12 Маусым 15:00
...

«1,5 трлн теңгеге автокөлік құрастыратын үш зауыт салуға болар еді» – Санжар Боқаев

Утильсбор
Фото: Фото: Роман Егоров

«Қазақстан республикасы халқы утильалымға қарсы» петициясына 50 мың адам қол қойды. Алайда, бұл бойынша алғашқы қоғамдық тыңдау жабық түрде өткен соң петиция авторы, қоғам белсендісі Санжар Боқаев жиынға қатысудан бас тартқан. 

NEGE тілшісі мұның себебін өзінен сұрап көрді.

– Утиль алымға қарсы петицияға орай өткен алғашқы қоғамдық тыңдауға неге қатыспадыңыз? Жалпы, халық қол қойған құжатты талқылау неге жабық өтті?

– Бұл отырыстың 6 маусым күні сағат 17.00-де өтетінін бір күн бұрын ғана естідік. Заң бойынша, олар бізге үш күн бұрын айтуға тиіс. Отырыстың болатынын кеш естіген соң, ұшаққа билет таппай, Алматыдан Астанаға көлікпен бардым. Осы жұмыс тобына қатысу үшін 16 сағат жол жүрдім.

Алғашқы қоғамдық тыңдауға қатыспаған себебім, ол жерге ұялы телефон алып кіріп, онлайн көрсетілім жасап, халыққа талқылаудың қалай өтіп жатқанын жеткізбекші болған едім. Өйткені, бұл – халық қол қойған петиция. Заңда да мұндай отырыстың ашық түрде өту керектігі жазылған. Сондықтан олардың «стратегиялық нысанға ұялы телефонмен кіруге болмайды» дегені дұрыс емес! Астанада қандай ғимараттың стратегиялық нысанға жататынын білеміз. Ал мына отырыс өткен орын бұл санатқа кірмейді.

Екіншіден, талқыға салынатын утильалым тақырыбы ешқандай да құпия емес. Сол себептен қоғамдық тыңдауды жабық түрде өткізуге негіз жоқ. Бұл біздің қыңырлығымыз емес, 50 мың адам қол қойды, егер тоқтатылмаса, 500 мың адам қол қоятын еді. Бұл – біздің миллиондаған азаматың мүддесі.

Шын мәнінде, алғашқы петицияға қол жинау – Президент Тоқаевтың бастамасы болатын. Егер әділетті болса, несіне қорқады? Бишімбаевтың соты сияқты неге ашық өткізбейді? Оған мүмкіндік бар, ешқандай да қиын емес.

Үкімет
Фото: Алексей Старков

– Сонда талқылауды ашық өткізуден неліктен бас тартып отыр?

– Өйткені, біз үшін олардың ұстанымы белгілі. Скляр да, Бектенов те, Шарлапаев та «утильалымды алып тастамаймыз» деген пікірін білдіріп қалды. Бұл – таза олигополияның мүддесін қорғап жатқан позиция. Егер тыңдау ашық өтсе, оларға өз позициясын дәлелдеу оңайға соқпайды. Өйткені, статистика көрсеткіштері, деректер, басқа да қолда бар мәліметтің бәрі утильалымға қарсы. Содан кейін де жабық түрде өткізуге мәжбүр болды.

Қазақстан Республикасының утилизация алымына және бастапқы тіркеуге қарсы петициясы – халықтың петициясы. Сондықтан мұндай кездесулерді министрлік ғимаратында жабық өткізуге болмайды. Ендігі отырыс 13 маусым күні өтеді. Оған қалайда қатысамын.

– Басқа елдермен салыстырғанда Қазақстанда утильалым мен бастапқы тіркеу құны қанша есе көп?

– Біздегі утильалымның көрсеткіштері дамыған Еуропа елдері, Жапония, АҚШ-пен салыстырғанда он-он бес есе жоғары. Ал олардың әлеуметтік-экономикалық жағдайы бізден әлдеқайда бақуатты. Сонда бұл әділетті ме? Әрине, дұрыс емес!

Министрлік айналып келіп, Ресей мен Беларусьті тықпалап, «оларда утиль алым бізге қарағанда жоғары» дейді. Жарайды, солай делік. Бірақ бізге неге Ресей мен Беларусь сияқты болуымыз керек?!

Бұл жерде бір шындық айтылмайды. Ресейде жеке және заңды тұлғаларға утильалым көрсеткіші бөлек. Мәселен, мен Ресей азаматы болсам, жылына бір рет өзіме қажетті автокөлікті ең жоғары төлеммен, яғни 35 мың-ақ теңге төлеп алып келемін. Бізде де жеке тұлғалар үшін утиль алым көрсеткіші 35 мың теңге болсын. Егер Ресей тәжірибесінің дәл осы жерін енгізсе, келісер едік.

Үкімет
Фото: ғаламтордан

Қазақстанда утилизация алымы және бастапқы тіркеу үшін жинау заңының қабылданғанына 8 жыл болды. Сол кезде: «Біз, біріншіден, өзіміздің автоөнеркәсіпті дамытып, алдыңғы қатарға шығамыз», – деген еді. Сондай-ақ, «құрастыру бойынша өндірісті арттырамыз» дегенде көрсеткіш 2 пайыз еді, қазір 3 пайызға әрең жетті. 8 жылда 1 пайыз ғана!

Ал Үкімет автоөнеркәсіп саласын дамытуға кемінде 1,5 трлн теңге жұмсаған. Бұған субсидия, салық преференциясы, тағысын тағы кіреді. Шын мәнінде, 1,5 трлн теңгеге автокөлік құрастыратын үш үлкен зауыт салуға болатын еді! Сонда бұл қаражат қайда кетті?

Бізде әлі өнеркәсіп дамыған жоқ, сол баяғы дайын автокөлікті алып келеміз. Ол бергі жағы, KIA, Hunday автокөлік зауытының көлігін бөлшектеп, елімізге автобөлшек ретінде әкеліп, оны қайтадан құрастырып, «міне, біз автокөлік шығарып жатырмыз» деген көзбояушылық кімге және не үшін керек? Осы «фокус» үшін олар 12 пайыз қосымша құн салығын (ҚҚС) төлемейді, кедендік рәсімдеудің 15 пайызынан босатылады. 27 пайыз болды ма? Одан кейін утильалымды есептемейді.

Ол ол ма, корпоративтік табыс салығын да төлемейді. Демек, оларға мемлекеттен көліктің 40 пайызына жеңілдік берілген. Олай болса, бізде автокөлік арзанға бағалануы тиіс еді ғой. Егер билік егжей-тегжейлі талдау жасап, объективті шешім қабылдамаса, референдум өткізуге қол жинап, үкіметтің отставкаға кетуін талап етеміз. Бұл кезде жалпыұлттық сайлауда референдум арқылы халықтың өзі шешетін болады.