«Баланың миын ашытпасын!» – Бас прокурор ұсынған «Заң және тәртіп» пәні мектеп оқушысына қаншалықты қажет?
Бас прокурор Берік Асылов жуырда Қазақстан мектептерінде «Заң және Тәртіп» атты міндетті пән енгізуді ұсынған болатын. Осыған байланысты әлеуметтік желіде ата-аналар әртүрлі пікір білдіруде. Тілшіміз бұл мәселеге қатысты түрлі сала мамандарына шығып, бұл ұсыныстың оң және теріс тұстарына талдау жасап көрді.
«Заңды құрметтейтін ұрпақты қалай тәрбиелеуге болады? Оған жауап – профилактикада, білім беруде және тәлімгерлікте. Өкінішке қарай, кейбір жасөспірімдер төбелес пен одан да ауыр қылмыстарға барып жүр. Көпшілігі заңды бұзып жатқанын, бұл үшін жауапкершілікке тартылатынын білмеген. Нағыз қауіп — құқықтық сауатсыздық. Сондықтан біз уәкілетті органға 7-сыныптан бастап мектептерде «Заң және Тәртіп» атты міндетті пән енгізу туралы маңызды ұсыныс жасадық. Бұл пәнді қызметтегі заңгерлер мен құқық қорғау органдарының ардагерлері жүргізеді. Өйткені олар тек білімді ғана емес, өмірлік тәжірибесін де бөлісе алады», – деп жазды Бас прокурор Берік Асылов «Х» әлеуметтік желісіндегі парақшасында.
Бас прокурордың пайымдауынша, «отбасындағы тәрбие мен заңды білу, құрметтеу арқылы ғана біз әділетті қоғам құра аламыз». Ой дұрыс, ниет дұрыс. Бірақ оның орындалу жолы қалай? Бас прокурордың түсінігі қандай? Мектептегі білім жүйесін, оқушылардың жүктемесін, жасөспірімдердің заңды қабылауын қаншалықты зерттеді? Зерттеген күнде де педагогтармен санасты ма? Әлде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың IV отырысындаға тапсырмасын қағаз жүзінде болса да орындау қажет пе?
Тұрсын Таңатов, Алматы қаласындағы №177 мектеп-гимназиясының директоры:
Балаға салмақ салмайтын болса...
– Әрине, бұл балалалар арасында құқық бұзушылықты болдырмау мақсатында қолға алынбақ жоба ғой. Себебі қазір ата-аналардың басым бөлігі жұмысбасты болғандықтан, балаға көңіл бөлуге уақыт таппай жатады. Мұны өздері де айтады. Жалпы «Құқықтану» пәні мектеп қабырғасында 9-сыныптан бастап аптасына бір рет оқытылса, 10-11 сыныптарда тереңдетіліп жүреді.
Ал жаңадан енуі мүмкін пәнінің балаға құқықтық білім мен тәрбие беру мақсатында формасы жеңіл келсе, қуана қолдаймыз. Білімнің артығы жоқ қой, оның үстіне ақпараттық-технологияның салдарынан қазіргі балалар ерте есейіп жатыр. Өскелең ұрпаққа дұрыс бағытты сілтеп отырғанымыз жөн. Бірақ балаға салмақ салмайтын да жағын ойластыру қажет. Себебі оқушылар қосымша сабақтар мен үйірмелерге қатысатын болғандықтан, мектептен жай шығып жататын кездері болады.
Дегенмен, біз ұстаздар қатары шәкірттеріміз қия баспасын деген ниетте арасында өзіміз ашық сабақтар өткізумен қатар, ер бала мен қыздар арасында түрлі тақырыпта жиналыстар ұйымдастырып, заң мен тәрбиеге қатысты мәселелерді ортаға салып отырамыз. Жалпы мектеп қабырғасына түрлі жаңашылдық еніп-ақ жатыр, оның нәтиже беретіні де, бермейтіні де бар. Сондықтан ұрпақ тәрбиесіне жалғыз мектеп қана емес, жалпы қоғам болып ат салысатын кешенді идеологиялық жұмыстар жүргізілсе игі болар еді.
Марат Асқарбеков, заңгер:
Қажеті жоқ
– Жетінші сынып оқушыларының санасы психологиялық және идеологиялық тұрғыда толысып үлгермейтін болғандықтан, мұндай пән енгізудің қажеті жоқ деп ойлаймын. Өйткені заң деген жерде түрлі терминдер болады, ол баланың миын ашытады. Сондықтан 9-сыныптан бастап оқтытылатын «Құқықтану» пәнінің өзі жеткілікті. Тек осы сабаққа арналған оқулықты заң мен тәртіпті педагогтармен екшелей отырып, толықтырып, оқушыларға ұғынықты тілде жеткізсе болғаны. Онсыз да реформаның жетегінде жүріп, әлемде біздің елде ғана бар процессуалдық кодекстің быт-шытын шығарды. Өзгеріс қажет болса, осыны жөнге келтіргендері абзал.
Мысалы, мектеп бағдарламасында «Тәрбие сағаты» деген сабақ бар. Одан өзге қыздар жиналысы мен ұлдар жиналысы арқылы да жөнге салып жатады. Оқушыны тәртіп тезіне салатын осындай сабақтарды жандандырған жөн. Кәсіби тергеуші ретінде айтарым, баланың миын ошақ қылып, заңды жаттата беру оның тәртібіне әсер етпейді. Тек ұғындыру, түсіндіру жұмыстары жақсы жемісін береді.
Ұлттық әдет-ғұрып пен салт-дәстүрдің маңызын дәріптеп, шәкірттерді отансүйгіштік пен ұлтжандылыққа тәрбиелейтін пән енгізу керек. «Тәрбиелі – тәртіптің құлы» деген. Ежелден қазақ халқының салт-санасында «үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» деген түсінік қалыптасқаны белгілі. «Әр қазақ менің – жалғызым» деген сөздің астарында жетім мен жесірді, әлсізді, кембағалды жылатпайтын қамқорлық жатыр. Оқушыларға осы бір ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру жұмыстарын жүргізген әлдеқайда тиімді. Өйткені заңмен бала түгіл үлкенді түзей алмайсың.
Гүлнұр Нукаева, «Құқықтану» пәнінің мұғалімі:
– Мектеп қабырғасына арналған «Құқықтану» пәнінің оқулығы өте күрделі жазылған. Оған жоғары оқу орындарында берілетін білім бағдарламасы енгендіктен, бірден заңның күрделі жағы мен баптарға басымдылық беріледі.
Бұл мектеп қабырғасындағы оқушы санасына салмақ түсіретін болғандықтан, оны қабылдау жағы қиындық тудырып жатады. Тіпті арасында біздің өзіміз де түсіндіру жағынан абдырап жататынымызды жасырмаймын.
Сондықтан аталған пән 7-сынып бағдарламасына енгізілсе, оқулығы баланың жас ерекшелігіне сай жазылып, сауаттылығы жағынан сапалы болуын ескерген жөн. Мысалы, оқушының жеке құқықтары, мектеп ережесі, ата-ананы құрметтеу, көпшілік ортада өзін ұстау деген сияқты баланың ой-санасына салмақ салмай, оңай қабылдайтын дәрежедегі дүниелер айтылса, онда құба-құп.
Гүлшат Асхатқызы, ата-ана:
Әр оқушы құқығын білетін болады
– Мен бұл бастаманы қолдаймын. Себебі әр оқушы құқығын білетін болады. Неге десеңіз, қазір бала жастан буллинг пен әлімжеттікке ұшырап, соңында өзіне қол салып жататын жағдайлар аз емес. Осындай тығырыққа тірелгенде бала кімге және қалай жүгінуге болатынын білетін болады. Яғни, өзіне дөрекі қатынасқа жол бермейді. Одан кейін заңды білетін жеткіншек қылмысқа бармайды деп санаймын.
Қайрат Оспан, ата-ана:
Біз баланың болашағын ұрлап жатырмыз
– Менің балаларым қосымша факультатив сабақтарға да қатысатын болғандықтан, күнделікті мектептен арып-аршып шаршап келеді. Егер пәндер саны көбейе түссе, жағдайдың қиындай түсері анық. Оқулықтың көптігінен де сөмкелері зіл-батпан, баланы қойып, өзің әрең көтересің. Сабақтан тыс уақытта білсін, үйренсін деп түрлі үйірмелерге тағы жібереміз. Оның өзінде шаршап-шалдыққаннан әрең барады.
Біз баланың балалығын ұрлап жатырмыз. Кезінде әліппе оқып, көбейту кестесін кезең-кезеңімен жаттаған балалардан талай ғылым докторы шықты ғой. Саналы ұрпақ тәрбиелейміз десек, саны көп емес, сапалы сабақ беруге ұмтылайық.
Редакциядан: Біз сауал қойған спикерлердің дені дерлік Бас прокурор Берік Асыловтың ұсынысымен келіспейді. Басты уәж – «баланың миын ашытпасын, алдымен ересектерді тезге салып алсын». Сіз қалай ойлайсыз, құрметті оқырман, мектептегі балаңыз «Заң және тәртіп» пәнін оқығанын қалайсыз ба?