Сұлтан Сәрсемәлиев балдызын «қасақана өлтірді» деген айыппен келіспеді
Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Мұқанғалиевтер отбасының төрт адамын өлтірді деп айыпталған Сұлтан Сәрсемәлиевке қатысты сот процесі жалғасып жатыр.
Астана, NEGE. Сотта айыпталушы Сұлтан Сәрсемәлиев кінәсін ішінара мойындағанымен, Наурыз Мұқанғалиевті «қасақана өлтірді» деген айыппен келіспейтінін айтты, деп хабарлады «Ақ Жайық» басылымы.
Оның сөзінше, ол өзін-өзі қорғау мақсатында әрекет еткен, өлім абайсызда болған.
«Сұлтан Сәрсемәлиев Мақсот Қарабалинге қасақана 9 рет, Нәсипа Өтешқалиеваға 8 рет, ал Мирамгүл Қарабалинаға 32 рет пышақ жарақатын салғанын мойындады», – деп жазады басылым.
Сондай-ақ ол ұрлық, алаяқтық және құжаттарды заңсыз иемдену баптары бойынша да кінәсін мойындаған. Айыпталушының айтуынша, ол бұл әрекеттерді қылмыс ізін жасыру үшін жасаған.
Еске салсақ, өткен жылы 25 желтоқсанда Атырау қаласының тұрғыны полицияға арызданып, ағасы мен оның отбасы мүшелерінің бір айдан астам уақыт бойы байланысқа шықпағанын хабарлаған. Бұл дерек бойынша Қылмыстық кодекстің «Адам өлтіру» бабы бойынша іс қозғалды.
6 қаңтарда Атырау облысында хабар-ошарсыз кеткен ерлі-зайыпты – 1959 жылы туған Мақсот Қарабалин мен 1961 жылы туған Насипа Өтешқалиеваның мәйіттері ауылдағы үйінің қорасынан табылды. Екі адамның өліміне отбасының күйеу баласы Сұлтан Сәрсемәлиев күдікті деп танылып, оған іздеу жарияланды.
Күдікті Сәрсемәлиев пен оның бұрынғы жұбайы Ақбаян Мұқанғалиева 24 ақпанда Индонезияның Ломбок аралында ұсталды. Олар 9 наурызда Атырауға жеткізілді.
Күдікті қылмысын мойындағаннан кейін қалған екі мәйіттің қай жерде көмілгенін көрсеткен. Жедел қызметкерлер оның айтқан жері – Геолог ауданында бұрын жалдап тұрған үйінің ауласын тексеріп, Наурыз бен Мирамгүлдің денесін тапты.
18 мамырда Атырауда Сұлтан Сәрсемәлиевке қатысты сот процесі басталды. Оған бұрынғы әйелі Ақбаян Мұқанғалиеваның ата-анасын, інісі мен сіңлісін өлтірді деген айып тағылып отыр. Сонымен қатар марқұм болған отбасының малын сатып, әйелімен Индонезияға қашып кеткені және қаза болған адамдардың атынан туыстарымен хат алмасқаны үшін ұрлық және алаяқтық баптарымен іс қозғалған.
Сотта прокурор Мирас Бауыржанов айыптау актісін оқып, қылмыстық әрекеттер қашан және қалай жасалғанын егжей-тегжейлі баяндап берді.
Айта кетейік, қаза тапқан отбасының қызы Ақбаян Мұқанғалиеваның бұл қылмысқа қатысы жоқ деп танылды.