15 Сәуір 13:47

Алматы қаласындағы Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығынан 651 әйел тегін қызмет алды

Іскер әйелдер кеңесі
Фото: ғаламтордан

Елімізде кәсіп көзін ашып, ісін дөңгелетіп жүрген әйелдер баршылық. Бұл тенденция соңғы жылдары айқын көрініс тапқан. Әрине, оларға үкімет тарапынан бөлек, «Атамекен» ҚР ҰКП жанынан құрылған Іскер әйелдер кеңесінен де қолдау мен көмек те көрсетіліп жатқанын айта кеткен жөн. 

Осы тұрғыда 2015 жылы «Атамекен» ҚР ҰКП жанынан құрылған Іскер әйелдер кеңесі Қазақстандағы әйелдер кәсіпкерлігін қолдау мен дамытуды қамтамасыз ету, бизнес-ортада өңірлік әйелдердің белсенділігін арттыруға атсалысып келеді. Кеңесті құрудағы мақсат – еліміздің түкпір-түкпіріндегі кәсіпкер әйелдердің әлеуетін шоғырландыру. Айта кету керек, Іскер әйелдер кеңесінің жеке құқықтық мәртебесі жоқ, «Атамекен» ҚР ҰКП-ның консультативтік-кеңесші органы саналады.

Іскер әйелдер кеңесінің негізгі міндетіне не жатады? Біріншіден, әйелдер кәсіпкерлігін тиімді қолдау мен дамытудың заманауи тетіктерін әзірлеу, екінші – кәсіпкер әйелдердің экономикалық белсенділігін ынталандыру, үшіншіден, әйелдердің жеке кәсіпкерлікке қатысуын, олардың экономикалық бастамалары мен экономикалық мүмкіндіктерін арттыруды қолдау.

Республика бойынша 17 аймақтық, 163 аудандық кеңесте және 35 салалық аймақтық бірлестікте 1800-ге жуық белсенді кәсіпкер әйел бар. Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталықтарын құру туралы бастаманы Іскер әйелдер кеңесі ұсынған болатын. Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы – кәсіппен айналысатын әйелдерге және кәсіп бастауға ниетті, жобасы бар әйелдерге қаржылық емес қолдау көрсету алаңы. Мұнда олар жаңадан ашылған бизнесін ынталандыру, ілгері жылжыту, жұмыс істеп тұрған бизнестің экономикалық белсенділігін арттыру бойынша бірқатар қызметті ала алады. Ең бастысы, оқыту бағдарламалары мен іс-шараларына қатысып, кәсіп көзін таба білудегі білімін жетілдіру мүмкіндігіне ие болады.

Іскер әйелдер кеңесі
ғаламтордан

«Атамекен» ҰКП өзінің барлық өңірлік палаталарында әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығын ашып, кәсіпкер әйелдердің өз ісін дамыту жолындағы алғашқы қадамына қолдау көрсетіп, көмектесуді мақсат етті. Бұл орталықтар әйелдердің экономикалық мүмкіндігін арттырып, одан әрі кеңейтуге күш салады.

Айта кету керек, 2022 жылы Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталықтары өңірлік кәсіпкерлер палаталарының базасында алғашқы пилоттық жұмысын бастап, нәтижелі көрсеткішке қол жеткізді. Бұл жоба Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасымен серіктестікте әрекет етіп және Азия Даму Банкінің қаржылық қолдауымен Қазақстандағы Ынтымақтастық қоры аясында жүзеге асырылды.

2024 жылдың басынан бастап Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасының «Мен – кәсіпкер» кәсіпкерлік әлеуетін дамыту» құралы аясында Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталықтарының жұмысына жан бітті. Бүгінде еліміздің 20 аймағында жұмыс істейтін Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталықтарының тікелей операторы «Атамекен» ҰКП екенін айта кеткен жөн.

Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы – кәсіпкер әйелдерге қолдау көрсету алаңы

Еліміздің 20 өңірінде ашылған мұндай орталықтар кәсіпкер әйелдерге қаржылық емес қолдау көрсету алаңына айналды. Мұнда олар стартаптарды іске қосу, жұмыс істеп тұрған бизнесті одан әрі кеңейту және дамыту бойынша қызметтер кешеніне қол жеткізе алады. Сондай-ақ, оқыту бағдарламалары мен желілік іс-шараларға қатысып, білімін жетілдіре түседі.

Орталық бүгінде әйел қауымына қызметтің 7 түрін ұсынып келеді. Атап айтқанда:

    . кеңес беру;

   · әйелдердің өзекті мәселелері мен қажеттіліктерін анықтау;

   · әйелдерді арнайы дағдыларды дамытуға үйрету;

    · қаржыландыруды тартуға оқыту;

    · кәсіпкер әйелдердің бизнесін бағалау;

     · тәлімгерлік;

     · әйелдерді әртүрлі халықаралық жобаларға қатысу мүмкіндіктері туралы ақпараттандыру.

Әйеллдер кәсіпкерлігін дамыту
ғаламтордан

Осы тұрғыда кәсіп ашып, ісін бірнеше жылдан бері дөңгелетіп келе жатқан кәсіпкер әйелдер «Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығына» хабарласып, тәлімгер қызметін пайдалана алады. Іскер әйелдер өз бизнесін дамытуға, жеке және кәсіби өсуге қатысты кез келген сұрақтарын қоя алады.

Сондай-ақ, Қазақстанда әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға арналған «Бір ауыл – бір өнім» жобасына ерекше тоқталуға болады. Жобаның мақсаты – жергілікті өнімнің сапасын арттыру, жергілікті брендтерді құру, нарыққа шығару және нарықтағы өнімнің құнын арттыру.

Жоба жергілікті ресурстарды пайдалана отырып және аймақтың ерекшеліктерін ескере отырып, бірегей жергілікті өнімді жасау үшін ауылдастардың ынтымақтастығын ынталандыруға бағытталған. Бір ерекшелігі немесе ұтымды тұсы, нарықта сұранысқа ие тауарлар мен өнімді жалғыз емес, бірігіп өндіргісі келетін ауыл әйелдеріне белсенді қолдау көрсетеді. Бұл жобаға қатысу үшін әйелдер «Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығына» өтініш берсе болғаны. Әрі қарай үйде отырып қалаған кәсібімен айналысуына мүмкіндік бар.

Мәселен, 2023 жылы Алматы қаласындағы Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығында 651 әйел өзіне қажетті тиісті қызмет алды.

Бірінші, 3 бағыт бойынша – «Тігін өндірісі», «SMM», «Кондитер-декоратор» мамандығына қатысты кәсіби және іскерлік оқыту жүргізіліп, 127 қызмет алушы оқуды нәтижелі аяқтады.

Әскер әйелдер кеңесі
ғаламтордан

Екінші, «Тәлімгерді сүйемелдеу» қызметі аясында 34 кәсіпкер өз ісінің шеберлерінен құнды кеңес алып, басқарудың жаңа дағдыларына ие болды.

Үшінші, Алматы қаласынан тіркелген 19 әйел «Қаржы тарту» тақырыбындағы тренингті сәтті аяқтады.

Төртінші, 51 кәсіпкер гранттық қаржыландыру мүмкіндігімен бизнес негіздері мен экспорт ережелерін үйрету бойынша халықаралық жобаларға тіркеліп, қатысуға мүмкіндік алды.

Бесінші, Алматының кәсіп жүргізе бастаған әйелдері үшін бес компанияға «Бизнес шолу» қызметі бойынша шара ұйымдастырылды.

Алтыншы, биыл «Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясында жергілікті шикізаттан өнімді жылжыту және дамыту қызметі іске қосылып, осы қызмет аясында 15 «әйелдер» жобасы аймақтық көрмеге қатысты. Олардың тек үшеуі финалға шығып, ASMAR көрмесіне қатысты.

Іскер әйелдер кеңесі
ғаламтордан

Іс-шараға қатысуды талдау барысы алматылық әйелдерді бизнесті жүргізу, психология, сауда, жарнама және ілгері жылжыту, қаржылық қолдауға қатысты түрлі тақырып қызықтыратынын көрсетті. Бір айта кетерлігі, әйелдердің көбінесе офлайн форматта өткізілетін іс-шараларға қатысу ықтималдығы жоғары екенін байқауға болады.

Сонымен, «Атамекен» ҚР ҰКП жанынан құрылған Іскер әйелдер кеңесі әртүрлі санаттағы әйелдерге барлығы 651 қызмет түрін көрсеткен. Атап айтқанда, жеке тұлғаларға-көп балалы отбасыларға – 41 қызмет, NEET жастары – 2 қызмет, табысы аз тұлғалар мен отбасыларға – 10 қызмет, еңбекке қабілетті мүгедек жандарға – 4 қызмет, қандастарға – 2 қызмет, басқа да тұлғаларға – 592 қызмет түрі көрсетілді.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жанындағы Іскер әйелдер кеңесінің бір жетістігі сол, оның FCEM Дүниежүзілік қауымдастығына кіруі. «Атамекен» жанындағы Іскер әйелдер кеңесінің жаһандық қауымдастыққа мүше болуы Қазақстандағы кәсіпкер әйелдер мен кәсіпкерлік бастамасы бар әйелдерге кеңес беру және қолдау көрсету мүмкіндігін нығайта түсетініне сенім мол.