Әлеуметтік әділдік. Прогрессивті жеке табыс салығы бізді НЕГЕ дамудың жаңа сатысына көтермек?
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтің жеке табыс салығына қатысты ұсыныстары қоғамда халық асыға күткен әділдік орнатуға сеп болмақ. Ал экономикалық жағынан алғанда ұзақмерзімді жағымды әсер береді. Оның басты көрінісі - орта тап күшейіп, байлар мен кедейлер арасындағы алшақтық қысқарады.
Тек ол үшін үкімет Мемлекет басшысының Алматыдағы іссапарында берген түсініктемесін негізге алып, Салық кодексіне өзгерістер енгізсе болғаны. Естеріңізде болса, Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыда "Айына 250-300 мың теңге жалақы алатын азаматтар табыс салығын 7 проценттік мөлшерлеме бойынша төлеуге тиіс деп санаймын. Яғни, қазіргі 10 проценттік мөлшерлемеден төмен болады. Ал, айына 300 мың теңгеден 1,5 - 2 миллион теңгеге дейін табыс табатындар үшін қазіргі 10 проценттік мөлшерлеме сақталады" - деп мәлімдеген болатын. Мемлекет басшысының пікірінше, жылына 25 миллион теңгеден көп табыс табатын азаматтар жеке табыс салығын 10 проценттен артық төлеуі тиіс. Бірақ қалай болғанда да, жеке табыс салығы 15 пайыздан аспайды.
Ал жалпы бізде айына бір жарым миллион теңгеден артық табыс табатын қанша азамат бар? GSB UIB бизнесті талдау орталығының сарапшысы, экономист Мақсат Халықтың пікірінше оны алда бізді күтіп тұрған жаппай декларация тапсыру нәтижесінен кейін анықтауға болады.
"Менің ойымша, мұндай дәрежеде айлық алатын азаматтардың саны бір процент деңгейінде. Демек, бізде еңбекке жарамды он миллион халық болса, онда айлығы жоғары жүз мың адам бар деген сөз".
Негізі прогрессивті жеке табыс салығы бізде мұның алдында жұмыс істеген болатын. Бірақ оған енгізілген параметрлер қарапайым халық үшін жеңіл болды деуге келмейді. Прогрессивті жүйенің дәл қазіргі, Мемлекет басшысы айтып отырған моделі анағұрлым әділ болар еді. Қазір ЖТС 10 пайыз болды деген күннің өзінде, тұрақты жұмыс істеп жүрген азаматтар нақты он процент төлеп отырған жоқ. Себебі салықтық шегерімдер бар, айлықтан ең алдымен зейнетақы жарнасы алынады, одан қалған сомадан ең төменгі айлық сомасы шегеріледі де, тек қалған сомаға ғана 10 пайыздық салық салынады. Сонда 10 пайыздық салық іс жүзінде шамамен 8 процентті құрайды. Енді прогрессивті жүйе енгізілсе, айлығы төмен, оған қарамай бұған дейін салық төлеп келген қазақстандықтардың жартысынан көбі салықтан мүлде босатылмақ. "Сонымен бірге, бізде жоғары табысты азаматтардың қатары аз. Осы жағынан келгенде, бюджет кірістері шығыстың орнын толтыра алмай қалуы мүмкін" - дейді, Мақсат Халық.
"Осы жерде "байлық салығын" енгізсе, онда бюджеттің табысын тіпті тарттыруға болады деп ойлаймын. Қазір әлемде "мінсіз салық" ұғымы бар. Прогрессивті салық осы мінсіз деген ұғымға кіріп, әділеттілік турасында көп айтылады. Осы "мінсіз салық" жолына мемлекетіміз де ақырындап келуі керек деген пікірдемін".
Прогрессивті салық қашан енгізілуі мүмкін? Экономист Мақсат Халықтың пікірінше, бұл сұрақ әлі жан-жақты талқыланады. Бірақ халық жаппай декларация тапсырғаннан кейін ғана енгізілгені дұрыс. Ал жалпы, Мемлекет басшысы көтерген әділетті бастама 2022 жылдардан бастап жұмыс істеуі мүмкін.