір қойдан немесе бір қозы-лақтан келеді деген сөз. Аграрлық мемлекет үшін бұл өте аз. «Арғымақ» порталының дерегінше, 2019 жылы жылқы саны 2,8 млн болған. Жоғарыдағы есеппен жан басына шақсақ, 6-7 адамға – бір жылқы. Ірі-қара саны 7 миллионның төңірегінде.

Ал 190 млн халқы бар аграрлық Бразилия 215 млн іріқара бағып отыр. Жері шағын Өзбекстанның өзі қазір сиыр санын 18 миллионға жақындатты.

Тоқсаныншы жылдары Қазақстанда 35 млн, Моңғолияда 25 млн қой бар еді. Отыз жыл өткенде Қазақстандағы қой саны 2 есеге кемісе, Моңғолия 3,5 есеге арттырды.

Қазір бұл елде таза аналық қойдың өзі 30 млн, бұған қоса 27 млн аналық ешкі бар. Ірісін айтпағанда, Моңғолияда жылына 45 млн қозы-лақ етке өткізіледі. Қой еті өндірісі бойынша Еуразиялық кеңістіктегі ең ірі экспортерге айналған бұл мемлекет 2018 жылы рекордтық көрсеткішке қол жеткізіп, 54,9 мың тонна қой-ешкі етін шетелге шығарды.

Ал Қазақстан қайтпек? Бірнеше жыл бұрын мал басын көбейтудің ұлттық бағдарламасы қабылданған. Жоба бойынша 2018-2027 жылдары аралығында іріқара саны қазіргі 7 миллионнан 15 миллионға, қой саны 18 миллионнан 30 миллионға көтерілуі тиіс. «Бұл мақсат орындалса, қой мен сиыр етінің өндірісі 1,1 млн тоннаға ұлғаяды дейді», – Ауыл шаруашылығы министрлігі. Алайда бұл мүмкін бе?

Кері кеттік пе?

Мал шаруашылығындағы белді сарапшылар «Ет өндірісіне қатысты саясат әу бастан дұрыс жүрген жоқ» деп санайды. Себебі ішкі нарықты қамтамасыз ету емес, экспортты дамыту алдыңғы орынға шықты. Осы желеумен асыл тұқымды аналық мал шетелден тасылды. АҚШ, Австрия, Канада секілді алыс елдерден тасымалданған әр сиыр үшін үкімет 225 мың теңге субсидия берген.

Профессор Төлеутай Рахымбековтің баспасөзге берген мәліметіне қарағанда, осы әуре-сарсаңға мемлекеттік бюджеттің 30 млрд теңгесі жұмсалған.

Бірақ үміт ақталған жоқ. Ресейге 2016 жылы 60 мың тонна ет экспорттауы тиіс Қазақстан 2020 жылы оның мөлшерін 180 мың тоннаға жеткізуі керек болатын. Бұл үшін ешбір шенді жауапқа тартылмады. Жобаның жүзеге аспағаны өз алдына, кері тартатын күштер кейінгі бағдарламаларға да кесірін тигізді.

Мәселен, 2019 жылы 156 мың іріқара мен 264 мың қой шетелге тірідей сатылып кетті. Өзіңіз ойлап көріңіз, ондаған жыл бойы үкіметтің 30 млрд қаржысын шығындап 130 мың ірі-қара сатып аламыз да, бір жылда 156 мың сиырды шетелге сатып жібереміз. Сонда 7 млн іріқара санын 2027 жылға дейін 15 миллионға жеткізуді көздейтін ұлттық бағдарламада не мән, не мағына қалды?

Мал беріп, шұжық аламыз

Малдың шетелге тірідей сатылуы берісі ет өндірісіне, арысы азық-түлік қауіпсіздігіне қалай әсер етеді? Бірінші себебін жоғары айттық. Мал жүз мыңдап сатылғаннан кейін санын көбейту былай тұрсын, бар малды ұстап қалудың өзі мұңға айналады. 2019 жылы шетелге сатылған 156 мың сиырдың сексен пайызға жуығын Өзбекстан сатып алған екен. Неге? Себебі өзбек ағайындар бұл малды біз құсап, алыстан тасып отырған жоқ, іргеден алып жатыр. Сондай-ақ, ет өңдеу өнеркәсіптері жақсы дамыған. Көршіге кеткен мал қазақ нарығына шұжық болып оралады. Әрі өзбектер сиырдың етін ғана іске жаратып қоймай, сүйегі мен тұяғына дейін  өңдейді. Ауыл шаруашылығы үшін өте қажетті ет-сүйек ұнын әзірлеп, экспортқа шығаруда.

Демек малдың тірідей сыртқа кетуі отандық ет өңдеуші кәсіпорындарды осындай игіліктен қағады. Жаппай мал сату басталған 2018 жылдың өзінде Қазақстандағы ет бағасы бірден 24 пайызға қымбаттап, өңдеуші кәсіпорындардың жұмыс ырғағы 20 пайызға баяулаған екен.

Енді сұрақ туады? Қазақстанда дәл Өзбекстандағыдай ет өңдейтін іргелі кәсіпорындар бар ма? Майда-шүйдесін айтпағанда, Алматы, Ақмола, Шығыс Қазақстан облыстарындағы ірі кәсіпорындарды ерекше атауға болады. Енді олардың қатарына Қостанайдағы еліміз бойынша ең ірі «BEEF EXPORT GROUP» компаниясы қосылмақ. Заманауи кәсіпорын жылына 100 мың іріқара мен 150 мың уақ малды қабылдауға қауқарлы. Кәсіпорын қалдықсыз өңдейді. Ет-сүйек ұнын шығарады. Болашақта мал терісін илеп, фабрикаларға өткізуді де жоспарға енгізген. Жоба құны 5 млрд теңге.

1 тамыздан бастап отандық ет өңдеуші кәсіпорындарға мал өткізген шаруалар әр келі ет үшін 200 теңгеден субсидия алып жатыр. Бұл фермерлер үшін жаман емес. Алайда сыртқа мал сатуға қатысты шектеу күшін жойған жағдайда, бұл жәрдем отандық кәсіпорындарды тоқырау қаупінен сақтап қала алмайды. Мал сыртқа жөңкіледі де, ет өндірісіне, тіпті мал шаруашылығының дамуына қатер төнеді. Ендеше, етті емес, малды экспорттауды көздейтіндердің не ойлағаны бар?

Малдың обалы – Мамытбековте

Ресейге ет экспорттау желеуімен шетелден асыл тұқымды мал тасу машақаты Асылжан Мамытбеков «Қазагроға» басшы болып тұрғанда басталған. Кейін бұл шенеунік Ауыл шаруашылығы министрлігін қолына алған соң, жобаны одан ары «гүлдендірді». Егер үкіметтің қыруар қаржысы жұмсалған бағдарлама үмітті ақтамаса, сол кезде көзделген ет экспорты орындалмаса, оған бірден-бір жауапты адам – осы Мамытбеков болуы тиіс-тін. Өкінішке қарай, мандытпаған тірлігі үшін Мамытбековтен табандап жауап алған үкімет болмады.

А.Мамытбеков

Әлі де жүре берер ме еді, 2016 жылғы Жер дауының кезінде Нұрсұлтан Назарбаев оны қызметінен алып тастады. Бірақ Мамытбеков аграрлық саладан біржолата кеткен жоқ. Қазір «Қазақстанның ет одағы» бірлестігінің төбесінде қыдиып отыр.

Дәл осы «Қазақстанның ет одағы» бірлестігі малды шетелге тірідей сатуды жөн көреді. Тіпті өткен жылғы даудан соң, шетелге мал сатуға шектеу қойылғанда Мамытбеков бастаған топ қарсылық жиынын өткізген. Сол кезде «Қазақстан ет одағының» басшысы Мақсұт Бақтыбаевтың: (М.Мамытбеков төрағасы – ред) «Қаржылық тұрғыдан да мұздатылған еттен гөрі, тірі малды сату анарғұрлым тиімді. Тірі малды қайта экспорттауға рұқсат берілмесе, Қазақстаннан шығарылатын етке мүлдем сұраныс болмай қалады» дегені бар.

Сұраныс болмай қалатын болса, Қазақстан неге қыруар қаржы шашып, Ресейге ет экспорттауды көздеді? Мұны Бақтыбаев басқадан емес, аграрлық саланың тізгінін оншақты жыл уысында ұстаған қасындағы бастығы – Мамытбековтен сұрауы тиіс.

Атын атамауды өтінген сарапшымыз мұның себебі басқадан іздейді. Оның сөзіне қарағанда, қазақты малдан айырғысы келетіндердің қолында шетелден 1 млн бас ірі-қара тасуға қатысты «байыпты бағдарлама» бар көрінеді. Соны өткізе алса, мемлекеттің қаржысын талан-таражға салуға кезекті мәрте мүмкіндік тумақ-мыс.

Шектеу шектемепті ғой

Жыл басында шетелге сиыр мен қой сатуға жарты жылға шектеу қойылғаны белгілі. Күні кеше ғана үкімет басшысының бірінші орынбасары Әлихан Смаиловтың мораторийды  тағы 6 айға ұзартуға қатысты шешімге қол қойғаны хабарланды. Бірақ бұл шетелге мал экспорттау толықтай тоқтады дегенді білдірмейтін сияқты.

Өйткені lsm.kz сайтының хабарлауынша, 2020 жылдың қаңтар-қыркүйек айлары аралығында Қазақстан шетелге 9 мың іріқара сатқан. Оның 7,1 мың басын тағы да Өзбекстан сатып алған. Осы аралықта Қазақстан сырттан 12 мың бас сиыр әкеліпті. Қай елдерден дейсіз ғой, қараңыз: Австрия, Германия, Нидерланды, Ирландия, Словакия, Венгрия, Эстония, Литва, Беларусь, Украина және Ресей. Тура бұрынғыдай Қазақстан қолында барын көршісіне беріп, өзі алыстан тасымалдап жатыр.

Бұдан бөлек, Өзбекстан мал сатуға шектеу қойылған кезеңде елімізден 1 мың ешкі сатып алған екен. (Қой да ешкінің есебінде кетіп жатпаған шығар, деп үміттенеміз). Тағы бір қызық дерек, 12 мың жылқы Ресейге сатылған. 5 мың жылқы Қырғызстаннан бері кірген.

Басқасы басқа, шектеу кезінде іріқараның шетелге сатылғанын қалай түсінуге болады? Әлде қазақты малсыз қалдырғалы жүрген мамытбековтердің түпкі ниеті шекараны да «тесіп» өте ме? Бұл сұрақтың жауабын Сапархан Омаров бастаған Ауыл шаруашылығы министрлігінен күтеміз.

Тегтер: