8 Қараша 18:40

ЖӘКІШЕВ, ШАБДАРБАЕВ, ӘБІЛЕВ... – Депутат Абзал ҚҰСПАН Бас прокурордың атына сауал жолдады

Фото:
Мәжіліс депутаты Абзал Қ

ҰСПАН ірі саяси қызметте болған адамдардың әлеуметтік желідегі мәлімдемесі негізінде «Ескі Қазақстанда» болған коррупция үшін тиісті адамдарды жауапқа тартуды талап етіп, Бас прокурор Берік АСЫЛОВҚА депутаттық сауал жолдады.

NEGE тілшісіне түсініктеме берген депутат «ірі саяси қызметте болған адамдардың сұхбаттары миллиондаған көрілім мен мыңдаған пікір жинағанымен, оған құқық қорғау органдары мен прокуратура тарапынан ешқандай реакция жоқ» дейді.

– Мысалы, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің эк-төрағасы Амангелді ШАБДАРБАЕВТЫҢ өзі бірнеше рет ашық сұхбат берді. Бұрынғы төраға, генерал-лейтенант Шабдарбаевтың сол кездегі мемлекет басшылығы тарапынан уран кеніштері кімге, қалай үлестірілгені туралы айтқан нақты мысалдары бар. Ол кісі түрлі фамилияларды атап, кімнің қандай қылмысқа барғанын әшкереледі.

Коллаж NEGE

Жер асты қазба байлықтарына байланысты, олардың заңсыз үйлестірілуіне тікелей дәлелмен Мұхтар ЖӘКІШЕВ, Болат ӘБІЛЕВ, тағы да басқа бірқатар азаматтардың ашық сұхбаттары, мәлімдемелері жарияланып, онда ірі компанияларға Қазақстан халқына тиесілі байлықтың таратылуы, заңсыз берілуі нақты айтылған, – дейді Абзал Құспан.

Депутат ҚР Қылмыстық-процесстік кодекстің 180-бабына сүйеніп, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастауға бұқаралық ақпарат құралдарындағы хабарлар негіз бола алатынын айтады.

– Жоғарыда аттары аталған азаматтарың саяси қызметте болғанын білеміз, олардың мәлімдемелерінің негізі бар деп есептеуге болады. Тіпті олай болмаған жағдайдың өзінде, ақпарат ҚПК 180-бабының талаптарына сәйкес, СТБТ (ЕРДР) тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізіліп, оның нәтижесі халыққа хабарлануы керек деп білемін. Себебі, БАҚ-қа жарияланған қылмыс туралы ақпараттарды СТБТ-ға тіркеу құқық қорғау органдары үшін талқылауды қажет етпейтін, императивті норма саналады, – дейді депутат.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің экс-төрағасы Амангелді Шабдарбаев соңғы кездегі сұхбаттарында «ескі билікке» қатысты түрлі мәлімдеме жасап жүр. Мәселен ол сұхбаттарының бірінде Мәжілістің бұрынғы спикері Нұрлан НЫҒМАТУЛИНДІ «Қаңтар оқиғасын ұйымдастыруға қатысы бар» деп есептейтінін айтқан.

Н.Нығматулин. Фото: ғаламтордан

Шабдарбаев «Elmedia» жобасының бас редакторы Гүлжан ЕРҒАЛИЕВАҒА берген сұхбатында былай дейді:

«Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин мен ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімов Тоқаевқа келіп: «Міне, ұшақ дайын, ұшып кет» деген. Бұны айтқан Мәсімов емес, Нығматулин».

Сондай-ақ, ол кісі қолынан қаза тапқан саясаткер Заманбек НҰРҚАДІЛОВ пен экс-президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ не үшін ұрсысып қалғаны туралы, «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар ЖӘКІШЕВ пен ҰҚК-нің бұрынғы басшысы Нартай ДҮТБАЕВТЫҢ уран кеніштерін кімдерге бөліп бергенін және оған оппозициялық саясаткер Мұхтар ӘБЛӘЗОВТІҢ қандай қатысы бар екенін айтқан.

Тағы бір мысал – Мұхтар ЖӘКІШЕВ. 14 жыл түрмеде отырған М.Жәкішев бостандыққа шыққаннан кейін өзін бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев қаматқанын ашық айта бастады.

Ал саясаткер Болат ӘБІЛЕВ журналист Вадим БОРЕЙКОҒА берген сұхбатында олигарх Лакшми МИТТАЛДЫ Қазақстанға тағы бір олигарх Александр МАШКЕВИЧ жетелеп әкелгенін, Миттал Қазақстанға кіру үшін 100 млн доллар пара бергенін айтқан.

«Ескі Қазақстан» билігінің былығына қатысы бар адамдар жауапқа тартыла ма, жоқ па, белгісіз. Бірақ депутат Абзал Құспан Бас прокуратура қоғамда резонанс тудыратын саяси мәлімдемелерге дер кезінде құқықтық баға беріп, дәлел жеткілікті болған жағдайда қылмыстық істің сотқа жеткізілуін қамтасыз етуі қажет екенін айтады.

Тегтер: