Жерден шыққан «алтынның» темір құрлы құны жоқ
Жуырда «Қазақстанда киім қымбаттауы мүмкін» деген ақпарат тарады. Қымбаттаудың негізгі себебін түсіндірген мамандар «елде жеткілікті мөлшерде мақта жоқ» депті. Бірер айда жиын-терім басталатын мақта шаруашылығының, оңтүстіктегі шаруалардың халі нешік? Жерден шыққан ақ «алтын» соңғы жылдары аз өсіріле бастады, өйткені сұраныс жоқтың қасы. Таза пайдасын есептеген шаруалар «мақта тіпті, темір құнынан да арзан» дейді.Жуырда Nege.kz тілшісі Мақтарал ауданына арнайы барып қайтты.
Қазақстанның оңтүстігіндегі Түркістан облысының ерекшелігі – бос жатқан жер жоқтың қасы. Жергілікті тұрғындар көктем келісімен жерге дән егіп, тал отырғызып ризық үшін тер төгеді. Әсіресе, оңтүстіктің оңтүстігіндегі Мақтарал жұртшылығы. Аудан атауынан-ақ отырықшы халықтың мақта өнімімен айналысатынын аңғаруға болады. Өзі мамықтай жұмсақ, сүттей аппақ болған мақтаның бейнеті шаш етектен екен.
«Біреу білер, біреу білмес мақтаның пайдасын ондаған гектар жерге ексең ғана көресің. Былайша, үш маусым салған ақшаңды күзде қайтып аласың деуге болады», – деп Шалабай атты шаруа әңгімесін бастады.
«Соңғы жылдары мақта бағасы тым төмендеп кетті. Азық-түлік, киім-кешек қымбаттап, жалпы өмір сүру қиынға айналған заманда біз мақтаның бір келісін 100-150 теңгеге өткіземіз. Оның қаншалықты салмақсыз екенін «мақтадай жеңіл» деп жер-жерде айтылатын теңеуден білеміз. Оны әрең тоннаға жеткізіп өткізу пункттеріне алып барсақ әр тоннасы үшін 100-150 келі арасындағы шаң-тозаңның есебі деп және кемітеді», – дейді шаруа.
Шалабайдың айтуына қарағанда, мақта өсіру жұмысы «ектім-шықтың» дегенге келмейді. Бала секілді қарап, қонақ секілді бабын табу керек екен.
Қысқа дейін жерді қопарып бір суарып, ерте көктемде тағы қопарып, ірі топырақты трактормен майдалатып барып жерге шиіт (дән – ред.) себіледі. Дән тамыр жайып, жер бетіне шыққанша жауын жауып кетсе өскінді тамырымен жұлып алмай еппен жер бетін қопсытады. Сосын, жер құнары шөпке кетпеу үшін мақтадан басқа өсімдік қалдырмай бірнеше мәрте тазалық болады. Оны жергілікті шаруалар «шабық» деп атайды екен. Мақта қозапаясы (шыбығы) тізеге жеткенде әр қатарға арық қазып суару керек. Осы аралықта бой өсіретін, түрлі зиянкестен қорғайтын бірнеше дәрі себіледі. Су ішкен мақтаның бойы бірден өсіп, оны тоқтату үшін шыбықтың басын біртіндеп жұлып шығады. Міне, осындай машақаты көп еңбекке үйренге шаруалар жиын-терім науқанына ерте күзде кірісе бастайды.
«Шынын айту керек, соңғы 4-5 жылда ауданда техника саны артып, біраз жүгімізді жеңілдетті. Бұрындары комбайндар болмай, мақтаны біртіндеп қолмен жинап жүрдік. Әр келісі үшін терген кісіге ақы төленетін. Күз келісімен мектеп оқушылары, студенттер сабақтан босай қалса қырманға ағылатын. Тіпті, кей отбасылар тергізетін адам таба алмай ақ алтын жерде шашылып қалатын. Қазір, комбайндар көбейді жұртшылық кезекке тұрып, көлік иесіне әр гектары үшін ақы төлеп, жағармайын құйып беріп мақтаны жинап аламыз», – дейді шаруа Шалабай.
Биыл елімізде 109,7 мың гектарға мақта егілген. Орта есеппен бір гектар жерден 20-30 центнерден мақта өсіп шықса, бір жылдық мақта дақылынан Қазақстанды ғана емес көршілес мемлекеттерді де киіммен қамтамасыз етуге жететін ақ алтын жиналады. Бұл жердегі басты мәселе мақтаны қара халықтан арзан бағада жинайтын кәсіпкерлер қымбат бағаға шет мемлекеттерге экспорттап жібереді. Осыдан бірнеше жыл бұрын Ауыл шаруашылығы министрлігінің мамандары қазақстандық мақта талшығының сорты 10 елге, атап айтқанда Ресей, Беларусь, Германия, Латвия, Молдова, ҚХР, Бельгия, Иран, Украина, Италия және Оңтүстік Корея елдеріне экспортталады деген-ді.
Осыдан кейін киім қалай қымбаттамасын. Шикізатты экспорттап, ондаған есе қымбат бағаға дайын өнім алып отырмыз. Бұл оймен жеңіл өнеркәсіп Ассоциациясының президенті Любовь Худова да келісіп отыр.
«Жалпы, біздің елде өсірілетін мақта көлемі ішкі нарықты қамти алады. Бірақ оның барлығы дерлік экспортталатындықтан, өзімізге мақта жетпейді», – дейді қауымдастық президенті.
Бір қызығы, қазақстандық тігін кәсіпорындарына кем дегенде 15-20 мың тонна мақта керек екен. Осылайша олар шикізатты сырттан сатып алуға мәжбүр. Әлемдік нарықтағы мақта бағасы болса орта есеппен 30 пайызға өскен.
«9 ай бойы еңбектеніп, тағы бірнеше ай теріп өткізген мақта пайдасы шығынды жабуға әрең жетеді. Мақта бағасы арзандаған сайын шаруалардың дені оны еккісі келмейді. Осылайша бірте-бірте мақта алқаптары азайып, оның орнын жеміс алқаптары басып жатыр», – деген шаруалар назы да күн тәртібінде тұратын мәселе ақ. Әйтпесе Қазақстан мақта өндірісін тоқтатып, оны мүлдем ұмытса елде одан әрі қымбатшылық жайлауы ғажап емес.
Осыдан бірнеше жыл бұрын Қазақстанда мақта өндірушілерді қолдайтын жаңа бағдарлама жасақталып жатқаны БАҚ-та жазылды.
«Мақта саласын дамыту туралы» ҚР Заңына өзгерістер енгізілді. Мәселен өткен 2022 жылы қойма қызметі бойынша қызметтер көрсету жөніндегі мақта өңдеу ұйымдарының қызметін лицензиялау алып тасталды.
Бұл жайлы VI сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Сәкен Қаныбеков: «Осыған байланысты, саладағы проблемаларды заңнамалық тұрғыдан шешу мақсатында Парламент депутаттары осы заң жобасын әзірледі. Онда бір мезгілде қолданыстағы заңнаманың нормаларына тиісті өзгерістер енгізе отырып, салалық заңның күшін жою арқылы мақта қолхаттары жүйесін қайта реттеу ұсынылады. Сонымен қатар, мақта қолхаттарын шығара отырып, қойма қызметі бойынша қызметтер көрсету жөніндегі мақта өңдеу ұйымдарының қызметін лицензиялау алып тасталады» – деген еді.
Халық қалаулысы аталған өзгерістерді ұсыну аясында Қытай, Пәкістан, Үндістан, Түркия сынды елдердің тәжірибелері зерделенгенін мәлім етті.
Қазақстан мақта шаруашылығын дамыту барысында осы бағытта жетекші елдердің тәжірибесін кеңінен қолданса едәуір пайдаға кенелетіні мәлім. Өйткені әлем елдерінде табиғи өнімге, мақта жібінен тігілген, тоқылған киімдерге сұраныс жоғары. Жоғарыда айтылған мемлекеттердің тек мақта өсіру технологиясын ғана емес, оны өңдеп өндіріс орнын ашу тәжірибесін де игергені жөн. Сондай-ақ, шаруаларға тиімді шарттар жасалса оңтүстік жұрты еңбектен қашқалы тұрған жоқ.