«Дипломмен – ауылға»: Жас маманның жайлы өмір сүруіне мүмкіндік

«Дипломмен – ауылға» бағдарламасы 2009 жылы іске қосылды. 2021 жылға дейін 85 мыңнан астам жас маман бағдарламаның шапағатын көрсе, 2019-2022 жылдар аралығында 35,5 мың адам 9,5 млрд теңге бірреттік көтерме жәрдемақы алған. Сондай-ақ, 17,7 мың маманға баспана алу үшін бюджетті несие ретінде 71,9 млрд теңге бөлінді.
Қабылданғанына 13 жыл толған бағдарламаның жоғары оқу орнын бітірген жастар үшін пайдасы көп. Алған білімін ауылды жерлерді көркейтуге жұмсаған кез келген жас маманға мемлекет тәуір қолдау көрсетуде. Бір реттік жәрдемақыдан бөлек, үйлі болуға мүмкіндік бар. Басты шарты – жас маман елді мекенде кемінде 3 жыл жұмыс істеуі тиіс.
Айта кету керек, бағдарлама аясында 2022 жылы 4,3 мың маманға баспана сатып алу үшін 20 млрд теңге бюджеттік кредит берілген. Ал бас-аяғы 11 жылда 60 мың жас маман – білім беру, 18 мың маман – денсаулық сақтау, 2302 маман – мәдениет саласына, 1512 маман – спорт, 2743 маман агроөнеркәсіп, сондай-ақ 699 маман әлеуметтік қамсыздандыру саласына жұмысқа орналасқан. Бұдан өзге оншақты қызметкер жергілікті ауыл, елді мекен әкімдігінде жұмысқа орналасқан. Сол 2022 жылы «Дипломмен ауылға» жобасы бойынша 4 мың 353 маманға 20 миллион теңгенің қаржылай қолдауы көрсетілді.
Бағдарламаның тиімді тұсы көп
«Дипломмен – ауылға» бағдарламасы жастар үшін тиімді екенін дәлелдеп келеді. Тіпті, уақыт өте келе жас маманның баспаналы болуына банктер де үлес қосуда. Мысалы, биыл сәуірден бері «Отбасы банк» бағдарламаның сенімді серіктесі ретінде айқындалды. Бұл бірлескен жоба жастардың тұрғын үй кілтін алуға септігін тигізбек. Бұл – бір. Екіншіден, бұдан былай құжатты жинау, өткізу уақыты үнемделіп, бағдарлама тетігі цифрлық форматқа көшті. Яғни, банк азаматтардың өтінімін онлайн түрде қабылдайды. Айтпақшы, бағдарламаға тек қалаға барған жас мамандар ғана емес, сол елді мекенде бұрыннан тұрып немесе қоғамның кез келген саласында жұмыс істеп жүрген кез келген азамат қатысады. Бұл жоба шалғайдағы елді мекенді көркейту үшін білікті мамандардың тұрақтап қалуына жағдай жасайды.
Соңғы жылдары өңірлерде тапшы мамандарға сұраныс арта түскен. Осыған орай жергілікті әкімдіктер арнайы тізім жасап, оларға жеңілдетілген несие беру жағын оңтайландыруды жеделдетпек. Айталық, көп дегенде 15 жылға берілетін несиенің ең жоғары сомасы 1500 айлық есептік көрсеткіш болса, несие 0,01 пайыз мөлшерлемемен беріледі.
«Отбасы банк» АҚ Басқарма төрайымының орынбасары Нұрлан Ақшановтың айтуынша, «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы іске қосылғалы 38 мың маман бюджеттік несиеге қол жеткізген. «Дипломмен – ауылға» жобасының бұдан былайғы қатысушылары 2023 жылдың 1 мамырынан шот ашып, банк клиенті атанып, игілігін көре алады. Бұл ай сайынғы төлемді уақытылы төлеп тұру, мерзімді өткізіп алмау немесе өсімпұл есептелмеу үшін жасалатын шара», – деді банк басшылығы.
Бір дерек. Бір Маңғыстау облысында бағдарлама бойынша 411 маман бірреттік көтерме жәрдемақы алса, 231 маман төменгі мөлшерлемемен берілген несие арқылы баспаналы болуға қадам жасады. Ал Павлодар облысында биыл жоба арқылы несие беру үшін 963 млн теңге қарастырылса, бір реттік жәрдемақыға 179 млн теңге көзделді. Бір сөзбен айтқанда, бағдарлама талай маманға жасалған мүмкіндік пен қолдау.