Жамбыл облысы бойынша 169 жайсыз отбасы есепке алынды
Елімізде отбасылық зорлық-зомбылық дерегі азаймай тұр. Бұған әлеуметтік тұрмыстың нашарлығы, отағасының спирттік ішімдікке әуестігі басты себеп. Бүгінде мұндай отбасыны есепке алып, арнайы жұмыс істейтін топтар бар.
NEGE тілшісіне Жамбыл облысының полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшесінің аға инспекторы, полиция подполковнигі Диляфруз Кенжеханова өңірдегі жағдайды баяндап берді.
Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшесінің аға-инспекторы Диляфруз Абазқызының айтуынша, Жамбыл облысындағы 13 аудан бойынша 169 қолайсыз отбасы есепке қойылды. «Біз әкімшілікпен бірлесе отырып, жергілікті аналар үйі, дағдарыс орталығы, үкіметтік емес ұйымдары және еріктілермен бірге дөңгелек үстел, семинар-тренинг шараларын өткізіп, түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Тіпті, жайсыз отбасының үйіне барып, әйелі мен балаларын психологқа апарамыз. Себебі, бала психологиялық соққы алса, тұйық болып қалуы мүмкін. Оның анасы да іштен тынып, қандай шешім қабылдау керектігін білмей дал болады. Осындай кезде сөзсіз психологтың көмегі ауадай қажет», – дейді Д.Абазқызы.
Сонымен, есепке алынған жайсыз отбасымен жұмыс қалай жүргізіледі? Отағасының жөнге келіп, дұрысталып кетуіне қандай көмек керек? Бұл тұрғыда Диляфруз Кенжеханова үздіксіз жұмыс атқарылып жатқанын тілге тиек етті. «Жамбыл облыстық Полиция басқармасы әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының, ювиналды полиция тобының аға инспекторлары, учаскелік полиция қызметкерлері, дағдарыс орталығының мамандары мен аналар үйінің психологтары, сонымен бірге үкіметтік емес ұйым өкілдері жұмылдырылады. Кейбір отбасында әйелдер мүлдем жұмыс істемеген. Тіпті, балаларының құжаты толық емес. Мұндай жағдайда анаға қолайлы жұмыс тауып береміз. Ал кәмелетке толмаған балаларының құжатын реттеп, балабақшаға немесе мектепке орналастырамыз.
Мәселен, ішімдік ішіп, отбасының мазасын алса, дереу 102-ге хабарласса, жұмыс тобы түгел барып, тыңғылықты жұмыс жүргіземіз», – деп түсіндірді Жамбыл облысының полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшесінің аға инспекторы, полиция подполковнигі Диляфруз Кенжеханова.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсетіп, құқықбұзушылық, қылмыстық, азаматтық, әкімшілік мен заңнама нормаларды бұзған адам жауапқа тартылады. Ол жәбірленушіге дене және психикалық, сексуалдық және материалдық зәбір көрсетсе, бұл шағым түсірушімен жеке әңгімелесу кезінде жіті анықталады. Ал әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының жұмысы ҚР Ішкі істер министрлігінің 2015 жылдың 29 желтоқсандағы бұйрығына сәйкес атқарылады. Қорғау тобы күн сайын отбасында әйелдерге қатысты жасалған қылмыстарға мониторинг жүргізеді. Жәбір көрушіден түскен арыз сотқа жеткенше учаскелік полиция отбасыны қадағалауда ұстайды.
«Неге десеңіз, арыз жазған жәбірленушіге қорғау нұсқамасы отыз күнге қойылады. Егер отыз күн ішінде күйеуі талапты бұзса, оған басқаша жаза қарастырылады.
Осы жылдың жеті айында отбасылық зорлық-зомбылық аясында Қазақстан республикасының әкімшілік-құқық кодексінің 73-бабы бойынша 2 мың 61 арыз тіркелген. Соның ішінде құқық бұзушылыққа қатысты 1207 қорғау нұсқамасы қойылды.
Ал мұны бұзған адамның үстінен тағы арыз түседі. Сол арызды учасукелік инспектор қадағалап сотқа жібереді. Соттың шешімімен оған 150 талап қойылады», – деп толықтырды пікірін Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшесінің аға инспекторы, полиция подполковнигі Диляфруз Кенжеханова.
Айта кету керек, бұған дейін арнайы мобилді топ «Отбасындағы зорлық-зомбылыққа жол жоқ!» деген ұранмен Жамбыл облысына қарасты Байзақ, Меркі ауданына барып, жергілікті халықпен кездесу ұйымдастырып, түсіндіру жұмысын жүргізді. Отбасында әйелі мен балаларына зорлық көрсету – қылмыстық жауапкершілік. Бала толыққанды отбасында тәрбие алып, рухани-адамгершілік құндылықты бойына сіңіріп өсуі қажет. Ол үшін отағасы мен отанасы өмірге келетін ұрпақтың қамын қазірден ойлауы тиіс.