Төрт адамды өлтірген Сұлтан Сәрсемәлиев өмір бойына сотталды

Атырау облысының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Сұлтан Сәрсемәлиевті бір отбасының төрт адамын өлтіргені үшін кінәлі деп танып, оны өмір бойына бас бостандығынан айырды.

qamqor.gov.kz

Астана, NEGE. Бұдан бөлек сот оны алаяқтық, ұрлық, мал ұрлау, құжаттарды заңсыз иемдену және жасыру баптары бойынша да кінәлі деп таныды.

Сот барысында айыпталушы Наурыз Мұқанғалиевті «қасақана өлтірді» деген айыппен келіспейтінін айтты. Оның сөзінше, екеуінің арасында ауызша жанжал туындап, кейін ол өзін-өзі қорғау үшін қылмысқа барған. Алайда сот бұл уәжді қабылдамады. Сонымен қатар Сәрсемәлиев өз жауабында қаза тапқандарды жазықсыз деп санамайтынын айтып, болған оқиғаны бұрынғы жұбайының туыстарымен арадағы ұзаққа созылған жанжалмен байланыстырды.

Тергеу деректері бойынша, төрт адамды өлтіргеннен кейін Сәрсемәлиев марқұмдардың малын сатып, банк карталарынан ақша шешіп, қайтыс болғандардың атына шамамен 4 миллион теңге көлемінде несие рәсімдеген. Сондай-ақ олардың атынан зейнетақы да алған.

Қылмыстарды жасағаннан кейін Сәрсемәлиев бұрынғы жұбайымен бірге шетелге кеткен. Сотталушы шетелге қашып кету үшін емес, «Құдайдан кешірім сұрау» мақсатында барғанын айтқанымен, тергеу оның елден кетуін қылмыстық жауапкершіліктен жасырыну әрекеті деп бағалады.

Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Еске салсақ, өткен жылы 25 желтоқсанда Атырау қаласының тұрғыны полицияға арызданып, ағасы мен оның отбасы мүшелерінің хабар-ошарсыз кеткенін мәлімдеген.

6 қаңтарда Атырау облысында хабар-ошарсыз кеткен ерлі-зайыпты – 1959 жылы туған Мақсот Қарабалин мен 1961 жылы туған Нәсіп Өтешқалиеваның мәйіттері ауылдағы үйінің қорасынан табылғаны хабарланды. Екі адамның өліміне отбасының күйеу баласы Сұлтан Сәрсемәлиев күдікті деп танылып, оған іздеу жарияланды.

Күдікті Сәрсемәлиев пен бұрынғы жұбайы Ақбаян Мұқанғалиева 24 ақпанда Индонезияның Ломбок аралында ұсталды. Олар 9 наурызда Атырауға жеткізілді.

Бұл ретте Ақбаян Мұқанғалиеваға қатысты қылмыстық іс тоқтатылды. Бұған дейін ол өз ата-анасы, бауыры мен әпкесінің аса ауыр қылмыс туралы хабарламағаны үшін күдікті деп танылған болатын. Қылмыстық кодекстің 434-бабы бойынша қозғалған іс қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтатылды.