Тоқаев: 10 күн ішінде вице-президент кім болатыны айтылады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев вице-президент лауазымына кім тағайындалатыны алдағы он күн ішінде мәлім болатынын айтты. Президенттің айтуынша, ол қазақстандықтар жақсы білетін белгілі жан болмақ.
Астана, NEGE. Мемлекет басшысы сайлауда дауыс бергеннен кейін БАҚ өкілдерінің вице-президент лауазымы жөніндегі сұрағына жауап берді.
«Жұрттың бәрі вице-президент лауазымы туралы сұрап жатыр. Расында, бұл – айтулы өзгеріс. Біз Конституциямызға жаңа лауазымды әдейі енгіздік. Бұл лауазым аса қажет деп айтсақ, қателеспейміз. Себебі қазіргі бұлыңғыр заманда мұндай лауазым елімізге өте қажет. Келесі аптада немесе он күн ішінде вице-президенттің кім екені мәлім болады. Мен оны қазір анық айта алмаймын. Ол белгілі, сіздер жақсы білетін адам болады деп ойлаймын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ Президент жаңа құрылған орган Халық Кеңесінің функциясын түсіндіріп өтті. Тоқаевтың айтуынша, Халық Кеңесі Ассамблеяның атқарған қызметін одан әрі күшейтетін, көпфункционалды, жаңа саяси тетік болмақ.
«Жалпы, жоспарымыз өте ауқымды. Осыған дейін айтқанымдай, Қазақстан үлкен құрылыс алаңына айналуы керек. Әр облыс орталығында немесе аудандар мен қалаларда ірі құрылыстар жүргізіледі», – деп қосты Президент.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы Құрылтайдың Қазақстанның дамуына тың серпін беретініне сенім білдірді.