Тоқаев жаңа Үкімет жөнінде: «Медиадағы контент үшін ауыс-түйіс жасаудың қажеті жоқ»
Құрылтай сайлауынан соң Үкімет жұмысын тоқтатып, министрлер кабинеті қайта жасақталуға тиіс. Бұл ретте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев дәл қазіргі уақытта Үкімет жұмысына алаңдауға немесе оған сын айтуға қандай да бір негіз жоқ екенін айтты.
Астана, NEGE. Мемлекет басшысының пікірінше, қазіргі Үкімет мүшелері «қолдан келгенше міндеттерін атқарып жатыр».2029
«Әлбетте, Үкімет отставкаға кетеді. Үкімет құрамында бірқатар өзгеріс болады. Ашығын айтқанда, дәл бүгін Үкімет жұмысына алаңдауға немесе оған сын айтуға қандай да бір негіз жоқ. Министрлер де, Үкімет жетекшісі де қолдан келгенше міндеттерін атқарып жатыр. Бірақ кадрлық өзгерістер әрдайым болады. Өйткені бұл Үкіметтің жұмысына қан жүгіртеді», – дейді Президент.
Сондай-ақ Тоқаев жай сылтаумен біреуді жұмыстан шығаруға қарсы екенін атап өтті.
«Қазіргі тілмен айтқанда, медиадағы контент немесе мазмұн үшін ауыс-түйіс жасаудың қажеті жоқ. Кадрлық шешім шын мәнінде жұмысқа тың серпін беруі керек. Бәріміз айтып жүрген жаңғыру үдерісі үздіксіз жүргізілуге тиіс. Өйткені бұл күрделі процесті алға жетелеп отыру қажет. Бұл істе Үкімет маңызды рөл атқарады», – деп түйіндеді сөзін Қасым-Жомарт Тоқаев.
Еске салсақ, Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Тәуелсіздік сарайында орналасқан №520 сайлау учаскесінде Құрылтай депутаттарын сайлауда дауыс берді. Дауыс бергеннен кейін Мемлекет басшысы БАҚ өкілдерінің бірқатар сұрағына жауап берді. Соның ішінде 2029 жылы Президент сайлауына түсу жөніндегі жоспары бар-жоғын айтты. Сондай-ақ Президент алдағы 10 күн ішінде вице-президент лауазымына кім тағайындалатыны мәлім болатынын айтып өтті.