Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымын әскери альянс ретінде сипаттайтындарға жауап берді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанда ұйымдастырылған Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитінде сөз сөйледі.
Астана, NEGE. Президент өз сөзінде соңғы кезде Ұйымды әскери альянс ретінде сипаттайтын ой-пікірлер айтылып жүргенін, Қазақстан тарабы мұндай ұстанымды жоққа шығаратынын атап өтті.
«Олардың теріс пейілі бізге анық, мақсаттары – елдестіру емес екені де белгілі. Қазақстан ондай ұстанымды жоққа шығару керек деп санайды. Біз үшін түркі әлемінің бірлігін нығайту аса маңызды, кезек күттірмейтін басымдық.
Түркі мемлекеттері ұйымы – геосаяси жоба емес, әскери ұйым да емес. Бұл – бауырлас елдердің сауда-экономикалық, жоғары технологиялық, цифрлық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығын нығайтатын бірегей алаң», – деді Мемлекет басшысы.
Тоқаев бұл ұстанымның Қазақстан үшін маңызды екенін айтып өтті. Себебі бұл, Президенттің мәлімдеуінше, ұлттық мүдде тұрғысынан да тиімді.
«Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген аталы сөз – бәрімізге ортақ.
Түркі әлемі әрдайым тату болып, алға қойған мақсатынан ауытқымай, бірлесе дами беруі керек. Сондықтан бүгінгі басқосу тамыры бір, тарихы ортақ елдеріміздің ауызбіршілігін арттыра түсері сөзсіз», – деп түйіндеді ойын Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитіне қатысу үшін Түркістан қаласына барып, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевпен бірге Түркістандағы жаңа мешітті аралап көрді. Мешіт Өзбекстан басшысы Мирзиёевтің Түркістан тұрғындары мен қазақстандықтарға тартуы ретінде салынған.