Атырау облысында жоғалған отбасы: ерлі-зайыптының мәйіттері табылды
Атырау облысында бұған дейін хабар-ошарсыз кеткен ерлі-зайыптының мәйіттері табылды. Бұл ақпаратты облыстық полиция департаменті ресми түрде растады.
Астана, NEGE. Полицияның мәліметінше, Қызылқоға ауданы аумағында 1959 жылы туған Мақсот Қарабалин мен оның жұбайы, 1961 жылы туған Насипа Өтешқалиеваның денелері анықталған. Қазіргі уақытта оқиға орнында жедел-тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Аталған дерек бойынша 5 желтоқсанда Қылмыстық кодекстің «Адам өлтіру» бабы бойынша іс қозғалды. Полиция күдіктілердің жеке басы анықталғанын және оларды ұстау бағытында шаралар қабылданып жатқанын хабарлады.
«Күдіктілердің жеке басы анықталды. Қазіргі таңда оларды іздеу және ұстау мақсатында құқық қорғау органдары тиісті жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізуде»,– деп хабарлады облыстық ПД өкілдері.
Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының жазуынша, ерлі-зайыптылардың мәйіттері шаруашылық мақсаттағы құрылыс ауласында көмілген болуы мүмкін. Алайда бұл ақпаратты құқық қорғау органдары әзірге ресми түрде растаған жоқ.
Қазіргі таңда жоғалған отбасының тағы екі мүшесі — 1990 жылы туған Мейрамгүл Қарабалина мен 1993 жылы туған Наурыз Мұқанғалиевті іздеу жұмыстары жалғасуда.
Айта кетейік, 25 желтоқсанда Атырау қаласының тұрғыны полицияға арыз түсіріп, ағасы мен оның отбасы мүшелерінің бір айдан астам уақыт бойы хабарсыз кеткенін мәлімдеген. Содан бері жұмбақ күйде жоғалған отбасы мүшелері іздестірілуде.