27 июля 2022 г. 14:38

Жамбыл облысы: Биыл оқушылар білім бәйгесінде 187 медаль иеленді

Фото:

Жамбыл облысы білім беру саласына қаржы бөлуден аянып қалған емес. Биыл өңір білім беру жүйесін қаржыландыруға 236 млрд теңге бөлген. Салыстырмалы түрде алсақ, 2021 жылы 205,5 млрд теңге жұмсалған екен. Енді рет-ретімен тоқталсақ.

Балабақша – тәрбиенің бастауы

Бүгінде облыстағы 569 мектепке дейінгі ұйымда 57 888 бала тәрбиеленуде. Демек, мектепке дейінгі тәрбиемен 1-6 жас аралығында – 91,5 пайыз, 2-6 жас аралығында – 94 пайыз,  3-6 жас аралығында – 100 пайыз қамтылған. Соның ішінде 217 жекеменшік мектепке дейінгі ұйымда 22 211 бала тәрбиеленеді.

        Айта кету керек, облыста мектеп жасына дейінгі балаларды балабақшамен қамту үлесін арттыру мақсатында 2022-2025 жылдарға арналған Қадамдық жоспар әзірленген. Оған сәйкес, 2022 жылы 2197 орындық 24 жекеменшік ұйым ашу жоспарланған. Нәтижесінде жыл басынан бері 725 орын, оның ішінде 449 орындық 7 жекеменшік балабақша мен 276 қосымша орындар ашылды.  

Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға төленетін сома Жамбыл облысы әкімдігінің 2022 жылғы 28 маусымдағы №139 қаулысымен 2022 жылғы 1 ақпандағы №19 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізілуіне байланысты бекітілді. Яғни, бұған дейін ай сайынғы төлемақы мемлекеттік ұйымдарда 4200-8750 теңге, жекеменшік ұйымдарда 6000-10000 теңге болса, шілде айынан бастап мемлекеттік ұйымдарда 5250-11000 теңге, жекеменшік ұйымдарда 8000-14000 теңгені құрайды. Осы қаулыға сәйкес, 2021 жылы ашылған жекеменшік мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына 195 орынға мемлекеттік тапсырыс орналастырылды. Оның ішінде Жамбыл – 50 орын, Жуалы – 45 орын, Т.Рысқұлов – 50 орын, Талас – 50 орын. Мұнымен қоса 2021-2022 жылдары ашылған мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына 2715 орынға мемлекеттік тапсырыс орналастыру туралы қаулы жобасы әзірленді. Бұл бойынша Тараз қаласы – 1925, Шу ауданы – 690, Қордай – 100.

Орта білім сапасы қай деңгейде?

         2021-2022 оқу жылында облыс бойынша 480 білім беру ұйымдарында 244 299 оқушы білім алды. Оның 444-і күндізгі, 4-і кешкі, 5-і арнайы, 27-і жекеменшік мектеп. Сонымен қатар 123 шағын жинақталған мектепте 11 031 оқушы білім алуда. Бұл мектептерде оқушылардың білім сапасын арттыру мақсатында 11 тірек мектебі (ресурстық орталық) жұмыс істеп, 35 магниттік мектептер бекітіліп, барлығы 4101 оқушы қамтылды.

         Облыста «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасында айтылған қалалық және ауылдық мектептер арасындағы оқыту сапасындағы алшақтықты азайту мәселесін шешу үшін жүйелі жұмыс атқарылып жатыр. Осы жылдың 4 сәуір мен 6 мамыр аралығында облыстағы 29 білім беру ұйымы (25 мектеп, 4 колледж) Халықаралық PISA зерттеуіне қатысты.

Халықаралық PISA зерттеуі бойынша 2018 жылы  Жамбыл облысының оқушылары «Математикалық сауаттылық» бойынша республика бойынша І орынды иеленді. «Жаратылыстану ғылымдары сауаттылығы»  бойынша – 397 балл (республика 387 балл), «Оқу сауаттылығы» бойынша – 369 балл (республика – 387 балл) көрсеткіш көрсетті.

Биыл дарынды оқушылар халықаралық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жарыстарда 187 медаль иеленді. Оның ішінде 44 медальді халықаралық білім жарыстарында алды. Республикалық ғылыми жоба жарысында облыс командасы 13-ші жыл қатарынан жүлделі І орынды бермей келеді. Сондай-ақ, дарынды ер балаларға арналған «Білім-Инновация» мектеп-интернаты республикалық пән олимпиадасының нәтижесі бойынша 16-шы жыл қатарынан «Үздік олимпиада мектебі» атанды.

Тараз қаласындағы Төле би атындағы №8 гимназия оқушылары білім сапасы бойынша көш бастап тұр. Мәселен, өткен оқу жылын білім ұясы жемісті аяқтап, қалалық, облыстық және республикалық байлауларда топ жарды. Осындай ойы озық, білім көкжиегі кең оқушыларға тәлім берген ұстаз қауымының да еңбегі ерен. Ғылыми жоба байқауында информатика мен физика пәндері бойынша республикада үздік танылып, бірінші орынға қол жеткізген Дәрмен Жұмашев пен Сымбат Томанова мектептің абыройын асқақ етті. Оларға білім беріп, жобасына жетекшілік еткен информатика және физика пәнінің мұғалімдері Шынар Меркібаева және Маржан Жанәділова екенін баса айтқан жөн.

Білім сапасының көрсеткішіне айналып кеткен Ұлттық бірыңғай тестілеуге (ҰБТ) биыл 11 751 мектеп түлегінің 8 756-сы, яғни 73,6 пайызы қатысты. Облыс бойынша орташа балл 82,5-ті құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 0,2-ге жоғары. Айта кету керек, Байзақ ауданындағы Жамбыл атындағы орта мектеп түлегі Айым Қапалбаева 139 балл жинады.  

         Жоспар бойынша тестілеуде 100-ден жоғары балл алған мектеп бітіруші түлектердің үлесін 12,5 пайызға жеткізу көзделсе, бұл көрсеткіш 2022 жылғы ҰБТ қорытындысы бойынша 13,9 пайызды құрады. Сондай-ақ, шекті деңгейден өтпеген бітірушілер саны 306-ға кеміп, 509-ды (5,8 пайыз) құрады.

Ұстаз – мектеп жүрегі

  Жамбыл облысы бойынша 40 862 педагог қызмет етеді. Оның ішінде мектепке дейінгі  білім беру ұйымдарында – 6840, мектепте – 27811, колледжде – 1951, қосымша білім беру ұйымдарында – 2296, арнайы білім беру ұйымдарында 1964 ұстаз тер төгуде.  

Алайда, кей елді мекенде мұғалім тапшылығына деген сұраныс артып отыр. Мәселен, 2022-2023 оқу жылында 495 маманға, атап айтқанда, бастауыш сынып мұғалімі орыс сыныбына, ағылшын тілі, орыс тілі, математика, физика, химия, тарих, тағы басұа мамандықтар бойынша мұғалім тапшылығы туындап отыр. Ескерте кететін жайт, педагогтарды қабылдау жұмыстары конкурстық негізде 10 тамыздан кейін жүргізілетін болады.

Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасы мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшыларын ротациялауды жүргізу қағидаларын бекіту туралы министрліктің 2021 жылғы 11 қарашадағы №559 бұйрығына сәйкес, жеті және одан да көп жыл қызметте болған білім беру ұйымдарының бірінші басшыларын ауыстыру жұмыстары жүргізілді. Қазірге дейін бір елді мекен шегінде 7 жылдан аса қызмет етіп отырған 30 мектепке дейінгі ұйымның басшылары орнын ауыстырып жатыр. Мұнымен қоса, 16 балабақшаның меңгерушілері қазан айында ротацияланады деп жоспарланған.

Айта кету керек, бүгінде орта білім беру ұйымдарының саны – 444. Қазіргі таңда 32 мектеп басшысының лауазымдық орны  бос екені анық болды. Олар –  Байзақ – 2, Жамбыл – 4, Жуалы – 2, Шу – 5, Т.Рысқұлов – 1, Қордай – 8, Мойынқұм – 3, Талас – 1, Тараз – 6. Бір елді мекен шегінде 7 жылдан аса қызмет етіп отырған 32 білім беру ұйымдарының басшыларын ротациялау ережеге сәйкес, 26 шілде күні жүзеге асты.

Демек, Жамбыл облысында білімге деген көзқарас жаңаша. Бұған өңірдегі оқушылардың жетістігі айқын дәлел. Министрлікке қарасты «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен 9-11-сынып оқушылары арасында өткізілген жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың IV кезеңінің нәтижесі көңіо қуантарлық. Жаратылыстану-математикалық және қоғамдық-гуманитарлық бағытта өткен республикалық олимпиадаға облыстан 112 оқушы қатысып, білім көкжиегінің ұшқыр екенін көрсетті. Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының басшысы Бейқұт Жаманғозов білім сайысы «бір қатысушы – бір компьютер – бір камера» қағидасына сай өткізілген. Осылайша, білім жарысының қорытындысы бойынша оқушылар 38 медальды иемденді. Оның 8-і алтын, 7-еуі күміс, 23-і қола медаль. 

Тегтер: