11 Желтоқсан 11:49

«Адыл қытай» лаңы. Коханов қазасының құпиясы НЕГЕ кеш ашылды? (видео)

Фото:

2017 жылдың  30 мамыры күні ҰҚК мен Ішкі істер қызметкерлері Алматы қаласында арнайы операция жүргізді. Қарулы жасақ өткізген іс-шара бір мезетте қаланың бірнеше жерінде өткізілді. Мақсат – ұйымдасқан қылмыстық топтың «Адыл қытай» деген лақап атпен танымал басшысы мен белді мүшелерін тұтқындау еді. Қылмыстық топтың серкесі Адылжан Зайнаудиннің кіші ұлы – Бахтишат Арупов та осы осы операция кезінде Алматыда ұсталды. 

Дәл осындай шұғыл құрықтау шаралары Алматы облысында да жүргізілді. Полицияның арнайы жасағы Ұйғыр ауданының Бахар ауылынан қылмыстық топтың тағы бірнеше белді мүшесін ұстады. Арнайы жасақ өкілдері жалғанды жалпағынан басқан қылмыстық топ мүшелерінің бірін де қалдырмай тұтқындады. Олардың арасында шығыс жекпе-жек өнерінің жаттықтырушысы, кісі өлтіруге қатысы болуы мүмкін деген күдікке ілінген Нұрмұхамбет Сиханов та бар.  

Ал ұйымдасқан топтың серкесі Адылжан Зайнаудин деген кім? Оның «Адыл қытай» атануына не себеп? Әлде қылмыс әлемінде әділеттілігімен танылған ба? Бәлкім, Қазақ-Қытай шекарасында контрабандамен айналысқаны үшін «қытай» атанған шығар. Әрине, қарапайым жұрт арасында осылай ойлайтындар да кездесуі ғажап емес. Ал шындығында, адыл – оның есімінің алғашқы екі буыны. Қылмыс әлемінде қатігездігімен танылған Зайнаудин түрінің қара, көзінің қысық болғаны үшін ғана «қытай» атанса керек. 1966 жылы Алматы облысының Панфилов ауданында туған. ҚР азаматы. Жоғары білімді. Тергеу деректеріне қарағанда, оның ұйымдасқан қылмыстық тобы 2000 жылдардан жұмыс істей бастаған. 

«Адыл Қытай» қылмыстық тобының мүшелеріне заңсыз қару сақтаған және тасымалдаған, кәсіпкерлерді бопсалаумен айналысқан, қорқытып-үркітіп, қаржыларын заңсыз иемденген деген секілді көптеген айыптар тағылды. Тергеу барысында одан да бөлек ауыр қылмыстары әшкере болды. Ұйымдасқан топтың үстінен қозғалған қылмыстық істің өзі  200 томға жетеқабыл.  Оның бәрін тәптіштей беру шарт емес. Бірақ біреуіне ерекше тоқталуға тура келеді.

Асқар Қохановты не үшін өлтірген?

Асқар Қоханов 1999 жылы кикбоксингтен әлем чемпионы атанған айтулы спортшы еді. Ал 2003 жылы 54 мемлекеттің саңлақтары бақ сынаған жарыста күміс медальға ие болса, 2006 жылы, 44 жасында тай боксынан тағы да әлемнің үздігі атанып, алтыннан алқа таққан. Қысқасы, Қоханов ауыр салмақта қарсылас шақ келтірмеген қабылан болатын. Қазақтың аймаңдай ұлы  2008 жылы оққа ұшты. Қарулы қастандық Момышұлы мен Маречека көшелерінің қиылысында болған. Ленд Крузер Прадо автокөлігімен еш қаперсіз келе жатқан Асқар бағдаршамның кызыл шамына тоқтаған екен. Осы сәтте екі бірдей жеңіл көліктен оқ атылады. Кеуде тұсынан ауыр жараланған спортшыны жедел жәрдем көлігі дереу ауруханаға жеткізгенімен, ажалдан арашалап қала алмады. Асқар Қоханов 10 күннен кейін қайтыс болды.

Тоғыз жыл бойы ашылмай келген қанды қылмыс «Адыл қытай» ұсталғаннан кейін ғана айқындалды. Ал қанды оқиға шын мәнінде қалай өрбіді? 2008 жыл­ы  кикбоксингтен Алматы қаласының ашық бірін­шілігі өтеді. Оған Асқар Қоханов жетекшілік ететін «Макус» клубының да, Адылжан Зайнаудиннің иелігіндегі «Аттила» клубының да спортшылары қатысады. Кезекті жекпе-жектің жеңімпазын анықтауда кикілжің туып, оған бапкерлер де араласса керек. Ешкімге кеудесін бастырып көрмеген Асқар қарсыластарын бет қаратпайды. Бапкерлер арасында ғана емес, жас шәкірттерінің көзінше де абырой-беделінің төмендеп қалғанына қаны қарайған Зайнаудин көңіліне кек тұтқан тәрізді. Одан кейін қолшоқпарларына тапсырма берген. Сол түнгі сұмдықты Қохановқа қапыда оқ атқандардың бірі Имаржан Кабиров былай әңгімелейді:

Ақталу үшін адам не демейді? Кабировтың айтуынша, ол бұл қылмысқа Нұрмұхамбет Сихановтан қорыққанынан барған. Ал Адылжан Зайнаудинді тыңдасаңыз, ол мәселені мүлде басқаша өрбітеді. Қохановтың өліміне еш қатысым жоқ деген-ді қайталаудан танбаған қылмыстық топ басшысы өзін жәбірленуші ретінде де көрсетуден тайынған жоқ. 

Бұл қылмыстық істе ерекше атап өтер тағы бір нәрсе бар. Құқық қорғау органдары 2011 жылы-ақ Кабировті қарумен ұстап, одан Қохановтың өліміне  күдікті ретінде жауап алған екен. Демек, тергеуші қылмыстық істе желдің қай жақтан соққанын дәл аңғарған секілді. Кабиров «Самат» деп атаған тергеуші бұдан ұзақ уақыт бойы жауап алып, Адылжан Зайнаудин туралы сұраған. Ең қызығы, ол «Адыл қытай» бұл қылмыстық істі 150 мың доллар беріп, жоғарыдан жаптырып тастағанын, бірақ қылмыскерлердің бәрібір жазасыз кетпейтінін ескерткен. Тергеушінің сол әңгімесі туралы Кабировтың айтқанын мына жерден тыңдап көріңіз:

Погондылар қорғаған ба?

Спортшыға жасалған қастандықтың дер кезінде ашылмауына «Адыл қытайдың» қаншалықты араласқаны беймәлім. Алайда оның погондылар тарапынан қорған таба білетін әккілігін жоққа шығаруға болмайды. Мәселен «Адыл қытай» тобына құрық түскенде Әуезов АІІБ-нің бұрынғы бастығы Бақыт Қасабековтің де қамауға алынғаны белгілі. Қылмыстық топпен ауыз жаласқан полиция полковнигі 2017 жылы 5 жылға сотталды.

ҰҚК тергеген Мұрат Бишуров 2015-2016 жылдары Адылжан Зайнаудиннің отбасылық жүргізушісі болған екен. Өзі Алматы облысының тұрғыны. Яғни, қылмыстық топ серкесінің жерлесі. Ол Бақыт Қасабековтің зәулім сарайына екі мәрте келіп, «Адыл қытайдың» сәлемдемесін жеткізгенін ашық мойындағаны бар. Ол бір келгенде, 1 млн 200 мың теңге әкелген. Сірә, бұл қылмыстық топ пен полицей кейпіндегі жемқор шендінің арасындағы алыс-берістің аз болмағанын көрсетсе керек. Бірақ арам ақша кімге опа берген? «Адыл қытайдың» да оңай жолмен тапқан талай дүние-мүлкі мемлекет меншігіне қайтарылды. Оның ішінде Cadillac, Maybach, Lamborghini секілді аса қымбат 7 автокөлік бар. Кейбір деректерге қарағанда, «Адыл қытай" Lamborghini көлігін Қазақстанда бірінші болып мінгенге ұқсайды.

Алматы қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 12 адамға үкім шығарды. Топ мүшелері 4 жылмен 8 жылға дейінгі аралықта бас бостандығынан айрылса, Адылжан Зайнаудин 20 жылға сотталды. «Адыл қытай» кенже баласы Бахтишатты өзінің ізбасары ретінде баптап, айналасына үнемі солай таныстырып жүреді екен. Оның ізбасар тәрбиелеу туралы арманы қиялында ғана емес, жаза бөлісуде де жалғасты. Бахтишат 6 жылға сотталып, әкесінің өкшесін баса түрмеге жөнеді.

Сансызбай Нұрбаба

Тегтер: