20 мая 2022 г. 17:48

Жігер Рашид, альпинист-құтқарушы: 4-қабаттан 4 жасар баланы құтқарып қалдым

Фото:

Бізді тосын жағдайдан аман алып қалатын құтқарушыларды беспаспап деуге болады. Олардың қатарында альпинистер де бар. Соның бірі – Павлодар қаласындағы Жедел құтқару жасағының қызметкері Жігер Рашид. Ол бұл өнерді әскери борышын өтеп жүргенде меңгерген екен. Nege.kz тілшісі құтқарушы маманмен әңгімелесіп, саланың қыр-сырымен танысқан еді. 

  – Жігер, Жедел құтқару жасағында қашаннан бері қызмет етесіз?

  – 1992 жылы Павлодар облысы, Май ауданына қарасты Майтүбек ауылында дүниеге келдім. Мектеп бітірген соң, азаматтық борышымды 2011 жылы Алматы облысы, Жамбыл ауданы Ұзынағаш қаласындағы Төтенше жағдай министрлігінің №28257 әскери бөлімшесінде құтқарушы ретінде өтедім. Бір жылда тауға шығуды үйреніп, альпинизмді меңгердім. 2013 жылы Павлодар қаласындағы жедел құтқару жасағының №4 бөлімшесіне жұмысқа орналастым. Осы саланың қыр-сырын меңгеріп жүргеніме 9 жыл болыпты. Әуелгіде құтқарушы болдым, қазір бас құтқарушы қызметін атқарамын. Шын мәнінде, бұл мамандықты әскерге барған кезде-ақ таңдап, кейін жалғастыруға бел будым.

 – Сонда кез келген оқиғаға барасыз ба, әлде биіктікке шығып, өрмелеу керек болғанда ғана ма? Альпинистік қабілетіңіз көбінесе қай кезде көмекке келеді?

– Жоқ, кез келген оқиға туралы хабарлама түссе, бара беремін. Мұнда мен тек альпинистік көмек қана емес, жалпы құтқарушының жұмысын атқара беремін. Ал бірақ көбінесе альпинистік жағына жауап беремін. Әсіресе, суицид оқиғалары болғанда біз барамыз. Тіпті, көлік суға батып кеткен кезде арнайы құрал-жабдықпен тартып, шығарып аламыз.

 – Осыдан біраз жыл бұрын 4 жасар баланы құтқарып қалған оқиға ақпарат құралдарында жарияланды. Қателеспесем, сол баланы құтқарған сіз емес пе? 

 – Иә, бұл оқиғаның мән-жайы ақпарат құралдарында жарияланды. Бұл 2015 жылы шілде айында болды. Ата-анасы баласын үйге жалғыз қалдырып кетеді. Жалғыз қалған баланың ойына небір нәрсе келеді ғой. Бір жағынан қорықты ма екен, кім білсін?! Сөйтіп, 4 жасар бала терезесі жоқ ашық балконға шығып, құлауға шақ қалған. Екінші емес, үшінші емес, төртінші қабат! Оны өтіп бара жатқан адамдар көріп, «112» нөміріне қоңырау шалыпты. Сол кезде бесінші қабаттан терезеден арнайы қауіпсіздік құралымен, яғни арнайы жіппен өрмелеп баланы өзіме іліп алдым да, үшінші қабатқа түсірдім. Одан кейін баланы полиция қызметкерлеріне тапсырдық. Кейін осы еңбегім үшін ата-анасы, министрлік, департамент бастығы алғысын білдірді. Тура сол күні Ақсу қаласында құтқарушылар екінші қабаттың балконынан екі бүлдіршінді құтқарып алды. Олар да үйде жалғыз болған.   

  Сіз куә болған әлгіндей оқиғалардың көбі балалармен байланысты ма?

  – Соңғы кезде көпқабатты тұрғын үйден құлап кету жағдайы жиі тіркеліп кетті. Бұл тек Павлодар өңірінде ғана емес, барлық жерде сондай. Неге десеңіз, көбінесе ата-ана балаларды  қараусыз қалдырып, жұмысқа кетеді. Күні бойы жалғыз қалған бала немен айналысарын білмейді. Өзім де әкемін. Бір қызым бар. Кейде баланы құтқара алмай қалатын жағдайға куә болсам, жүрегім қатты ауырады. Көз алдыңа өз балаң келетін сияқты. Сондықтан ата-аналар балаларды еш уақытта жалғыз қалдырмаса екен. Қанша дегенмен, бала балалығын істейді. Олар үшін бәрі жаңа болып көрінеді. «Құлап кетемін-ау...» деген ой да, қорқыныш сезімі де бола бермейді. Себебі, бала оң мен солды айыра білмейді, ненің жақсы және жаман екенін ұғына бермейді. «Бала – болашағымыз» десек, олардың өмірі мен қауіпсіздігіне өзіміз жауаптымыз. Таяуда ғана елордада 3 жасар бүлдіршінді аман алып қалу оқиғасы қоғамда үлкен резонанс тудырды. Абырой болғанда, бала да, құтқарған азамат та аман қалды. Бұл оқиға бәріне сабақ болу керек. Бала қауіпсіздігін ойласақ, көпқабатты тұрғын үйдің жоғары қабатында тұратын балалы отбасы бірінші кезекте балкон терезесіне арнайы тор жасау қажет.

 –  Альпинист болу үшін адамға қандай қасиет қажет?

 –  Ең алдымен, денсаулығында мін болмау керек. Ал ең бастысы, бұл істі сүюі қажет. Сосын спорт түрінен шебер болса құба-құп. Яғни, шымыр, ширақ болса, биікке жеп-жеңіл көтеріледі. Біз үнемі жаттығу шарасына қатысып тұрамыз. Дәл қазір Алматы облысы Қапшағай қаласына полигонға оқу-жаттығуға шығып барамыз. Екі аптадай сонда боламыз. Бұл біздің альпинизмге қатысты дағдыларды ұмытып қалмауға септігін тигізеді. Мұндай оқу-жаттығу шарасы республикалық көлемде жылына екі-үш мәрте өтіп тұрады. Осы жұмыста істеп жүрген тоғыз жыл ішінде жылына бір рет Қапшағай қаласына барып, тауға шығуды әдетке айналдырдым.

 – Осы кезге дейін биіктіктен қорқу, яғни, акрофобия болған жоқ па?

 – Негізі биіктіктен қорықпаймын. Жалпы, биіктіктен қорқу – біздің санамыздың табиғи қорғаныс механизмі іспеттес. Бұл қорқыныш адамның денсаулығы мен өміріне зиян келтіретін жағдайдан аулақ жүруге көмектеседі. Алайда, биіктіктен қорқу фобияға айналғанда, бұл тек психикаға ғана емес, сонымен бірге физикалық қауіп-қатерге де әсер етеді. Биіктіктен қорқудан құтылу үшін психикалық тренингтің артығы болмайды. Биіктен сырғанау, парашютпен секіру сияқты жаттығудың да қорқыныштан арылтуға септігі бар.

Өз басым барлық фобияны әскерде жүргенде жеңген сияқтымын. Ол кезде жас болдық қой. Бірақ кез келген адамда қорқыныш сезімі болуы керек. Себебі, қорқыныш болмаса адам сақтанбайды. Мәселен, 9-10 қабатқа да еш қиналмай, қорықпай шыға беремін. Арнайы техника қауіпсіздігі тексеруінен өткен құрал-жабдықтарымыз бар. Біз өрмелейтін жіп те мықты. Біреуімен түсңп отырсақ, жанымызда тағы да қосалқы жіп болады. Бұл – қауіпсіздік жібі. Сондай-ақ, жұмыс барысында біздің қауіпсіздікті қамтамасыз ететін әріптесіміз болады.

– Қазір көпқабатты ғимараттың көбі әйнектен тұрады. Оны жуу үшін альпинистердің көмегіне жүгініп жатады. Алайда, сондай кезде құлап кету оқиғалары да кездеседі...

 – Өмірде түрлі жағдай болады ғой. Техника қауіпсіздігі сақталмаған шығар. Бәлкім, жіптері ескірген болуы мүмкін. Сосын қатты жел тұрса, 5 метрден жоғары шығуға болмайды. Ондай кезде жіппен жұмыс істеуге тыйым салынған. Адамды құтқару керек болса, арнайы гидравликалық құралдармен есік ашамыз. Сондықтан кез келген уақытта қауіпсіздікті ұмытпау керек. Сақтық шарасын үнемі естен шығармау қажет. 

Тегтер: