21 Ақпан 09:48

Жаңа Үкіметтен не күтеміз және ол жемқорлықпен қалай күреседі?

Ақорда
Фото: Ақорда

Ақпан айының басында Үкіметке жетекшілік етуге келген жаңа премьер-министр белсенділік таныта бастады. Жаңа қызметке кіріскелі Олжас Бектенов өңірлерге жұмыс сапарын Қарағанды облысынан бастады.

Индустриялды аймақтағы бірқатар маңызды өндіріс ошақтарының жұмысымен танысып, аймақ жетекшілеріне нақты тапсырмаларын берді.

Ал американдық «Шеврон» компаниясының Еуразиялық бөлімшесінің Басқарушы директоры Дерек Магнесспен кездесу барысында Бектенов қазақстандық өндірушілерден тауарларды сатып алу үлесін арттыруға шақырды.

Бұдан бұрын елдегі саясаттанушылар үкімет басына Олжас Бектенов келеді деп болжамаған, бірақ мемлекет президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл кандиатураға тоқтағанын жақсы түсінеді. Себебі президент жаңа үкімет ел экономикасын көтеру үшін бар күшін салады деп сенеді. Ал мемлекеттің алдыға қойған талабы өте жоғары. 2029 жылға қарай Қазақстанның экономикалық өсімді 450 млрд долларға жету керек.

Сол себептен алдағы уақытта саясаттанушылардың пікірінше, Олжас Бектеновтің кабинеті экономиканы либерализациялау мен сыбайлас жемқорлықпен күрес жұмысын жүзеге асыратын болады.

Пердехан Шәмшиев, саясаттанушы:
« 5 ақпанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметті отставкаға жіберді. Халық мұндай шешімді күтпесе де, сарапшылар арасында осындай болжам айтылып жүрген. Себебі бұрынғы премьер-министр Әлихан Смаилов Президенттің сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыруға қауқары жетпеді. Ия, өткен жылғы ЖІӨ 5% болды. Бірақ 2029 жылға қарай экономикалық өсімді 450 млрд долларға жеткізу үшін бұл жеткіліксіз.
Қоғамда, сарапшылар арасында бұл мақсатты кім жүзеге асыра алады? Жаңа Премьер кім болады? Сияқты сұрақтар жиі қойылды. Бірақ Олжас Бектенов сияқты күштік құрылымнан келеді деп ешкім ойлаған жоқ. Өткен жылы Ішкі істер министрлігін басқарған Марат Ахметжановты Ақмола облысының әкімі етіп тағайындағанда көбіміз таң қалып едік. Себебі күштік құрылымда жұмыс істеген адам шаруашылыққа бейім ба деген сұрақ көкейімізде жүрді. Олжас Бектеновтың тағайындалуы бұл Қасіретті Қаңтар оқиғасынан кейінгі екінші кейс болып отыр. Бұл шешім қандай нәтиже берерін уақыт көрсетеді. Бірақ Жаңа Үкімет қай бағытта жұмыс істейтіні туралы кейбір болжамдар жасауға болады.

Меніңше, Олжас Бектеновтың үкіметі экономиканы либерализациялау мен сыбайлас жемқорлықпен күресті жүзеге асырады. Еліміздің экономикасына осындай шаралар қажет. Себебі монополия мен жемқорлық экономикалық өсімді 450 млрд долларға жеткізуге ең басты кедергілер. Осы бағытта Үкімет монополияға қарсы, қаржы мониторингі, жемқорлыққа қарсы агенттіктер мен Ұлттық банкпен жүйелі жұмыс істеуі керек. Үкіметтің өз ішінде қаржы-экономикалық блок мәселелеріне ерекше назар аударылатын сияқты.
Монополиямен және жемқорлықпен күресте тек институционалды шаралар аздық етеді. Меніңше, орталық және жергілікті атқарушы органдарда құндылықтар жүйесін өзгерту қажет. Жемқорлыққа бейім тұлғалар өзінің ісін заң бұзушылық деп емес «бала-шағамның несібері», «Қызмет - басыма қонған бақ. Сондықтан бақ құсы ұшып кетпей жатып асалам жеп алу керек», - деп ойлайды. Құндылықтар жүйесін өзгерту бағытында да жұмыс істеу қажет»,- дейді саясаттанушы.

Мамандардың айтуынша, жемқорыққа қатысты құндылықтар жүйесін өзгерту арқылы ел экономикасына да әсер етуге болады. Әзірге мамандар бұл дерттен келер кесірді былай сипаттайды.

Қуанышбек Дүйсенов, экономист: 
«Жемқорлық кез-келген мемлекеттің экономикалық мәселелерінің туындатушы факторларының бірі. Ал, Қазақстан экономикасына жемқорлықтың қандай зиян тигізіп отырғанына келсек, келесі себептерді айтсақ болады.

Біріншіден, нарықтық жағдайды нашарлатады. Яғни, жемқорлықтың нарықтық бәсекені жоюға әсері жоғары. Себебі, әділ бәсекелесіп жатқан кәсіпорындардан артықшылықтарға ие болу үшін кейбір арам ниетті кәсіпкерлер пара беруге үйреніп қалуы мүмкін. Нәтижесінде ол нарықтан әділ бәсекелесіп жүрген кәсіпорындар ығысып, ал жаңа кәсіпорындар ашылуы деңгейі күрт төмен артады. Бұл біз еліміздегі әр түрлі салалардағы, әр түрлі аймақтағы кәсіпкерлікке, шынайы нарықтың бәсекені болмауына апаруда. Шынайы бәсекенің болмауы әлбетте ол саланың дамуы болмауына апарады. Бұның салдарынан көптеген отандық кәсіпорындар шағыннан ортаға, ортадан ірі кәсіпкерлікке өте алмауда. Себебі әр деңгейден асқан сайын ірі сомалы жемқорлық болатын жағдайларды БАҚ өкілдерінен әрқашан естіп жатамыз. Әлде, еліміздегі мемлекеттік сатып алуға қатысатын компаниялардың пара беру арқылы басқа кәсіпкерлердің дамуына кедергі жасайтын жағдайларды да жоқ дей алмаймыз.

Екіншіден, бюджет үшін зор шығын. Жемқорлық есебінен болатын заңсыз мәмілелер болуы мен салықтың төленбей қалуы ақшаның бюджетке түсімін азайтады. Ол әсіресе аймақтық деңгейдегі жемқорлыққа келгенде қатты білінеді. Себебі орталық республикалық бюджеттен жымқырылған ақша мемлекеттік бюджетке ауыртпалық түсіре береді. Жалпы, елімізде бюджетке донор болатын Алматы, Атырау және Маңғыстау обылыстары ғана, қалған обылыстарда ресурс, кәсіпорындар не басқасы жоқ емес, бірақ жергілікті ел үшін қалыпты болып кеткен төмен деңгейден жоғары деңгейге дейінгі жемқорлықтың болуы бюджеттің жетіспеуі мен бюджетті толықтыратын салықтың жетпеуіне апарып соғады. Өкінішке орай, бұның салдарынан білім беру, денсаулық сақтау және инфрақұрылым секілді мемлекет және халық үшін маңызды бағыттарда ақша жетіспейтін жағдай жиі болады. Ол болса ел азаматтарының өмір сапасына кері әсер ететіні айдан анық.

Үшіншіден, Үкіметтің құқықтық институттарына сенімнің төмендеуі. Жаппай қалыптасқан жемқорлық кесірінен мемлекеттің дамуына оң әсер етеді деген реформалардың іске асырылуы күрделенеді. Себебі, әр реформа өзгеріс артынан бір жемқорлық, ақша жымқыру тіпті болмаса да, халық ішінде сондай ой-пікір туындап, реформалардың соңына дейін іске аспуына үлкен кедергілер жасайды. Бұл осы уақытқа дейінгі көптеген “бизнес карталар”, “бизнес бастаулар” мен өзге кәсіпкерлікке көмек ұранымен болып жатқан елдегі реформаларды халықтың суық қабылдауынан-ақ көруге болады.

Төртіншіден, жеке сектордағы бизнес пен инновациялардың туындауына кедергі келтіру. Жемқорлық есебінен көптеген кәсіпкерлер өздерінің шығын пунктісіне тұрақты шығындар қатарына параны да қосып қоятын жайттар да бар. Бұның кесірінен кәсіпкерлердің түпкі тауары немесе қызметі де қымбаттайды. Себебі, шығындарды жабу керек. Ал, жоғары бағалы өнімдер бәсекеге көп шыдай бермейді. Нәтижесінде бәсекелестікке шыдай алмайтын кәсіпорындар бір жыл жұмыс істеп бітпестен жабылып қалатын жайттар да бар. Одан тыс жемқорлық бір нарықтағы инновациялар еңгізту немесе қызмет сапасына кедергі келтіру мүмкін. Себебі, пара беретін кәсіпорындар пара арқылы нарықта қалып, көп табысқа кенеліп жатса оларда инновация еңгізу, қызмет сапасын арттыруға ешқандай қызығушылық болмайды.

Бесіншіден, жемқорлықтың ең бір елеулі зияны әлеуметтік әділеттілікке сенімнің жоғалуына әкелді. Себебі, биліктегі жемқор, лоббист саясаткерлерге қол жетімділігі бар кәсіп иелері ғана үлкен табыс табуға мүмкіндік алады. Ал, ондайлар көп бола бермейді. Сәйкесінше екінші тараптағы кәсіп иелері әрқашан әлеуметтік және экономикалық әділеттіліктің жоғын сезініп, әлеуметтік қақтығыстардың, елдегі қалыптасқан жағдайды құптамаудың туындауына әкеліп жатыр», - дейді экономист.